Basty bet
«Ұстаз парасаттылығымен танылуы керек»
бұл - ұлағатты ұстаз Дәулетжан Жамалбекұлының өмірлік ұстанымы
«Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға» дейді қазақ халқының дана ойшылы Абай Құнанбайұлы. Абай айтқан асыл сөздің қанша замандар алмасса да маңызы да, мәні де жоғалмайтыны рас. Әйтпесе Алаштың асыл перзенті, сыршыл ақын Мағжан Жұмабаев ұлы ақынға қаратып: «Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес, бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес» деп жүрекжарды жырын арнамас еді ғой. Қайран, қазақтың асыл ұлдары-ай…
Шын мәнісінде ұстаздық еткендердің баладан жалыққанын көргеніміз жоқ. Ұстаздық еткендердің саналы шәкірттерімен мақтанғанын талай ортада байқағанбыз. Қасиетті Жуалы ауданында ағарту, білім беру саласына бүкіл саналы ғұмырын арнаған азаматтар саусақпен санарлық десе де болады. Әйтпесе, не көп, мұғалім көп, бірақ шын мәнінде парасаттылығымен ұстаздық биік дәрежеге жетіп, ел алғысына бөленген айтулы азаматтар аз. Сондай «ұстаздар шоғырының» арасында «Қазақ ССР кәсіптік-техникалық білім беру ісінің озық қызметкері», Жуалы ауданының Құрметті азаматы Дәулетжан Байдалиевтың де есімі құрметпен аталады. Шын мәнінде аудан жұртшылығы ұлағатты ұстаз, өлкетану саласының терең білгірі Дәулетжан Жамалбекұлын ең алдымен талай талантты шәкірттің томағасын сыпырған ұстаз деп таниды. Біздің кейіпкеріміз ұстаздық етіп қана қойған жоқ, ұстаздық ете жүріп өлкетану ісімен де дендеп айналысты. Жуалы ауданындағы жер-су атауларын қайта қалыпқа келтіріп, айналымға қосудағы ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, осыдан екі жыл бұрын ауданның Құрметті азаматы, сонымен қатар, «Үздік өлкетанушы» атағына ие болғаны да бар.
«Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген халық даналығына сүйенер болсақ, баланың жақсы адам болмағы һәм азамат болып қалыптаспағы ең алдымен оның ата-анасына, отбасындағы тәрбиеге тікелей байланысты. Дәулетжанның әкесі Жамалбек Байдалиев пен анасы Ұлбосын Досанқұлқызы ағарту саласында жарты ғасырдан астам еңбек еткен ұлағатты ұстаздар.
-Әкем Жамалбек 1916 жылы ауданға қарасты Амансай ауылында туған екен. Бұрын ата-бабаларымыз Ақсу-Жабағылы тауының етегінде шағын ауыл болып отырған. 1912 жылы сол тұстан теміржол салынатын болған соң бұл ауыл қазіргі Амансай ауылы тұрған аймаққа көшіп келіп, орнығып қалады. Әкем алты ағайынды еді. Содан ол уақытта қиын-қыстау кезеңдер бірінен соң бірі өтіп жатады. Сол тұста Бурнооктябрск ауылында ауыл шаруашылығы техникумы болған. Одан бөлек, «Каучукпромхоз» деп аталатын рәзіңке өндіретін өндіріс орны да жұмыс істеп тұрған. Әкем сонда оқып жүріп, Комсомол қатарына өтеді. 1938 жылы әскер қатарына алынып, Түркіменстанның Кушка қаласының маңында азаматтық борышын өтеп, елге қайтатын уақытта Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Майданда бір жылдай болып, Смоленск түбінде жараланып, елге қайтарылған.
Әкемнің еңбек жолы бұрынғы Талдыбұлақ жетіжылдық мектебінде басталып, онда математика пәнінен сабақ береді. Кейіннен Кеңес, Талапты орта мектептерінде директор, бірер жыл аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Ал анам бастауыш сыныптарға сабақ берген. Әкем де, анам да соғыстан кейін пединститутты оқып бітірген. Жамалбек Байдалиев ауданда қазақ орта мектептерінің алғаш ұйымдастырушысы болған кісі. Әкем Талапты орта мектебінде директор болған жылдары, дәлірек айтсам, 1950 жылы аталған ауылда мен өмірге келген екенмін. Әкем 1954 жылы бұрынғы Бірлік ауылына мұғалім болып барып, одан кейінгі жылдары қазіргі Шақпақата ауылындағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектепке (бұрынғы С.Киров атындағы ОМ) директордың орынбасары болып орналасып, содан осы ұжымда еңбек етіп, 1985 жылы 52 жыл еңбек өтілімен құрметті зейнет демалысына шыққан болатын. 1996 жылы 80 жасқа қараған шағында дүнеиден өтті.
«Жақсының көлеңкесі де жақсы» дегендей, әкем оқу-ағарту саласында еңбек ете жүріп, көптеген игі жақсылармен, оның ішінде ауданға белгілі ұстаздармен жақын араласты. Атап айтсам, аты ауданға белгілі ұстаздар болған Райыс Дүйсебаев, Сабыралы Нарбаев, Сатыбалды Нұртаев, Сәрсенбай Бейсалиев т.б. азаматтармен үзеңгілес, қызметтес болды.
Жанұямызда аға-әпкелерім, іні-қарындастарым бар. Көпбалалы отбасында өстік. Анам Ұлбосын 10 баланы өмірге әкеліп, тәрбиелегені үшін «Батыр ана» атағын алған. Біздің отбасымызды жақын араласатындар «ұстаздар жанұясы» деп біледі. Іні-қарындастарымның біразы әкеміз бен анамыздың жолын қуып, мұғалімдік жолды таңдап, қазір олар жоғары санатты ұстаздар,- дейді Дәулетжан Жамалбекұлы.
Дәулетжанның балалық шағы әйгілі ақбас Алатау мен Құлантаудың түйіскен тұсында орын тепкен Амансай деп аталатын шағын ғана ауылда өтті. Табиғаты Жуалыға ғана тән көркем жерде туып-өскен баланың арманшыл болмауы мүмкін де емес сияқты. Бала Дәулетжан 1958 жылы бұрынғы Кременевка селосындағы С.Киров атындағы орта мектептің табалдырығын атайды. Талапты баланың бағына қарай оған білікті де білгір ұстаз Салыбек Досаев сабақ беріп, баланың қабілетін байқаған Дәулетжанды сурет және қолөнерге баулиды.
-Салыбек ағай Ұлы отан соғысына қатысқан өте білімді, өмірден көргені мол кісі еді. Төрт пәнге төрт түрлі әдіспен сабақ беретін. Әр баланың қабілеті мен икеміне қарай бірін сурет пен қолөнерге үйретсе, енді бірін шаңғы тебуге, спорттың басқа да түрлеріне баулыды. Менің сурет өнерімен айналысуыма Салыбай ағайдың ықпалы зор болды.
Бала кезде екі арманым болды. Біріншісі – суретші болу, екінші әдебиетші болсам деп армандадым. Бүгінде аты елімізге белгілі суретші Нұрлан Шилібайұлымен бір сыныпта оқыдым. Ол жылдары «Художник» деп аталатын журналды жаздырып алып, оқитынбыз. Кейіннен Нұрлан көркем сурет саласына кетті де, мен Ванновкадағы гидромелиоративтік техниукумға түсіп, оны 1971 жылы үздік бітірдім. Кейіннен Жамбыл гидромелиоративтік институтын аяқтадым. Содан Ынтымақ ауылының арғы жағындағы «УМСХ-57» училищесіне өндіріс шебері болып жұмысқа қабылданып, онда 25 жылдай жұмыс ітедім. Аға оқытушы, директордың орынбасары, директор қызметтерін де атқардым,- дейді Д.Байдалиев.
1996 жылы облыс басшылығының шешімімен техникалық училищелер жабыла бастады. Оған дейін бұл училищеде жемісті жұмыс жасаған Дәулетжан Жамалбекұлы 24 мыңнан астам маманды даярлауға өз үлесін қосты. Мұнда негізінен токарь, механизатор, тракторшы, т.б. ауыл шаруашылығына қажетті мамандықтар даярланатын. Осында ұзақ жыл шәкірт тәрбиелеп, тер төккен Д.Байдалиевке «Қазақ ССР кәсіптік-техникалық білім беру ісінің озық қызметкері» атағы берілген.
Училище жұмысын біржолата тоқтатты. Білікті маман жұмыссыз дағдарып қалған жоқ. 1996 жылы бұрынғы Крупская атындағы орта мектепке (қазіргі Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия) жұмысқа шақырылады. Мұнда оны мектеп директоры Әбілқасым Ергебеков аттай қалап алдырды. Дәулетжан Байдалиев бұл білім ошағында да жемісті жұмыс жасады. Технология пәнінен сабақ бере жүріп, аталған пәннен аудан мектептеріне арнайы бағдарлама жасады. Бұл аудан мектептері үшін үлкен жаңалық болды. Ұлтжанды азамат елімізде кенжелеп қалған өлкетану ісінің жандануына көп еңбек сіңірді. Алғаш болып мектептегі тарих кабинетінен шағын музей ашып, оны жергілікті тұрғындардың, оқушылардың көмегімен жабдықтады. Қысқаша айтқанда, өлке тарихын насихаттауға сүбелі үлес қосты. Қашанда ұстаз ұстаздың көмекшісі. Ұлағатты ұстаздың байыпты бастамаларына мектеп басшысы, ұалағатты ұстаз Әбілқасым Ергебеков әрдайым қолдау көрсетіп отырды.
Ұлт тарихына бей-жай қарамайтын әрі тарихи тұлғалардың да өмірін біркісідей білетін, олардың өмір және еңбек жолдарын насихаттап жүретін ұстаз Дәулетжан Жамалбекұлы өзі қызмет істеген білім ошағына қазақтың таутұлғалы кемеңгер ұлы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімін алып беруге де елеулі еңбек сіңірген айтулы азамат.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді халық даналығы. Ұстаз қашанда шәкірттерінің жүрегінде ұстаз болып қалады. Ұлағатты ұстаз Д.Байдалиевтың еңбек жолын алып қарасақ, «УМСХ-57» училищесінде 25 жыл, ал одан кейін №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда 15 жылдай жемісті қызмет етті. Осы жылдар аралығында оның ұстаздық және азаматтық қырлары да жарқырай көрінді деуге болады. Дәулетжан Жамалбекұлының асыл жары, марқұм Алмагүл Есенбекова да педагог болатын. Ұлағатты ұстаздардың отбасында тек ұстаз болуды армандайтын ұл мен қыздың өсетіні заңдылық. Тұңғыш қызы Шынар әке жолын таңдап, мұғалім болды. Қазір аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда бастауыш сыныптарға сабақ беретін жоғары санатты ұстаз. Ұлы Дархан да бірер жыл аталған мектепте тарих пәнінен шәкірт тәрбиелесе, қазіргі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде қызмет етеді. Бірнеше ғылыми монографиялық жинақтардың, өлкетануға арналған кітаптардың авторы. Ғылыми атағы педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент. Университеттің педагогика кафедрасының меңгерушісі. Қазақстан журналистер одағының мүшесі. Әкелі-балалы ұстаздар Жуалы өлкесінің тарихы, жер-су атаулары, сонымен қатар, жұлдызы биік қасиетті өлкеден шыққан батырлар және айтулы тарихи тұлғалар, генералдар, еңбек озаттары жайында бірнеше кітаптар жазған. Ал бұл отбасының кенже ұлы Дидар ішкі істер саласын таңдап, қазіргі таңда аудандық полиция бөлімінде жауапты қызметте.
Саналы ғұмырын білім беру, ағартуға арнап келе жатқан ұлағатты ұстаз Дәулетжан Байдалиевтың еңбегі елеусіз емес. Есімі «Ұлағатты ұстаздар», «Білімнің жаққан шырағын» атты жинақ кітаптарға енгізілген. Облыстық, аудандық деңгейде алған марапаттары бір төбе болса, 2017 жылы өлкетану ісіне сіңірген еңбегі үшін сол тұстағы еліміздің мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қолынан «Үздік өлкетанушы» төсбелгісін алды. Одан бөлек, Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының «Отан патриоты», сонымен қатар, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» және республикалық ардагерлер ұйымының мерекелік медальдары ұлтжанды азаматтың еңбегіне берілген лайықты баға. Сонымен қатар, ерекше атап өтерлігі, 2018 жылы аудан басшылығы ұстаздың білім саласына сіңірген еңбегін жоғары бағалап, «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағына Дәулетжан Жамалбекұлын лайық деп тапқан болатын. Әлбетте, бұл марапаттар өз кезегінде ұстаздың мерейін тасытатыны сөзсіз.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, Дәулетжан Жамалбекұлының немерелері де білім мен өнер жолын таңдап, өсіп-жетіліп келеді. Үлкен немересі Аңсар О.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатына биылғы жылы оқуға қабылданса, ал Санжар өнер жолында бағын сынап жүр. Екеуі де бірнеше дүркін республикалық ғылыми жобалар байқауы және ән конкурстарының жеңімпазы.
«Жігітке жеті өнер де аз» деген. Дәулетжан Жамалбекұлының әдебиетке де жаны құмар. Қолына қауырсын қаламды алып, өлең жазып, өмірден көрген-түйгендерін қысқа тұжырымдармен қағазға түсіргенді ұнатады. Оның туған өлке тарихына қатысты жазылған жинақтарынна бөлек «Күзгі шуақ» атты жыр жинағы, сонымен қатар, «Ұстаз ғибраты» деп аталатын шағын кітабы жарық көрген. Қазіргі таңда «Жуалы – генералдар мекені», «Тарихи тұлғалардың ізі қалған қасиетті Жуалы» деп аталатын жинақтарды баспаға дайындау үстінде. Зейнет демалысына шықса да еңбектен қол үзбей, аудандық тарихи-өлкетану музейінде ғылыми қызметкер болып жұмыс жасап келеді.
– Азды-көпті аудан көлемінде ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиеледім. Менің өмірлік ұстанымым – ұстаз парасаттылығымен танылуы керек деп есептеймін. Тәрбиенің басты көзі – еңбекте. Еңбекпен көгерген адам ешқашан жаман болмайды. Мен ұстаздық ете жүріп, тәлім-тәрбие берген шәкірттерімнің бойына осындай үлгі-өнегелерді сіңірдім деп ойлаймын. Еңбегімді оқытқан шәкірттерім, жерлестерім бағалап жатыр. Барлығына алғысым шексіз. Тәуелсіз еліміз өркендеп-өсе берсін. Жастарға тәлім берерлік иманды, парасатты ұстаздардың қатары көбейсін,- деп әңгімесін аяқтады ұлағатты ұстаз.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»