Basty bet
Табысқа толы жыл
Өтіп бара жатқан 2019 жыл біздің газет ұжымы үшін табысты, мерейлі жыл болды. Себебі, газет маусым айында 85 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтті. Оған аудан басшылары мен газет жанашырлары, қалың оқырман атсалысты.
Сонымен бірге неше жылдан бері үлкен мәселелеріміздің біріне айналып жүрген көлік мәселесі де аудан басшысының қолдауымен шешіліп, заман ағымына сай көлікті болдық.
Редакция қызметкерлері де жемісті еңбектері еленіп, көптеген марапаттарға ие болды. Облыстық байқаулардың жеңімпазы атанды.
Жыл соңында тағы да бір қуанышты жаңалықтар болды. Яғни, газетіміздің байырғы қызметкері, ауданымыздың тумасы бүгінде республика көлемінде танымал журналист Қасым Әзімхан ағамыз Тәуелсіздігіміздің 28 жылдығы қарсаңында еліміздің ұлттық баспасөзіне қосқан үлесі үшін ҚР Мемлекеттік «Құрмет» орденімен марапатталды.
«Құқықтық Қазақстан» газетінің бас редакторы Қасым Әзімхан өзінің журналистика саласындағы алғашқы еңбек жолын Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінде корректорлықтан бастаған.
Бүгінде елімізге танымал қаламгер Қасым Әзімханұлы көп жылдар республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде бас редактордың орынбасары, «Егемен Қазақстан» газетінде аға тілші, республикалық «Заң» газетінде бас редакторлық қызметтерді атқарған.
Қазіргі кезде ҚР Бас Прокуратурасының бастамасымен ашылған республикалық «Құқықтық Қазақстан» газетінде бас редактор болып қызмет етуде.
Қасым Әзімхан Қазақстанның «Құрметті журналисі», Қазақстан журналистикасының қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының және бұрынғы КСРО Журналистер одағының мүшесі, халықаралық журналист. «Тұлға», «Мұстафа Өзтүрік», «Ғибратты ғұмыр» және тағы да басқа кітаптардың авторы.
Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығы, 20 жылдығы, 25 жылдығы және ҚР Конституциясының 20 жылдығы мерекелік медальдарының, сондай-ақ прокуратура саласында «Сүлеймен Есқараев – тұңғыш прокурор» мерекелік төсбелгісінің, сонымен қатар көптеген грамоталар мен Алғысхаттардың иегері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы.
Әріптесімізді осынау үлкен марапатымен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына бақ-береке, жұмысына табыс тілейміз!
Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ауданымызда өткен салтанатты жиында сонымен бірге газетіміздің 1994-2016 жылдар аралығындағы редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мейірбек Мәтен ағамыз бен газетіміздің ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Гүлмира Дембаева да үлкен марапатқа ие болды. Яғни, Мейірбек Мәтен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталса, Гүлмира Махамбетқызы облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Сонымен бірге газетіміздің жанашыры, тұрақты оқырманымыз, ақын Ілияс Ахметов ағамыз да «Жуалы ауданының Құрметті азаматы атағын иеленді.
Барша әріптестерімізді марапаттарымен құттықтаймыз.
Бұл марапаттар осы аға-әпкелеріміз арқылы барша қаламгерлерге көрсетілген құрмет деп түсінеміз.
Марапаттарыңыз тағы да құтты болсын!
Перизат Шымыртайқызы
Суреттерді түсірген
Сіәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»