Basty bet
Барлығы балалардың игілігі үшін!
Орталық саябақтың сатанатты ашылуы балалардың жарқын мерекесіне арналды
Баланы бауыр еті, жарқын болашағы, елдің келешегі деп білетін халқымыз үшін жыл сайын маусым айында келетін Балаларды қорғау күні мерекесінің мағынасы ерек. Себебі, бақытын басқадан емес, өз баласынан іздейтін елімізге бұл жарқын мереке жарасып-ақ тұр. Әлбетте, балалар мерекесін атап өту керек. Ол сөзсіз. Тіпті, оны мемлекеттік мейрамдар қатарына қоссақ та артық емес. Біздің байқағанымыз, ел өңірлерінде балалар күні мерекесі жыл сайын жаңа форматта өткізіліп, жаңаша бағыт алып келеді. Бұл ретте халық көп жиналатын орындарда қызықты іс-шаралар ұйымдастырылып, ойын-сауық алаңдарында бүлдіршіндерді түрлі бағытта дамытуға көп көңіл бөлінуде.
Биыл 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі аудан көлемінде бірқатар маңызды іс-шаралармен атап өтілді. Оның ең негізгісі ретінде ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылындағы Орталық саябақтың салтанатты ашылуын айтуға болады. Бұл шешімнің де символикалық мәні бар.
Алдын ала дайындыққа сәйкес, орталық саябақтың аумағында балалардың ойын-сауығына, ауыл тұрғындарының мерекелік концертті тамашалауына қолайлы жағдайлар қарастырылған. Саябақтың бір шетінде түрлі ойын алаңдары (батут, әткеншектер, т.б.) орналастырылса, ал орта тұста сурет салуға және кітап оқуға, жалпы балалар шығармашылығын дамытуға бағытталған алаңдар жұмыс жасауда.
Кеше балалардың жарқын мерекесіне орай орталық саябақтың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мерекелік бағдарламада балаларға арналған концерттік бағдарламадан бөлек, «Мейірімділік – балаларға!» деп аталатын аудандық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері мен үкіметтік емес ұйымдардың демеушілігімен қайырымдылық іс-шарасы, «Менің арманым» атты балғын суретшілер байқауы, «Үйірменің үйретері мол…» атты балалар шығармашылығын дамыту алаңы, «Таңғажайып әлем», «Кітап әлемінде» және «Спорт әлемінде» алаңдары мерекеге жиналған барлық баланы қамтыды деп айтсақ, артық айтпаймыз.
Балаларды қорғау күні мерекесінің ашылуында аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Жабағы сөз сөйледі. Асхат Базарбайұлы өз сөзінде, ел өмірінде және мемлекет үшін аталған мерекенің маңызды екенін баса айтып, ел болашағы және үкілі үмітіміз болған бүлдіршіндер мен балауса балғындарға жарқын болашақ, жалпы жиналған көпшілікке жақсылық пен ізгілік тілейтінін құттықтау сөзбен жеткізді.
Жарқын мерекеге орайластырылған іс-шара ары қарай концерттік бағдарламамен өз жалғасын тапты. Мерекелік шара барысында негізінен аудан орталығында және орталыққа жақын бөбекжай-балабақшалардың бүлдіршіндері өнерлерін ортаға салды. Орталық саябақтың сахнасында қойылған әрбір қойылым және билер, сонымен қатар, шырқалған әндерді тыңдаған көрпшілік бүлдіршіндердің бал тілдерінен тамған саф өнерді тамашалауға мүмкіндік алды деуге болады.
Атап айтқанда, «Аягүл» бөбекжай-балабақшасының бүлдіршіндері шулы аспаптар оркестрінен концерттік нөмір көрсетіп және қыз бен жігіттің айтысын, «Асық ату» биін биледі. Ал «Шапағат» балабақшасының балалары «Аспаптар» әнін, «Бипыл» халық әнінің әуенімен би билеп, «Алтын сақа» халық ертегісінен қызықты көрініс көрсетті. Одан кейін «Топжарған» оқу орталығының өнерлі оқушыларымен қатар, №1, №5 «Балдырған», «Мөлдір бұлақ», «Балажан», «Нұрлы ұрпақ», «Әсем достар» және «Еркем-ай», «Балбөбек» бөбекжай-балабақшаларының бүлдіршіндері өнердің бірнеше түрінен дайындапан концерттік нөмірлері мен композициялық қойылымдар көрермен назарына жоғары талғаммен ұсынылды.
Шара соңында мерекеде белсенділік танытқан балабақшалардың барлығы аудан әкімінің Алғысхаттарымен марапатталып, мекеме басшыларына арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Балалар қуанса, әлем қуанады. Мерекеге орай ашылған саябаққа ағылған бүлдіршіндер мен балғындардың қуанышында шек жоқ. Бірі концерт тамашаласа, бірі әткеншекте тербеліп, енді бірі батутта секіріп мәз-мейрам. Жалпы балалар күніне арналған жарқын мереке көпшіліктің көңілінен шыққаны анық.
Орталық саябақта балаларға арнап ұйымдастырылатын маңызды іс-шаралар жаз бойына жалғаспақ. Әлбетте, барлығы балалардың игілігі үшін!
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»