Basty bet
Жерлестеріміз «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атанды
Қасиетті Жуалы топырағынан түлеп ұшып, халыққа кеңінен танымал болған жазушылар мен журналистер жетерлік. Сол санаулы саңлақтардың көш басында даңқты қолбасшы, жауынгер жазушы, әскери әдебиеттің негізін қалаушы Бауыржан Момышұлы және Халық жазушысы, көсемсөз шебері Шерхан Мұртаза тұрса, олардың ізін жалғастырып келе жатқан қаламдас інілерінің де әдебиет пен көсемсөзде шоқтығы биік.
Мұны айтып отырған себебіміз, жуырда Қазақстан Жазушылар одағында «Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдығына байланысты барлығы 10 жазушы «Қазақстанның Құрметті жазушысы» төсбелгісіне ие болды. Сол топта жерлестеріміз Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшелері Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы, өнертанушы Зейнеп Ахметова, жазушы, режиссер, Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының Бас директоры, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Доқтырхан Тұрлыбек, «Жыл – он екі ай» журналының Бас редакторы, «Толғанай-Т» баспасының директоры Талғат Айтбайұлы және белгілі сатирик-жазушы Толымбек Әлімбекұлы бар.
Олардан бөлек, «Қазақстанның Құрметті жазушысы» төсбелгісін иеленгендердің қатарында елге белгілі ақын-жазушылар – Байбота Қошым-Ноғай, Нұртас Исабаев, Жұмат Тілепов, Ғұсыман Жандыбаев, Асылан Жақсылықов және Марат Тоқашбаев сынды саңлақтар бар.
Әдебиет пен ұлт руханиятына көп жылдан бері елеулі еңбектерін сіңіріп келе жатқан жерлес жазушылар – Зейнеп Ахметова, Доқтырхан Тұрлыбек, Талғат Айтбайұлы мен Толымбек Әлімбекұлы сынды апа-ағаларымызды марапатымен құттықтаймыз! Жерлестері оларды әрдайым мақтан тұтып, жастарға үлгі-өнеге етіп, шығармаларын кеңінен насихаттап отырады. Марапат иелеріне мол шығармашылық табыс тілейміз!
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
журналист