Basty bet
Аяласаң, табиғатты аяла!
«Туған жерім – Мыңбұлақ, арналы Ақсай,
Ішсем суың татиды шекер, балдай!».
Бауыржан Момышұлы.
«Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер» деп Мұқағали ақын жырға қосқандай, ұлан-ғайыр атырапты алып жатқан қазақ жерінің қай сахарасы болсын қасиетті. Бұл туралы талай-талай дастандар мен толғаулар жазылған. Әлі де жазыла береді. Сондай бір құйқалы, шөбі шүйгін, топырағы май өлкенің бірі – Жуалы жері десек, әсте қателесе қоймаспыз. Есте жоқ ескі замандарда Асан қайғы бабамыздың осынау қасиетті жерге табаны тиіп, киелі өлкенің табиғаты туралы толғағанын әлі күнге ұрпақтардың қаншама буыны жыр ғып айтып келеді. «Басқаның бәрін қисаң да, Жуалыны қимайсың. Өңгеріп алып кетер ем, ат сауырына сыймайсың» деп Жуалы өлкесіне тамсануы да бекер емес сияқты.
Қасиетті топырақта дүниеге келіп, түлеген тұлғалардың да осал болмайтынын енді түсінген боларсыз. Атап айтқанда, Қазақ хандығы тұсында, одан кейінгі аласапыран замандарда атамекеннің қарыс жерін дұшпанның аяғына таптатпай, ел мен жерді жаудан қорғап, ұрпақтарына аманат етіп қалдырған батыр бабаларымыз қаншама?! Одан кейін де бұл қасиетті топырақ Алаш жұртына Бауыржан Момышұлындай қаһарманды, Шерхан Мұртазаұлындай дара дарынды, оннан астам жұлдызы биік генералды, даңқты спорт саңлақтарын сыйлады. Олар бүгінде Жуалының жұлдызын биікте жарқыратып, даңқын асқақтатып келеді.
Қасиетті Жуалы жерінің әсем табиғаты туралы қалам тербеген жерлесіміз, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы дәл осылай басталады. Мұны да туған жерге деген тағзым деп түсінген жөн сияқты.
«-Сен қайдан келдің? –дегенде, бір данышпан:
-Мен балалықтың елінен келдім, –деген екен.
Ересектер де сол «балалықтың елінен» келмеген ешкім жоқ.
Анадан ешкім сақал-мұртымен тумайды.
Мен де солардың бірімін.
Анамның аты Айша еді.
Аз ба, көп пе, алпыстан астым.
Аз ба, көп пе, ірілі-уақты кітап жаздым.
«Халық жазушысы» атандым. Жазғанымның бәрі алтын дей алмаймын. Бірақ солардың көбі және дәмділері тек балалық шақтың нәрінен, балауса балғын шақтың әсерінен туған. Өсе келе, көпті көрдім, дүниенің шартарабын араладым. Бірақ соның бәрі мені балалық шағымдай байыта алмады.
Парижде болдым, Париж түсіме кірмеді.
Мысырда болдым, Мысыр түсіме кірмеді.
Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым.
Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркте болдым, олар да түсіме кірмеді.
Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым, оны да түсімде көрмедім.
Түсімде ылғи балалық шағымды көремін.
Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін.
Түсімде ылғи туған үйімді көремін.
Түсіме ылғи Айша кіреді. Мұртаза түсіме сирек кіреді, өйткені ол кеткенде, мен бес-ақ жаста едім. Елесі еміс-еміс қана.
Егде тартқанда бүгін көргенің ертең естен шығады.
Ал енді бала кезде көргенім, естігенім бүгінгідей әлі есімде. Ендеше, текке күшене бермей, соны неге жазбаймын? Ата-бабамның, Айшаның аруағы жар бола көр!» деп қолыма қалам алдым» дейді Шерағаң.
Шерағаң қара сөзбен жырлаған қасиетті Мыңбұлақ өлкесі, оның ішінде Ақсай, Көксай, Ақсу-Жабағылы бәрі-бәрі өз орнында. Тәңіртау да бұрынғы қалпынша асқақ. Тіршілік атаулыға тауға тән тәкаппарлықпен қарайды. Бауырында Көксай, Ақсай өзендері ақ көбігін аспанға шашып, долдана ағып жатыр. Олар бастауын тау шыңдарындағы мұздықтардан алады.
Түнеукүні біз де Ақсай шатқалына арнайы барып, бір күн бойы тұмса табиғаттың аясында болғанбыз. Жанымызда Шерағаңның қаламдас рухани інісі әрі ауылдасы, Қазақстан журналистикасының қайраткері» төсбелгісінің иегері, бүгінде Жамбыл облыстық «Ақ жол» қоғамдық-саяси газеті Бас редакторының орынбасары Ақылжан Мамыт жол бастап жүрді. Таңертең Көлбастаудан шыққан қос көлік қара жолдың шаңын бұрқыратып Ақсайға қарай зулап келеді. Орта жолға жеткенде алдымыздағы «Нива» көлігі тоқтады. Ақылжан аға осы маңда Әулиетас бар екенін айтты. Тастың жанына барған соң Құран оқыды. Тастың тарихына да аз-кем тоқталған еді.
-Бұл тасты жергілікті жұртшылық Түйетас немесе Әулиетас деп атайды. Бала көтермеген немесе нәрестелері шетіней берген әйелдер осында келіп түнеп, шырақ жағып, тастың қасиетіне сыйынатын болған. Өткен ғасырда осында көшіп келген переселендер қасиетті тасты диірменнің тасына пайдаланбақ мақсатында бөліп алмақшы болып әр жерінен сына қаққан. Содан әлгі орыс сол күні Көлбастаудағы үйінде белгісіз себеппен қайтыс болған екен. Бұл сол уақыттан бері бұл алып тас Әулиетас қасиетті саналады,- дейді Ақылжан аға. Сонымен бірге, Ұлы Отан соғысы басталар тұста бұл тастан боздаған дауыс шыққанын да көзімен көріп, құлағымен естігендер бар екенін айтады.
Сәлден соң Ақсай шатқалының аузына келіп жеттік. Шатқалдан сәл төменіректе «Ақсай» су каналының аңғарына жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан техникалар көрінеді. Одан арырақта көкпеңбек шалғын, мал жайылымы. Жылқы мен ірі қаралар таудың шүйгін шөбіне емін-еркін жайылып жүр. Қанша дегенмен, бұл аймақтың шөбі малға құнарлы. Арық малдың өзі аз күнде-ақ қоңданып шыға келеді.
Ақсай өзенінің сағасындағы тегіс алаңқайда «Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінің тұқымбағы орын тепкен екен. Мұнда негізінен қарағай, шырша ағаштарының көшеттері өсіріледі. Тұқымбақтың басында жұмыс жасап жатқан мекеме қызметкерлерін кездестірдік. Сирек кездесетін ағаш тұқымы осында өсіріліп, кейіннен тиісті орындарға егілетін көрінеді.
Ақсай шатқалынан тауға қарай өрлеп жүре берсеңіз «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының аумағына кіресіз. Мұндағы Ақсай-2 айналымында бір жылдан бері мемлекеттік инспектор болып жұмыс істейтін Бораш Сейітқасымов шатқал аумағында өсімдік пен аң-құстың бірнеше түрі кездесетінін айтады.
-Ақсай шатқалы Алатаудың бауырында орналасқандықтан мұнда ауа райы өте салқын. Өсімдіктер енді-енді гүлдеп, жеміс салып жатыр. Бұл жерде аң мен құс, өсімдіктердің саналуан түрі кездеседі. Өсімдіктер дүниесі туралы айтар болсам, долана, бөріқарақат, тау шиесі, қайың, шырша, арша, сонымен қатар, ағаштың бірнеше түрі кездеседі. Гүлдерден бәйшешек, қызғалдақ тағы басқалары өседі. Аңдардан тауешкі, қасқыр, түлкі, қоян, борсық мекендейді. Мемлекет қорғауына алынған аң-құстарды сұқ көзден қорғаймыз. Қазіргі таңда аң-құстарды атуға заңмен тыйым салынған. Олай болған жағдайда, қылмысқа барған азамат көп мөлшерде айыппұл төлейді.
«Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының басшылығы мұнда аптасына бір рет келіп, жағдаймен танысып отырады. Жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Бір ат мініске берілген, жем-шөппен қамтамасыз етіледі. Үй бар, отын-суымыз жеткілікті.
Айналымның жалпы көлемі 1086 гектар. Қазір біздің тұрған жеріміз Ақсай шатқалы деп аталады. Ары қарай Қожабексайы, Жуалыбет деп аталатын жерлер бар. Күншығысымызда Көксай, батысында Тобышақты сайлары орын тепкен. Таудың бір ерекшелігі, лезде күн бұлттанып, жауын жауып кетеді. Қыста қар қалың жауып, 30-35 градусқа дейін аяз болады. Таудың негізгі табиғи еркешелігі осы,- дейді Бораш Жамалбекұлы.
«Адамзаттың табиғатсыз күні, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» демекші, адамзат пен табиғат егіз. Ақсай шатқалында болғанда біз де табиғат анадан ерекше күш-қуат алғанымызды сезіндік. Шатқал ішінде ағаштың бірнеше түрін кездестірдік. Өзен аңғарының екі жағы да тік құлама болып келеді екен. Жазықта шөп пен гүлдің неше түрі бар. Жуаның қалың шыққан жерлері де бар мұнда. Қорықшылардың айтуынша, жуаны мамыр айының басында ғана жеуге болатын көрінеді. Көбелек пен аралар да гүлден шырын жинауда.
Ақсайдың арқыраған суын айтсаңшы. Судың ағынының қатты болғаны соншалықты онша-мұнша аттылы адамды ағызып әкетеді. «Ақсай» каналының басына да барып көрдік. Одан арыда су ағызып әкелген үлкен-үлкен тастар жатыр. Ақ көбіктеніп, аспанға шапшып ағып жатқан су тастай суық. Ақсайдың суы демекші, Ақылжан ағаның айтуынша, бұрынырақта екі аяғынан сал болып қалған адамды емшілер осы тау суымен емдегенін үлкен кісілерден естіген екен. Осыдан кейін ол Ақсайдың табиғаты туралы әңгімесін әрі қарай сабақтай түсті.
-Мені мұнда ең алғаш рет жеті жасымда әкем ертіп келген еді. Онда бұл жерде арша, шырша, бозарша, бүрген, тағы басқа ағаштардың түрлері өте көп болатын. Кейіннен адамдар ашкөзденіп арша мен шыршаның біразын тамырымен қазып алып кетті. Адамдар жабайы өсімдіктің үй жағдайында өспейтінін түсінулері керек. Бұл біздің табиғатқа жасаған қастандығымыз. Басқа да ағаштар адамның қолымен жасалған әрекеттерден жойылып бара жатқанын мойындауымыз керек.
Жалпылай айтқанда, Мыңбұлақ, Жуалы өлкесінің тарихы терең. Бір ғасырларда мұнда әлемді жаулаған әйгілі қолбасшы Шыңғысхан әскерлерімен келіп демалады екен. Ол заманда бұл аймақтың бәрі сыңсыған орман, бұлақтар өте көп болған деседі. Ен далада киік, елік сияқты аңдар емін-еркін жосып жүретін көрінеді. Одан бері қаншама заман өтті. Бізге сондай табиғаттың ғажайып сыйының жұрнағы ғана жетіп отыр. Осының өзін аман сақтап қалу – біздің борышымыз. Тағы бір айта кетерлігі, «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының аумағында өсімдіктің 6000-нан астам түрі тіркелген. Бұл – біздің баға жетпес байлығымыз. Қолда барда табиғат сыйының қадіріне жетейік,- дейді Ақылжан Қорғанбайұлы.
Осы ретте аудандағы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесімен де хабарласып, мәліметтер сұраған едік. Мекеме директорының орынбасары Рүстембек Дәуітовтың айтуынша, мекемеде штаттық кестеге сәйкес 53 қызметкер жұмыс істейді екен. Орманды күзету, қорғау, молықтыру және орман пайдалану мәселелерімен орман шаруашылығы қызметкерлерінен тұратын мемлекеттік орман күзеті айналысады. Мемлекеттік орман күзеті қызметкерлерінің саны – 26, ОӨС станциясының өрт сөндірушілері – 17.
-Орман қоры жерінің жалпы көлемі 103 905 гектар, оның ішінде 50 506 гектары орманмен көмкерілген алқап. Мекеменің орман қоры солтүстіктен оңтүстікке қарай 100 шақырым, шығыстан батысқа қарай 80 шақырымды алып жатыр. Оның басым бөлігі жазық дала болса, 29 проценті таулы өңірлерде орналасқан. Жуалы орманшылығы Түркістан облысындағы «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығымен шектеседі. Аудан аумағындағы Берікқара шатқалы мен Көксай аумағы жер жағдайы бойынша туристік кластерді дамытуға лайық орындар болып саналады. Мекемеге қарасты аумақта Қызыл кітапқа енген және сирек кездесетін өсімдік түрлерінен жіңішке Штубендорфия, Регель алмұрты, Тянь-Шань жоңышқасы, Бесмүйіз скперотиория, таусағыз, көктікен, Корольков бәйшешегі, сондай-ақ, Грейг, Кауфман қызғалдақтары өседі. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ санатына енгізілген Берікқара мемлекеттік қаумалында сирек кездесетін әрі жойылып бара жатқан Берікқара терегі, сондай-ақ, ақ тұт, Грейг, Кауфман қызғалдағының сирек кездесетін түрлері ұшырасады.
Жануарлар дүниесіне келер болсам, Алатау арқары, тауешкі, елік, жабайы шошқа, аю, қасқыр, түлкі, жайран, қоян, түлкі, мәлін, дуадақ, бүркіт, қаршыға, бозторғай, басқа да аң-құстардың алуан түрі мекендейді. Берікқара шатқалында Қаратау арқары кездеседі. Орманшы-қорықшылар Қаратау арқарларын жоспарлы түрде санақтан өткізіп, олар мекендейтін өңірлерге тұзжалаққа тұз салып отырады.
Өткен жылы Жамбыл облысы әкімінің арнайы қаулысымен облыстың Жуалы, Талас және Жамбыл аудандарының территориясында «Жуалы-Қарашат» жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалы құрылған болатын. Оның жалпы көлемі 148 300 гектарды алып жатыр. Онда да жануарлар мен өсімдіктер дүниесі өте бай. Атап айтқанда, Қаратау арқары, тау сусары, бүркіт, Үнді жайрасы, безгелдек, қарабауыр және ақбауыр бұлдырық, ұбақ, дуадақ, сібір елігі, борсық, т.б. аң-құстар бар. Осындай табиғат байлығын қорғауға, көздің қарашығындай сақтауға ұжым болып барлық күш-жігерімізді, тәжірибемізді салып жатырмыз,- дейді Р.Дәуітов.
Аяласақ, табиғатты аялайық. Біз оның бір бөлшегі екенімізді естен шығармағанымыз абзал. Табиғат анаға тағзым – күллі адамзаттың міндеті.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
“Жаңа өмір”