Basty bet
Ескірген көше аншлагтары, шұбарланған жарнамалар…
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асырушы жұмысшы топтың (аудандық ономастика комиссиясы) зерделеу жұмысының қорытындысына арналған комиссия отырысы өтті. Отырысты комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев ашып, жүргізіп отырды.
Алғашқы сөз аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тіл жөніндегі бас маманы Фариза Оразымбетоваға берілді.
Фариза Орынбайқызы Жетітөбе, Қарасаз, Күреңбел, Көкбастау ауылдық округтеріндегі ономастикалық ахуалға жүргізген зерделеу жұмысының қорытындысын баяндады. Яғни, аталған ауылдық округтердегі жалпы ахуал мен орын алған кемшіліктерге тоқталды.
Тозығы жеткен аншлагтар әлі алынбаған
Жетітөбе ауылдық округінде жер-су атауларымен аталған 6 елді мекен орналасқан. Олар: Кәріқорған, Қоңыртөбе, Қосмұрат, Тасбастау, Майбұлақ, Шыңбұлақ.
Тасбастау, Шыңбұлақ елді мекендерінің атаулары арка түрінде, Кәріқорған, Қоңыртөбе елді мекендерінің атаулары жол бойында тақтайша түрінде орнатылған. Ал Майбұлақ елді мекенінің атауы мүлдем орнатылмағаны анықталды. Қоңыртөбе елді мекенінің атауы ауылдың орталық көшесіндегі, ауа райы салдарынан тозып, оңып кеткен көрнекі ақпараттың үстіне орынсыз орнатылған.
Көше аншлагтарының жағдайына келсек, округте жалпы 14 көше бар. Округтің орталығы болып саналатын Кәріқорған ауылында – 3 көше; Қоңыртөбеде – 4 көше; Қосмұратта – 1 көше; Майбұлақта – 1 көше; Тасбастауда – 2 көше; Шыңбұлақта – 3 көше. Округ бойынша 529 үй орналасқан. Бүгінгі таңда 529 үйдің 214 үйіне Республикалық ономастика комиссиясы бекітіп берген жаңа үлгідегі аншлагтар ілінген. 315 үйге аншлагтар ілінбеген.
Округтегі Қ.Омарбеков, М.Үсіпбеков, М.Қожаназаров, Ә.Құттыбаев, Ғ.Досаев, Б.Абдыралыұлы көшелерінде кеңес дәуірінен қалған көненің қалдықтары, әбден тозығы жеткен ескі үлгідегі аншлагтар бүгінгі күнге дейін алынбаған.
Әр көшенің бойында орнатылған көше атауы жазылған бағыт тақтайшаларының да тозығы жеткен, жаңартылмаған.
Көрнекі ақпараттардың жағдайына келсек, округ бойынша сыртқы көрнекі ақпарат құралдарының саны – 19 (6 баннер, 13 щит). Кәріқорған ауылына кіреберіс жол бойында орнатылған «Nur Otan» партиясы – еліміздің әлеуметтік әл-ауқатының кепілі» тақырыбындағы баннердің тозығы жеткен, жаңартылмаған.
Қ.Омарбеков көшесіндегі Шерхан Мұртазаның нақыл сөзі жазылған көрнекі ақпараты жаңартылмаған.
Ауылдық округтегі халыққа қызмет көрсететін барлық мемлекеттік органдардың кіреберіс есіктерінде, елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты үгіт-насихат ақпараттары жаңартылмаған, «Бетпердесіз кірмеңіз», «Бетпердесіз кіруге болмайды» – деп жазылатын хабарламалары «Маскасыз кірмеңіз», «Маскасыз кіруге болмайды» – деп қате жазылған». Бірінің үстіне бірі жабыстырылып, эстетикалық талғамға сай емес көрнекіліктер орынсыз жарияланған.
Пошта бөлімшесіндегі көрнекілік неге тек орыс тілінде?
Ал, Күреңбел ауылдық округінде 2 елді мекен (Күреңбел, Қаратас). Елді мекен атаулары талапқа сай жер-су атауларымен аталады. Орталығы- Күреңбел ауылы. Ауыл атаулары әр ауылдың кіреберісіндегі аркада орнатылған.
Округте жалпы 4 көше бар. Күреңбел ауылында – 3 көше; Қаратаста – 1 көше. Округ бойынша 394 үй орналасқан. Бүгінгі таңда 394 үйдің барлығына аудандық бюджеттен ағымдағы жылы 218,0 мың қаражат бөлінгендігі, жаңа үлгідегі аншлагтар толығымен ілінгендігі анықталды.
Қаратас ауылындағы «Қаратас» негізгі мектебінің аншлагы тіл заңына сай еместігі анықталды. «Әбдеш Байшаханов көшесі» – деп толық жазылатын ақпарат «А.Байшаханов көшесі» -деп қысқартылып жазылған.
Округ бойынша сыртқы көрнекі ақпарат құралдарының саны – 13 (4 баннер, 7 щит). Күреңбел ауылындағы щиттердегі Б.Момышұлының, М.Әуезовтың қанатты сөздерінде пунктуациялық, орфографиялық қателер орын алған. Сыртқы көрнекілік ақпарат құралдарына жазылатын қанатты, нақыл сөз мәтіндерінде тырнақшалар қойылмайды, авторларының есімдері толық жазылады (М.Әуезов емес – Мұхтар Әуезов; Б.Момышұлы емес – Бауыржан Момышұлы),- деді тіл маманы. Сонымен бірге баяндамашы ауылдық округ әкімі аппараты ғимаратындағы көрнекі ақпарат стенділеріндегі кемшіліктерге де тоқталды.
-Күреңбел ауылдық «Қазпошта» бөлімшесіндегі («Перечень услуг») көрнекілігі тек ресми орыс тілінде орнатылған, мемлекеттік тіліндегісі мүлдем жоқ.
Кәсіпкерлер жарнама тілінің сауаттылығына көңіл бөлсе…
Қарасаз ауылдық округінде 1 кісі есімімен (Жұрымбай), 4 жер-су атауларымен аталған жалпы 5 елді мекен орналасқан. Ауыл атаулары жол бойында, тақтайшада орнатылған. Барлық анықтағыш тақтайшалары жаңартылған, талапқа сай орнатылған.
Округте жалпы 15 көше (кісі есімі – 7, дәстүрлі атау – 8), 777 үй орналасқан, жаңа үлгідегі аншлагтар толығымен 100 % талапқа сай барлық көшедегі үйлерге орнатылған.
Округ бойынша сыртқы көрнекі ақпарат құралдарының саны – 6 (1 баннер, 6 щит). Қарасаз ауылындағы Бірлік көшесінің бойындағы құрылыс дүкенінің сыртқы көрнекі ақпарат құралдары тек ресми орыс тіліндегісі орнатылған, қазақ тіліндегісі мүлдем жоқ. Дәл осындай кемшілік осы көше бойындағы «Нюанс» шаштаразының көрнекіліктерінде орын алған, жарнамалары толығымен тек орыс тілінде орнатылған.
Ауылдық «Қазпошта» бөлімшесіндегі көрнекілігі тек ресми орыс тілінде орнатылған, мемлекеттік тіліндегісі мүлдем жоқ.
Жаңартылуды талап ететін дүние көп
Көкбастау ауылдық округіндегі жалпы 4 елді мекен атаулары толығымен қазақшаланған. Ауылдық округтің орталығы Теріс ауылы. Көктөбе елді мекенінің атауы аркада және жол бойында тақтайшада орнатылған. Жол бойында орнатылған тақтайша жаңартылмаған, тозығы жеткен. Бақалы, Теріс, Қосбөлтек елді мекендерінің атаулары жазылған анықтағыш тақтайшалары талапқа сай орнатылған.
Округтегі жалпы 11 көшенің 1 көшесіне дәстүрлі атау (Қызыл диқан), 10 көшесіне кісі есімі берілген, жаңа үлгідегі аншлагтар округтегі көшелерге ішінара орнатылған, толық емес.
Көктөбе ауылындағы А.Иманалыұлы, Бақалы ауылындағы Қызыл диқан, Қосбөлтек ауылындағы Ж.Оразбайұлы көшелерінде кеңес дәуірінен қалған көненің қалдықтары, әбден тозығы жеткен ескі үлгідегі аншлагтар бүгінгі күнге дейін алынбаған, жаңартылмаған. Теріс ауылындағы Бектеміс Беркімбайұлы көшесінің аншлагтары Беркімбайұлы Бектеміс деп қате жазылған, тіл реттліігі сақталмаған.
Көктөбе ауылына кіреберіс көше бойында ауылдың атауы жазылған тақтайша жанында орнатылған ақпарат щиті бос тұр. Көктөбе» орта мектебінің алдында орнатылған А.Байтұрсыновтың қанатты сөздері жазылған көрнекілігінде пунктуациялық (тырнақша қойылмайды) және орфографиялық қателер (кісі есімі қысқартылып А.Байтұрсынов деп жазылған) орын алған. Мектеп қабырғасындағы, «Рухани жаңғыру» тақырыбы бойынша орнатылған ақпарат эстетикалық талаптарға сай емес, күнге күйген, жаңартылмаған.
«Әділет» дүкенінің есігіндегі хабарландыру ақпараттары шұбарланып, бірінің үстіне бірі орнатыла берген.
Орын алған кемшіліктерге байланысты Жетітіөбе ауылдық округінің әкімі Рәтбек Көсембаев, Күреңбел ауылдық округінің әкімі Ғани Жұбаев, Қарасаз ауылдық округі әкіміаппаратының іс жүргізу және есеп бөлімінің басшысы Жанар Нұрмұратқызы мәлімдеді.
Комиссия мүшесі Сейітхан Жұмашев Жанар Нұрмұратқызына Қарасаз ауылы ауданымыздағы үлгілі ауылдардың бірі, алайда ауылдағы кәсіпкерлік нысандарында ілінген жарнамалардың сауатсыздығы ауыл азаматтары үшін сын екенін, жарнама тіліне немқұрайды қараған кәсіпкерлерді тәртіпке шақыру қажеттігін ескертті.
Комиссия отырысын комиссия төрағасы Ернұр Маратұлы қорытындылап, орын алған кемшіліктерді ауыл әкімдері уәде берген уақытқа дейін түзеуді тапсырды.
S.P Жалпы ауданымызда көптеген мекемелер тіл тазалығына өз деңгейінде мән бермейді. Оны әлеуметтік желілеріндегі парақшаларына жариялаған ақпараттарынан, мекемедегі көрнекілік ақпарат құралдары мен хабарландыруларынан анықтауға болады. Сонымен бірге көптеген кәсіпкерлер жарнама тілінің талапқа сай, сауатты жазылуын ескермейді. Бұл мәселе туралы аудан журналистері бірнеше рет сын мақала да жазған болатын. Одан нәтиже шығарғандары да, әлі күнге еш қозғалыссыз отырғандары да бар. Бұл жағдай әр мекеме басшысының, кәсіпкердің жауапкершілігі мен патриоттық сезімінің деңгейін көрсетсе керек. Қалай болғанда да тәртіп ортақ. Өзімізді өзіміз айыппұлсыз, ешкімнің ескертуінсіз түзететін кез әбден жетті емес пе?!..
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»