Basty bet

Ата Заңның аясында…

Ата Заңның қағидаттары мен нормаларын ұстану, Конституциялық құндылықтарды қорғау – әрбір азаматтың құрметті парызы және қасиетті міндеті. Осыдан 28 жыл бұрын Қазақстан халқы тарихи таңдау жасап, бүкілхалықтық референдумда еліміздің Конституциясын қабылдады. Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Ынтымағы жарасқан Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңда бүкіладамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды.
Осы орайда бірмандатты жүйемен Ақсай ауылдық округінен аудандық мәслихатқа сайланған депутат ретінде сайлауалды бағдарламамның орындалуы бойынша және Ата заңда көрсетілген заңнамаға сүйене отырып төмендегідей жұмыстарды атқарудамын. Екі мыңнан аса тұрғын тұратын Ақсай ауылдық округінде тұрмысқа қолайлы барлық жағдай жасалған десек, қате болар. Ауыл халқын көптен бері алаңдатқан жол, су, жарық, ауылды абаттандыру мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Халықтың саны жылдан жылға көбеюде. Сол себепті олардың талаптары мен өмір сүру қағидаттары да анағұрлым өскенін байқап отырмыз.
Мен аудандық мәслихаттың депутаты ретінде шамам келгенше ауылдық округтің әкімімен бірлесе отырып, тұрғындардың өтініш-талаптарын қанағаттандыруға жұмыс жасаудамын. Бүгінгі таңда сайлауалды бағдарламамда көрсетілгендей, Қайрат ауылындағы Озғанбай Тәукебай, Әлия Молдағұлова, Диқан ауылындағы Ыбырай Байділда көшелерін орта жөндеуден өтуіне өз ықпалымды жасадым.
Сонымен қатар, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы ретінде зерделеу барысында ауылдық округтің тұрғындары тарапынан түскен Абай көшесінде асфальт жамылғысының тозығы әбден жеткендіктен, адамдардың, жеңіл көліктердің қатынауында қиындықтар туып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп беру туралы өтініштерін ескере келе, партия тарапынан мәселені көтеріп, өтініштің оң шешілуіне ықпал еттік. Орта жөндеуге 76 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ауылдық округке қарасты Диқан ауылындағы ескі мектептің ғимаратын Аула клубының филиалы етіп қайта ашуға ықпал етіп, Қайрат ауылындағы Б.Момышұлы саябағы ағымдағы жөндеуден өтуде. Садыбай батыр көшесінің жобалық-сметалық құжаты дайындалып қаржы қарастырылуда.
Депутаттық міндеттемемде Диқан ауылындағы аула клубы филиалын, Қайрат ауылындағы «Шапағат» балабақшасын күрделі жөндеуден өткізу жоспарда тұр. Қайрат ауылындағы ескі мешітте орналасқан спорт мектебін мемлекеттік мекеменің теңгеріміне өткізу жоспарланды. Аталған мәселелер бойынша облыстық басқармалардан зерделеу жұмыстары міндетті түрде жүргізіледі.
Ата Заңның аясында Тәуелсіздік жылдарында біздің Конституциямыз өзінің кемелділігін дәлелдеді. Еліміздің негізгі Заңы бұрынғысынша егемен Қазақстан дамуының басты шарты болып қала береді. Конституция талаптарының орындалуы – мемлекет дамуы мен қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі.
Ата Заң жаңа Қазақстан жетістіктерінің берік кепіліне айналды. Тиімді құқықтық жүйені орнықтыру арқылы біз экономикалық өсімге және қоғамның әл-ауқатының артуына қол жеткізіп, елімізде тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді қалыптастырдық.
Осы атаулы күнге орай аудан халқын Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға мықты денсаулық, амандық-саулық, молшылық, ашық аспан мен Отанымыз – Қазақстан Республикасының гүлденуін тілеймін! Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы нығайып, дами берсін!

Мұхамеджан ӘСЕМОВ,
аудандық мәслихаттың депутаты

Таңдаулы материалдар

Close