Basty bet

АСПАНҒА САҒЫНЫШТЫҢ ХАТЫН ЖАЗДЫМ…

Әкем туралы ордалы ойдың орманы мені балалық шағыма еріксіз жетелей берді. Осы естелігімді әкем Батырхан Мұртазаұлына арнай отырып, «менің әлемімде» әкемнің балаларына әкелік парызын өтеудегі шеберлігін, ақылдылығын, пайым мен парасаттылығын, мәрттігі мен жомарттығын, текті тәрбиесін қалың оқырманға баян еткім келіп отыр.
Әке – ақылшың, қамқоршың, қорғаушың, сыншы, досың, шынайы тілекшің. Біз кішкентайымыздан әкемізді тәте деп атадық. Ал әкем біздің үйдің кенжесі мені және сыңарым Перизатты «Әкінтайым, Пекінтайым» деп еркелетіп өсірді.
Күз айы. Ауылда әкемнің өзі отырғызған шағын алма бағы болатын. Сол жылы алма ағаштары қалың салды. Бірде Перизат екеуміз таңертең тәтемнен: «Сабақтан келген соң алманы қолмен үзіп жинай беріңдер» деген тапсырма алдық.
Шелекті білекке іл де, алма ағашының басына шығып жинап ала бер, шелегіңнің бос қайтпасы анық. Дәл сондай оймен биікке шығып алып, алмаларға тамсана қараймын, бір алмадан бір алма әдемі, алманы үзіп шелекке салам. Алмаға қолымды соза бергенде аяқ қойып тұрған бұтақ сынды да кетті, қас-қағым сәтте жерге құлап түстім. Анам Райхан далада нан пісіріп отырған, менің құлағанымды көріп жан салмай жүгіріп келді. «Құдай сақтаған екен, мына тастың үстіне құласаң не болар еді» деп қорқып қалған менің таңдайымды басып, ұшықтап әуре болды. Үйге кіргізіп, жатқызып қойды. Кешкісін тәтем жұмыстан келді. Бейуақытта жатқан мені көрді. «Неге жатсың, не болды?» деген сұрақты қабағынан ұққандай болдым. Болған жайды естіген тәтеме бұл жай ұнай қоймады.
Ертеңіне тұрсам, аяқтарым дірілдейді, денем көгерген. Түс қайтты, Перизат алма теріп жүр, мен сыртта сәкіде отырмын. Тәтем жұмыстан келіп, киімдерін ауыстырып, далаға шықты. Маған қарап, «Жүр, алмаға шық» деді. Менде зәре жоқ, шықсам құлап кететін сияқтымын. Алмаға аяғымды қойған кезде тәтем маған алманы теру ережесін қайта есіме салды.
– Алманың қалың салған бұтасын бассаң сынып кетеді, алдымен алмасын үзіп, жинап ал. Бұтаны босатып алған соң ғана алманың ұшындағы жемісіне жете аласың, – деді әкем.
Өмірдің жазылмаған заңын ұғындыра білген әкемнің: «Құладың ба, қайта тұр, езілме, жасыма, қорықпа, талпын, қанат жай, шарықта» дегенін кейіннен біліп жұрміз ғой.. Қатулық танытқаны мені қайрағаны екен. Бірден биікке қол созсаң, жете алмайсың, асықпа, бәріне баспалдақпен басып жетесің дегені екен.
Осы бір оқиғадан мен әкемнің даналығын сезгендей болдым.
Маусым айында күн ысып қалған кез, сиырымыз бұзаулады. Жаңа туған сиырды өрістен алып қаламыз, түскі сауыны бар. Ауыл сыртына қазыққа арқандап қоямыз. Сол күні түскі сауынға мен бардым. Сиырды сауып, сайдың табанына түсіріп, суғарып болып, шөбі қалың сайдың бойына арқандап кеттім. Кешкісін мал қайтар уақыт жақындағанда Перизат екеуміз сиырды үйге айдап келуге бардық. Жақындап қалдық, бірақ сиыр көрінбейді. Қайда арқандап едің деген Перизатқа осы маңда деймін, онда қайда кетті деп келеміз. Келсек, іздеген сиырымыздың мойны қайырылып, басы арықтағы батпаққа кіріп кеткен, теңкиіп жатыр. Екеулеп мүйізінен ары тартамыз, бері тартамыз, шамамыз келмейді. Малдың демі бар сияқты, ішінен байқаймыз. Енді қайттік, үйге барып айту керек, «сен айт, мен айт» деп тұрып, мен үйге қайттым.
Үйге жақындап қалдым, сыртта ауылдастармен бірге тәтем де мал бөліп алуға көшеге шығып тұр екен. Мені көрген бойда «Сиыр қайда?» деді. Сиыр арыққа түсіп кетті деймін. Зәрем ұшып тұр.
Не керек, ауыл адамдары барып сиырды батпақтан шығарып алғанымен, мал бәрібір пышаққа ілінді. Мен үлкен талқыға түсіп, мәселем қаралатын уақытты күтіп жүрмін. Бәрінің басы жиналып, мән-жай анықталған соң белгілі болғаны, мен сиырды қырдың бойына арқандағам, суға ұмтылған сиыр қатты тартылғанда сайдағы арыққа басымен қадалған. Көрші тұрған көкем маған «Малды да солай арқандай ма екен, қазықты жазық жерге қақпайсың ба?» дейді. Менің көзім алақандай, енді не болар екен деп тұрғанымда, тәтем «Қой баланың зәресін алма, кетер мал кетті, өзінің жаны аман болсын, оқалақтың уақыты, оқалақтаған мал баланың өзін арқанға орап кетсе қайтер едік» дейді. Шын досың қайбір істе қиындықта қалдырмай алып шығатынына көзім жетті.
Мен әкемнің кеңдігін, жомарттығын сездім.
Бойжетіп, студент болдық. Ол кезде студенттер ауыл шаруашылығы жұмыстарына тартылып, жазғы уақытта жұмысқа шығатын. Тараз қаласы маңындағы ауылдарға бақша өнімдерін жинауға бардық. Күн ыстық. Шамалы күндер өткен соң менің мазам кете бастады: дене қызуым көтеріліп, әл-дәрменім кете бастады. Мені жұмыстан босатып, студенттік емханаға жолдады. Дәрігерлік тексерулер жүргізілді, қорытынды диагноз қоя алмады. Сосын білектен қан алды да маған былай деді, «Сенен біз «брюшной тиф» деген ауруды анықтауға сынама алдық, егер қаннан құрт шықса, сені елден оқшаулаймыз». Ал керек болса, маған үрейді салып берді, енді уайым. Бұл не ауру, қайдан келді, қайдан жұқты?
Сонымен не керек, он күн дегенде қан сараптамасының қорытындысы келді. Қаным таза, ешбір аурудың белгісі жоқ. Алайда, менің дене қызуым түсер емес, асқа зауқым жоқ, су іше берем. Сол уақытта телефон байланысы бар заман, бірақ үйге хабар бермедім, қала маңындағы нағашы апамның үйінде жүре бердім. Анализдің бәрі таза деп аурухана қабылдамайды. Бұл жайт Перизат арқылы ауылға жетеді. Ертеңіне ауылдан жишем (анам Райхан) келіп дәрігерлерге жолықты. Алайда менің ауруым жөнінде анықтап ешкім жауап бере алмады. «Жазылатын ауру ма, әлде жазылмай ма, болмаса маған қызды беріңдер, ауылға алып қайтам» деді де қолхат жазып, мені ауылға алып қайтты.
Үйге келдік, тәтем менің маңдайымнан сүйіп, алақанымен шекемді ұстап тұрып «Қызым таңға шыда, ертең аттай боласың. Әй, Райхан! Ана шашыратқыдан шелекке салып қайнатып, мына қызды күн шықпай суға салып ал» деп бұйрық берді. Жишемде жан бар ма, бұйрықты бұлжытпай орындап, мені суға салып, жылы орап жатқызып қойды. Ұйықтап кетіппін, тұрсам ауыр тартқан денем жеп-жеңіл, тамақ жегім келіп тұр, ыстығым қайтқан сияқты. Дереу дене қызуымды тексеріп көрдім, өлшеуіш 36-ны көрсетіп тұр. Далаға сүйіншілеп жүгіріп шықтым. Бәрі қуанды. Сонда тәтем: «Қу доқтырлар-ай, баланың үрейін алып, жоқ ауруды жапсырып, ыстық күнде тастай суды іше бергеннен соң ішіне ыстық түсіп кеткен ғой» деп менің дәрігерлер білмеген сырқатымның құпиясын ашып берді. Мені жан азабынан, тән ауруынан арашалап алған әкеме риза болдым. Жанымның емшісі қасымда болғанына қуандым.
Мен сонда әкемнің қамқорлығын, қорғанын сездім.
Кейіннен бой жеткен соң тұрмысқа шығып, келін атанып, ана болдым. Бала-шағамыздың бірінің тілі жаңадан шығып жатса, бірі еңбектеп жүрген кездері. Төркініме бардық. Шай дастарқаны жайылып тұр, үстел басында тәтем менің басымнан сипап, мені дәл бір жас балаша еркелетіп, қасықпен аузыма бал салады, ірімшік беріп отыр. Кіштентайларым жанымнан шықпайды, бірі тізеңе отырам деп ұмтылса, бірі қасыма отырып әуре, сонда тәтем, «Қызымның мазасын алдыңдар-ау, сәл уақыт ары ойнаса қайтеді» деп назданып қояды. Ал, мен болсам, бөпелеріме не жейсің, не болды деп әуремін.
Мен сонда әкемнің балаға деген шексіз махаббатын сездім.
Әкем туралы айтылар дүние аз емес, көзі тірісінде атқарған тірлігі мен жақсылығы мол болды. Өмірден түйгенім, ана тәрбиесі сенің бойыңа мейірімділік пен биязылықтың дәнін сепсе, әке қатал қамқорлығымен жігеріңді жанитын, намысыңды қайрайтын ерекше қуатты күштің иесі екен. Аллаға шүкір, әкем ағайын мен туыстың, жекжат пен құданың арасында сыйлы болды, немере көріп, шөбереге жетті.
Әке тілегі қашанда баласына қорған, бұл пәниде өмір дауылының желіне қалқан бола білген әкешім мәңгілік мекенінде де менің шынайы тілекшім екеніне сенгім келеді. Әкемнің айтқан әр сөзіне, ұлағатына жүрегімнің түкпірінен орын бергем, әкем берген даналық мені мына өмірде адастырмасы анық.
Патша көңілім, періште пейілім әкемнің әруағының орны пейіштің төрінен болғанын қалайды. Алладан тілегім, әкемнің мәңгілік мекені жұмақ болғай!
Әкеме деген мендегі сағыныштың ұлғайғанын жаныммен сезіндім…

Аризат МҰРТАЗАЕВА,
Б.Момышұлы ауылының тұрғыны

Таңдаулы материалдар

Close