Basty bet
Індеттің бар екенін естен шығармайық
Қазіргі қоғамда жақыныңа жанашыр бол деген сөз жиі айтылады. Жалпы біз «жақын» деген сөзді тек туған-туыстарға қаратып айтатын сияқтымыз. Ал, екінші жағынан бізге әріптес, пікірлес, сапарлас, әрі десе көршілес жандарды неге жақын деп есептемейміз. Айналамыздағы ойымыз ортақ, мұратымыз бір болса, онда неге жанымызға жақын тартпаймыз? Бәріміз бір аспанның астында өмір сүріп жатқандықтан, бір-бірімізге жақын емеспіз бе?! Сол себепті де құлағанға сүйеніш, сүрінгенге тіреуіш болу азаматтық парызымыз саналады. Әсіресе, қазіргі індет іргемізге ұя салған қиын-қыстау шақта жан-жағымызға жанашырлық таныту аса маңызды.
Дүниежүзіндегі алпауыт елдерді де біздің елді де дүрбелеңге салған мына аты жаман індет көп дүниенің бетіп ашып берді. Яғни, адам өмірінен қымбат нәрсе жоқ екенін ұқтырды. Негізінен әлем елдері арасында бір-біріне көреалмаушылық танытып, жаманшылық іздеп, небір амалдар ойлап, бірін-бірі сүріндіруге тырысты. Былайша айтқанда елдер арасында экономикалық-саяси соғыс жүріп жатты. Ал, қазіргі таңда барлығының мүддесі біреу – ол мына індеттің алдын ауыздықтау, халқын аман алып қалу болып отыр.
Егеменді елімізді алсақ, бізде де осындай жағдай орын алды. Ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүріміз, ұлттық құндылықтарымыз сақталмай, адамдардың бойында өзге елге еліктеушілік басым бола бастады. Керісінше, шет ел біздің қазақи бай өмір сүру құндылықтарымызды үйренуі керек. Олардан тек техника мен технологияның озығын алуға болады. Біздің ұлттық құндылығымыз ешқашан өз маңызын жоғалтпауы қажет. Біз соңғы кездері ысырапшылдыққа қатты жол беріп кеттік. Қазақ даналары «кедей бай болсам, бай құдай болсам дейді» деген. Халқымыз шама-шарқына қарамай шашылып, төгіліп, үнемдеушілік дегенді ұмытты. Ал, мына пандемия өмірдің өткінші екенін, дүниенің артта қалатынын көрсетті. Қандай алпауыт азаматтарды арамыздан ойламаған жерден мына індет жұлып алып кетті. Қолыңдағы билікке, қалтаңдағы ақшаға, тіпті дәрі-дәрмектің күшіне де қарамады.
Хадисте мынандай сөз бар «Ешқашан өлім бар екенін ұмытпа, бірақ өмірбақи өлместей өмір сүр» деген. Сол сияқты мына індеттің барын ешқашан естен шығармай, дегенменде ауырмайтындай жол іздеп, соған қалыптасып өмір сүру қажет. Сақ болсаң, сақтаймын деген.
Жалпы бұл індет өмірімізге үлкен өзгеріс әкелді. Оны қазіргі таңда барлығымыз жақсы ұғынып, біліп жүрміз. Біздің Ақсай ауылдық округінің тұрғындары да жауапкершілік жүгін сезінеді. Тұрғындар санитариялық талаптарды сақтауды әдетке айналдырған. Бұрынғыдай дүрбелең той-томалақ жасамауды, дүйім жұртты жинамауды үйренген. Мейілінше, адам көп шоғырланатын жерге бармай, үйлерінде болуға тырысады. Өткеннен сабақ алу керектігін, мына індеттің бет-алысы жаман екенін тұрғындар жақсы түсінеді.
Біздің халық даналығында «Өлімнен ұят күшті» деген тауып айтылған сөз бар. Бір-біріміздің қуанышымызды бөліспесек, қайғымызға ортақтаспасақ, көргенде ұялғаннан жерге кіріп кетердей боламыз. Бізді құртатын осы ұят. Жаз айларында індет өршіп тұрған шақта бірнеше жақындарымыз бақилық болып, көңіл айтуға алғашында бармай жүрдік. Себебі, тәртіп солай. Бірақ, «ұят болды-ау» деп тағы бір жақынымызды ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне барып келіп, өзімде қатты ауырып қалдым. Көп уақыт өтпеседе, бойымда әлсіздік, суық тию белгілері пайда бола бастады.
Менің халімді байқаған қызым бірден ауруханаға жеткізіп, өкпемді рентгенге түсірді. Сөйтсек, менде өкпемнің қабынуы жаңадан басталып келе жатыр екен. Бірден ем-дом қабылдау үшін дәрігерден кеңес алып, дәрі-дәрмегімді жазып берді. Үйде он күндей ем қабылдап, ұлттық сусындарымызды, яғни сүт, саумал, қымызды үзбей іштім. Сонымен қатар, ауырып тұрсам да бес уақыт намазымды тастамай, Аллаға деген сенімім жоғалмады. Осы сенім мені сауығуыма септігін тигізді.
Міне, мен осыдан кейін бізге сақтық шараларын ұстану бекерден-бекер айтылып жатпағанына әбден көзім жетті. Тәртіпке бағыну, баршамыздың міндетіміз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, көңілді де, қуанышты да дәл сол сәтте емес біраз уақыт өткен соң да бөлісуге болады екен. Тіпті болмай бара жатса, қолымыздағы ұялы телефонмен хабарласып, хал сұрасу керек. Бір-бірімізден қандай жағдай болса да байланысты үзбеуіміз керек. Себебі, біз барлығымыз бір-бірімізге жақынбыз. Ал, жақынымызға жанашырлық таныту міндетіміз.
«Сақтансаң, сақтаймын» дейді. Біз сақтық шараларын ұмытпай, үнемі қоғамдық орындарда медициналық бетпердені тағып жүруіміз керек. Оны уақтылы ауыстырып тұруды да ұмытпаған абзал. Сонымен қатар, қазақ халқы қол алыспаса амандаспай тұра алмайды. Сол үшін уақытша болса да бұл әдетімізді өзгертуіміз керек. Рухымыз күшті болуы керек. Бірлігіміз бен ынтымағымыздың арқасында бұл індетті жеңеміз. Қорқынышпен өмір сүрмей, құнарлы тамақтанып, көп қимылдау керек. Саламатты өмір салтын ұстанып, пайдалы іспен айналысып санамызды, жанымызды таза ұстайық.
Кәрібай Құрмашев,
Ақсай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы