Basty bet

Арманы асқақ Алтынтай

«Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге», – дейді хакім Абай. Тағы бір ғұлама: «Адам кітап оқуды тоқтатқан кезде, ойлауды да тоқтатады», деген екен. Тағылым алу, білімге ұм­тылу – кітапта. Жастарымыздың кітапқа құштар болуы келешегіміздің жарқын болатынын айқындай түседі.

Күреңбел орта мектебінің 11 сынып оқушысы Алтынтай Қаматай кітап оқуды күнделікті әдетіне айналдырған.
Жас талап Күреңбел ауылында көпбалалы қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Ербол Тілесов және анасы Ұлжан Ноғайбекова үй шаруасындағы жандар.
Алтынтайдың білімге шындап ден қойып, алдына айқын мақсаттар қойып отырған жайы бар. Оның арманы – алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуден жақсы көрсеткішпен өтіп, Алматы қаласы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түсу, тіл маманы атану.
Ол қазақ әдебиетіндегі айтулы ақындар мен жазушылардың шығармаларымен танысып, көбінесе поэзия мен прозаны сүйіп оқиды. Өлең әлеміне 3 сыныптан бастап келеді. Алғаш Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған байқауға қатысып, өнердің баспалдағына қадам басады. Әрине, бұл кезде ол ақынның шығармаларын түсіне бермесе де, кейіннен қазақтың бас ақынының өлеңдерін жатқа оқуға септігін тигізеді. Осылайша оның көркемсөз оқуға деген ынтасы артып, түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп үлгереді. Алтындайдың сахнада өзін-өзі ұстауы, өзіндік дауыс ырғағы, оқу мәнері қалыптасқан.
Ұстаздың оқушысына берген білімі нәтижесін көрсетсе, ол мұғалімнің еңбегінің еш кетпегені. Алтынтайдың бойындағы өнерін шыңдап, биік белестерге жеткізуде Күреңбел орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімдерінің өзіндік үлестері бар. Әрқайсысы шәкіртінің бойындағы қырын ашып, оның қалыптасуына септігін тигізеді. Ең алғаш ұстазы Әлия Сартбаева болса, одан кейінгі Шамшырақ Сарманова, Гүлфайруз Қуанышбекова, Гүлбахрам Рүстембекова және Серіккүл Жаханова сынды ұстаздары онымен көп жұмыс жасайды. Олардың әдебиетке баулыған оқушылары көркемсөз оқу байқауларында жақсы көрсеткіш көрсетіп, жүлделі орындармен оралып жүреді. Қазіргі таңда Алтынтай мектептің, ауылдың мақтанышына айналып отыр.
-Мен өнерге алғаш Абай Құнанбайұлының өлеңдері арқылы қадам бастым. Сол себепті, ақынның шығармаларын көп оқимын. Абайды әр қазақ азаматы білу керек. Ол – біздің бас ақынымыз. Ақын шығармаларынан қай заманда да, қай уақытта да тәрбиенің бастауын алуға болады. Әр өлеңінен, қара сөздерінен бойыма рухани азық аламын. Кез келген ортада өзіңді ұстауды, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуге тырысамын. Ақынның өлеңдері бойыңдағы жақсы, жаман қасиеттеріңді де саралауға септігін тиігізеді. Яғни, ақынның шығармашылығымен танысқан кез келген адам жаман болмайды деп ойлаймын. Ақынның 90-ға жуық өлеңдерін, қара сөздерін және «Ескендір» поэмасын жатқа білемін. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясының төртінші томын оқу үстіндемін.
Ұстаздарымның берген тәлімі мен білімінің арқасында түрлі көркемсөз оқу шеберлерінің байқауларына қатыстым. Байқаулардың ішінде ең қиыны Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін оқуға арналған республикалық байқауы болды. Себебі, менің үлкен сахнаға, атақты тұлғалардың алдына алғаш шығуым болатын. 2015 жылы Алматы қаласында өткен байқаудың қазылар алқасында ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова, Фариза апамыздың туған сіңілісі Алмагүл Оңғарсынова және Қазақ радиосының журналисі Гүлмира Нәлібай болды. Әрине, білікті мамандардың алдында өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе және тәжірибе. Аталған байқауда өнерім бағаланып, «Көркем сөз» аталымы бойынша ІІІ орынға ие болдым.
Ал, 2016 жылы ұстазым Әлия Сартбаеваның талапшылдығының арқасында дәл осы Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған байқауға қайта қатысып, І орыннан көріндім. Бұл байқауда ұстазымның көп көмегі тиді. Осындай жарысқа қатысу үшін төленетін жарналары да бар. Оны да ұстазым және мектеп мұғалімдері, ауыл тұрғындары демеушілік жасап төлеп беріп отырды. Өнер байқауларының жарналары бар болғаны мені қынжылтады. Себебі, оған бір отбасының жағдайы жетсе, біреуінікі жетпейді. Әсіресе, қарапайым отбасынан шыққан балалар үшін қиын.
Шыны керек, менің қатарластарым, яғни жастар жағы кітап оқымайды. Әсіресе, Абайды. Олар көбінесе ұялы телефонды қолданады. Олар кітаптың рухани азық екенін түсіне бермейді. Кітап оқу үшін таза ниет пен талпыныс болу керек. Бос уақытымда кітап оқуға тырысамын. Байқауда кітапты көп оқитын және атүсті дайындықпен жаттанды түрде келген балалардың айырмашылығы да бірден байқалады. Ал, жастардың тілге деген құрметіне келер болсам, өз деңгейінде емес. Сол себепті де тіл маманы болғым келеді. Әр адам ғажап тіліміздің қаншалықты бай тіл екенін түсінсе деймін, – дейді Алтынтай Ерболұлы.
Алтынтай 2018 жылы халықаралық «Ғұмырдария» балалар байқауында «Көркемсөз» номинациясы бойынша бас жүлдені иеленген. Бұдан бөлек, аудан көлемінде өткізілетін қазақ әдебиетіндегі көрнекті ақындардың шығармашылығына арналған көркемсөз оқу байқауларында жүлделі орындардан көрініп жүр.
Талаптанған биік шыңға жетеді. Тек алдыңа айқын мақсат қоя білсең болғаны.
Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері арманы асқақ Алтынтай жас та болса, ойы ұшқыр, зерек. Бастысы тілге деген жанаршылығы көрініп тұр. Ендеше, өнерге талпынған Алтынтайдың болашағы жарқын жастардың қатарынан табылатынына, қазақ тілінің дамуына өз үлесін қосатыны анық.

Таңдаулы материалдар

Close