Basty bet
Ғасырға бергісіз ұлы істер жылнамасы
1996 жыл
Экономика мен қоғамды жаңғырту үшін кешенді шаралар жүйесін жүзеге асыру – Қазақстанға КСРО-ның ыдырауынан кейінгі ауыр салдарларды жеңіп, апаттың алдын алуға, сөйтіп, 1990-шы жылдардың екінші жартысында еркін нарық заңдары негізінде жұмыс істейтін мүлдем өзгеше, ашық экономикалық жүйе құруға мүмкіндік берді.
Жалпы бұл кезең еліміздің нақты егемендігін алуымен, мемлекеттілігіміздің негізін қалыптастырумен, саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрақтандыруға жұмсалған ерен еңбегімен ерекшеленеді. Жаңа мемлекеттің берік іргетасы қаланғаннан кейін ел экономикасының дамуына серпін беретін өзгерістер қажет болды. Ең алдымен болашағымызды айқындайтын негізгі стратегиялық маңызды мәселелерді шешу керек еді. Сонымен қатар алдымызда нарықтық реформаларды аяқтау және экономиканы қарқынды дамыту міндеті тұрды.
1996 жыл Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуымен айшықталды. Ел енді ғана ұзаққа созылған дағдарыстан шыға бастаған шақта, тұрақты экономикалық даму белгілері де, ұзақ мерзімге жоспарлаудың нақты негіздері де әлі байқала қоймаған. Мемлекет кірістері де мардымсыз болды. Қазақстан мұнайының жыл сайынғы экспорты небәрі 3,5 миллион тоннаны құрады, мұнайдың бір баррелі 19-20 АҚШ долларын құрады.
Бұған дейін атқарылған шаруалардың барлығы осы міндеттерді орындауға алғышарттар жасап берді. Ел экономикасы экспортты және ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту есебінен алғаш рет оң сауда теңгеріміне қол жеткізді.
Президенттің арнайы тапсырмасымен әзірленген 1996-1998 жылдарға арналған Жекешелендіру және мемлекеттік меншікті қайта құрылымдау бағдарламасына сай елімізде ірі кәсіпорындар мен электр энергетикасы және мұнай өнеркәсібі сияқты стратегиялық салалар жекешелендірілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 14,5 мыңнан астам мемлекеттік меншік объектісі жекешелендірілді. Осы кезеңде өндіріске капитал салуға жеткілікті ресурстары бар отандық инвесторлар алғаш рет белсенділік танытты.
Ірі кәсіпорындарды сенімді басқаруға беру және одан кейінгі сатып алу нәтижесінде мемлекеттік және жекеменшік капиталдың қатысуымен жаңа өнеркәсіп алыптары «Қазақмыс», «Еуразиялық топ», «Қазмырыш», «Қазхром» және т.б. құрылды.
Мемлекетіміздің тоқсаныншы жылдардың ортасында қатаң тәртіппен жүргізген ақша-несие саясаты, ең алдымен, бағаның өсуін тежеуге, бюджет тапшылығын қысқартуға, мемлекеттік шығыстарды азайтуға бағытталды. Осындай сындарлы саясат арқасында 1996 жылы теңге бағамы тұрақтанып, ақшаның құнсыздануы белгілі бір шектен асқан жоқ. Экспортқа бағытталған салалардағы өндіріс жанданды. Қолайлы іскерлік ахуал шетелдік инвестициялардың одан әрі өсуіне себепші болды. Жетекші әлемдік қаржы институттарымен тең құқылы әріптестік байланыс жолға қойылды.
Жекешелендіру арқасында мемлекеттік бюджетке айтарлықтай қаржы түсіп, 1996-1997 жылдары бюджеттің кіріс бөлігінің 20-30 процентін құрады. Сол жылдарда жеке жобалар бойынша жекешелендіріліп, шаруасын дөңгелетіп әкеткен кәсіпорындар, бүгінде ірі және тұрақты салық төлеушілеріміз болып отыр. Ақшаның құнсыздануын төмендетуге арналған шаралар, қаржылық сектор мен кәсіпорындар реформасы, инвестиция салуға ынталандыру, кәсіпкерлікті қолдау, басқаруды орталықсыздандыру және кезең-кезеңімен жекешелендіру шаралары ел экономикасын қысқа мерзім ішінде сауықтыруға мүмкіндік берді.
Өтпелі кезеңде экономикалық құлдыраудан қашып құтылу мүмкін емес. Егер тәуелсіздікке қолы жеткен жас мемлекеттер әуел бастан-ақ экономикалық одақ құрып, өзара тиімді қарым-қатынас орнатса және ынтымақтаса жұмыс істесе, экономикалық құлдыраудың алдын алуға болар еді. Өкінішке қарай, бұлай болған жоқ. Соның салдарынан бытыраңқылық жағдайында экономиканың дамуына қол жеткізу 1996-1997 жылдары ғана мүмкін болды. Қазақстанда ішкі жалпы өнім 1996 жылы – 0,5 процент, 1997 жылы – 1,7 процент өсті, сәйкесінше өнеркәсіп өндірісінің көлемі, 0,3 процентке және 4,1 процентке артты.
1996 жылы бюджет қызметкерлерінің жалақысы мен әлеуметтік жәрдемақы көлемі екі есеге көбейтілгеннен кейін, халықтың сатып алу қабілеті айтарлықтай өсті. Инфляция жағдайында осылардың іс жүзінде 50-60 процентке көбейтілгенін білдіретін.
Қазақстандық спорт шеберлері 1990-шы жылдардың екінші жартысында әлемнің үлкен спорт ареналарында жиі-жиі өнер көрсете бастады.
1996 жылдың ақпанында біздің спортшылар алғаш рет Харбиндегі III қысқы Азия ойындарына қатысып, бірден үздік нәтиже көрсетті – тек Қытайды ғана алға салып, жалпы командалық есепте екінші орынды иеленді. Қазақстандықтар 14 алтын, 9 күміс және 8 қола медальды ұтып алды. Сол 1996 жылы ұлттық олимпиадалық командасы алғаш рет Атлантадағы ХХVІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, 199 ел қатысқан спорт додасында жалпыкомандалық есепте 22-ші орынды жеңіп алды. Бұл спорт әлемінде енді ғана таныла бастаған ел үшін үлкен табыс болатын.
30 қаңтарда алғаш сайланған кәсіби Парламенттің бірлескен сессиясы ашылды. Сессия жұмысын ашқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Біз Қазақстанда шынайы, өркениетті парламентаризм құрудың алдында тұрмыз» деп мәлімдеді.
Жаңа депутаттық корпус өзінің жұмысқа қабілетті екенін бірден көрсетті. Жоғарғы Кеңес жылына екі-үш рет шақырылса, Мәжіліс үздіксіз қызмет істеді. Бас-аяғы бес айдың ішінде ол 35 жаңа заң қабылдады. Бірінші шақырылымның бес сессиясы барысында Мәжіліске мемлекеттік маңызы бар 644 заң түсіп, депутаттар олардың 558-ін мақұлдады.
Сәуір айында ҚХА-ның III сессиясында әрбір қазақстандыққа саналы түрде өз азаматтығын шешу жайлы мәселе көтерілді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «азамат дегеніміз – шыққан тегіне қарамастан, өз тағдыры мен ел тағдырын ортақ деп қарайтын адам» екенін барлық азаматтардың есіне салды.
Қазақстан 1996 жылдан бастап бірінші рет 1 мамырды Қазақстан халқының бірлігі мерекесі ретінде атап өте бастады. Бұрынғы бірінші мамыр дәстүрі жаңа қазақстандық мазмұнға ие болды. Ұлтаралық қатынастардың қазақстандық үлгісі елдің төл тарихына арқа сүйеп, этностық және азаматтық сәйкестіктің маңыздылығын түсінуге негізделді.
Маусым айында республикалық Ғылым академиясы өзінің 50 жылдығын атап өтті. Осы жағдайға байланысты өткен салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Ғылым саласында болған өзгерістердің Академияға үлкен жауапкершілік артатынын – оны батыл ойлар генераторы болып, инновациялық жобаларды әзірлеуде жетекші рөл ойнауға міндеттейтінін» ерекше атап өтті.
2 шілдеде қабылданған «Саяси партиялар туралы» Заң Қазақстандағы партиялық құрылыстың жаңа кезеңіне жол ашты, ал Конституцияға енгізілген түзетулер – Мәжіліс құрамын ең алдымен партиялық тізім бойынша сайланатын депутаттар есебінен кеңейту елдің қоғамдық-саяси өміріндегі партияның рөлін күшейтті.
(Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабынан)