Basty bet
БАҒБАН БОЛСАҢ, БАҚША ӨСІРІП, БАБЫН ТАП…
Ауылда бағбан бар ма? Көп іздедік. Өкініштісі, өз iсiнiң хас шеберi болатындай бағбан аз, тіпті жоқтың қасы. Неге десеңiз, бақ баптауды кәсiп, мамандық дәрежесiне көтере алмадық. Бағбанды бағалауымыз төмен. Ерiнбеген етiкшi болады. Бiздiң бағбан деп жүргенiмiздiң көбi жұмыстың жоқтығынан амалсыз бағбан болғандар немесе зейнет жасындағылар. Ал Францияда бағбан болып кiлең жас қыз-жiгiттер жұмыс iстейдi екен. Өйткенi онда ең бағалы, құрметтi мамандық осы – бағбаншылық. Еңбекақысы да басқалардан беделді. Бiз де бағбандықты сондай дәрежеге жеткiзсек, қаншама жасты жұмыспен қамтамасыз етіп, жерімізді әлдеқашан-ақ жасыл желекке көмкеруші едік.
“Жас келсе – іске” демекші, бау-бақша ісін нарықтық қоғамда нан табу үшін емес, қызығушылық пен табиғатқа деген жанашырлықтан бастаған жанның бірі – Т.Дүйсебайұлы ауылының тұрғыны Еркебұлан Ізбасар. Ол осы ауылдағы №28 Амангелді атындағы орта мектептің түлегі. Тараз қаласындағы Жамбыл жоғары политехникалық колледжін информатика мамандығы бойынша тамамдаған.
Бала күнінен үлкендердің жанында жүріп, бау-бақша егудің қыр-сырына қанығып өскен Еркебұлан жас болса да, үй іргесіндегі жарты гектар жерді тиімді пайдаланып отыр. Оның үй іргелік бақшасынан картоп, сарымсақ, қияр, қызанақ, сәбіз, қызылша, жүгері, асқабақ, қырыққабат, болгар бұрышы сияқты көкөністерді және малина, құлпынай, алма, алмұрт, сары өрік, шие сияқты жеміс-жидектерді кезіктіруге болады. Барлығы да жайқалып, өз жемісін беруде. Қазір бақташы, ауыл тұрғындарына картопты және басқа да бақша дақылдарын қолжетімді бағада ұсынып отыр.
Айта кету керек, жас бақташының бұл ісі жай ғана хоббиі екен. Яғни қызығушылығы. Алдағы уақытта тек үй ауласындағы жерге бақша егумен ғана шектелмей, тау бөктерінен бірнеше гектар жер сатып алып, егін шаруашылығымен айналысуды жоспарға қойып отырған жайы бар.
– Қала дей бергеннен гөрі, бір мезгіл ауылдың жағдайын ойлағанымыз дұрыс. Қазіргі жастар еңбек етуден кашады. “Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен” жүргенді қалайды. Бұл дұрыс емес. Берекенің барлығы еңбекпен келетіні белгілі. Өздеріңіз білетіндей, бос жатқан жерлерді игере білуіміз керек.
Адалынан ырзық-несібе тапқанға не жетсін, мен өзім армандағаннан гөрі алға ұмтылып, жұмыс істегенді жақсы көремін. “Қимылдаған қыр асады” дейді ғой дана халқымыз. Ал, еңбек етсең ақын, жазушы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, тілегеніміз алдымыздан, іздемей-ақ табылады деген сенімдемін. Істеген әрбір ісім адалынан болса деймін, – дейді Еркебұлан Ерсейітұлы.
Бізге бау-бақшасын аралатып көрсеткен еңбекқор жанның бақты жағалай еккен шие, сары өрік ағаштары жайқалып, көз тартады. Көкөністер егілген атыздардың жөні бір бөлек. Онда қызанақ, қияр, сарымсақ, қырыққабат, жүгері егіліп, күнделікті жүйелі бақылауға алынған.
Еркебұлан анасы Манат Тілеубаевамен бірге тұрады. Ендігі алға қойған нақты жоспарларының бірі қасиетті қара шаңыраққа құтты келін түсіріп, анасының қолын ұзарту.
Иә, қол қусырып қарап отыру адамды мезі етеді. Ер азамат энергиясын шығармаса, терлеп жұмыс істемесе, сол сияқты өзі қалаған іспен айналыспаса ашуға бой алдырып, ауру шақырады. Азаннан қара кешке дейін осы бақ болмаса уақыт өтпейтіндей.
Ала жаздай баптаған бағынан береке тапқан Еркебұланның еңбеккерлігіне тәнті болдық. Жан дүниесі табиғатпен үйлескен осындай азаматтарымыздың көп болғанына не жетсін, шіркін?
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»