Basty bet

Отбасы – өмір аясы

Отбасы күнінің маңыздылығы мен мәні өте терең. Себебі, адам баласы жарық дүние есігін ашқан күннен бастап барлық өмірі осы отбасымен тікелей байланыста болады. Яғни, отбасы – адам баласының түп қазығы, алтын ұясы.
Отбасы күніне орай аудандық мәдениет үйінде “Отбасы – өмір аясы” атты мерекелік концерт өтті.

Мерекелік кеште барлық ән мен жыр отбасы және әке мен анаға арналды.
Жиналған көпшілікті аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев құттықтады.
-Отан отбасынан басталады.
Елімізде отбасы Неке туралы заңмен қорғалады.
Бала – әрбір ата-ананың бауыр еті, қуанышы болса, елдің болашағы, байлығы. Сондықтан да білім беру, денсаулық сақтау саласындағы барлық реформалар болашағымыз балалардың, жалпы халықтың білімінің сапалы болуына, денсаулығын нығайтуға, тұрмыс жағдайының жақсаруына арналған.
Егер әрбір ата-ана өз ұрпағын өнегелі, мәдениетті, білімді етіп тәрбиелесе, елдің ертеңіне қосқан үлкен үлесі сол. Сондықтан есті ұрпақ тәрбиелеп отырған, бақытты, өнегелі отбасылардың қатары көбейе берсін!- деді Сейітхан Шерелханұлы.
Кезек әнге берілді. “Қызғалдақ” ән-би ансамблінің әншілері орындаған “Қара шаңырақ”, “Әке мен ана”, “Серігім” сынды әуезді әндер көрерменнің жүрегіне жетті.
Режисер Ербол Бекжановтың “Отбасы – бақыт мекені” атты монологының жас ұрпаққа берері мол болды. Яғни, шаңырақтың, отбасының қасиеті, құндылығы, ана мен әкенің, бауырдың қадірі жайлы баяндалған монолог адам жанына жылу сыйлады.
Әсерлі кеш барысында ана, әке туралы өлеңдер оқылып, отбасы туралы мақал-мәтелдер де айтылды. Ақын Қалқаман Сариннің “Жақсылық жаса…” өлеңі оқылды.
“Әйелдің бақыты”, “Ата-анаға алғыс”, “Екі ғашық” әндері де шырқалды.
Отбасы күніне арналған мерекелік концерт үштіктің орындауында “Ауылға сағыныш” әнімен аяқталды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close