Basty bet

«Шұңқырды жамау ақшаны желге шашқанмен бірдей»

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына биыл жазда аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылының онға тарта көшесінің жолдарын ағымды және орта жөндеу жобалары енгізіліп, жұмыс басталып кетті.

Жөндеу жұмыстарының мердігері болып аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты «Жасыл Ел-Жуалы» ЖШС белгіленген. Ағымды жөндеуге ілінген көлік жолының бірі – теміржолдың астындағы көпірден қияға қарай басталып, іргелес жатқан Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылының арасын жалғайтын Тәуелсіздік көшесі.
Тәуелсіздік көшесінің жолы осыдан 5-6 жылдай бұрын орта жөндеуден өткен, іле-шала бюджет қаражаты тағы да шығындалып, орта тұсынан төмен қарай оң қапталын бойлай нөсер суын әкететін науалар орнатылған. Егер жол сапалы жөнделіп, қапталына салынған науалар өзінің мақсатына сай жұмыс істеп тұрса, жол жыл құрғатпай жөнделмес еді, халыққа ұза-а-ақ қызмет еткен болар еді. «Әттеген-ай!» дегізер тұс та осында …
Бір қыс өтпей жатып, жолдың табаны сетінеп, әр тұсынан ойыла бастады. Ал науалар сол күйі іске аспай қалды. Іске аспағаны былай тұрсын, уақыт өте келе, сапасыз жасалған науалардың кей жерлері шытынап, бұзылды, тиісті күтім мен қамқорлықтың болмауынан көпір жақ қиядағы тұсы тазаланбай, лай мен құмға көміліп қалды. Кей тұстарында ішіне шөп қаулап өсіп кеткен.
«Баяғы жартас – бір жартастың» керімен, нөсер жаңбыр мен қарғын су науалармен ақпай, бұрынғысынша, жолдың үстіне жайылып, асфальт жамылғысын бүлдірді. Тіптен, асфальт жолдың ортасын ойып, кішігірім сай қылып тастады. Көктем шыға, күн жылына бастағанда, конкурс өткізіліп, мердігер жолдың ойылған шұңқырларын бітеп береді. Ал нөсер жауын екі рет жақсы жауып берсе болды, жолдың ой-шұңқыры қайта таз қалпына келеді. Жылда қайталанатын бұл жайтқа жолға жауапты атқамінерлердің де, тұрғындардың да «еті өліп» кеткен.
Апта басында мердігердің көше жолының ой-шұңқырын «жамауға» кіріскені сол еді, оған аудандық мәслихаттың бұрынғы депутаты, қоғам белсендісі, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының аудандағы бөлімшесінің директоры Шорабай Ысқақов араласты.
Жақын маңдағы көшелердің бірінде тұратын Шорабай Ысқақов жөндеу жұмыстары басталатын жерге келіп, бір күн бұрын жолшылар дайындаған шұңқырларды көрген. Технология бойынша шұңқыр жиектері мен орта тұсы теңдей 5 см тереңдікпен шаршы етіп қазылып, жиектеріне 700-800 градус ыстықта қайнатылған қарашайыр (смола) жағылуы тиіс. Қарашайыр қазылған шұңқыр мен асфальт жамауды біріктіретін элемент қызметін атқаруы тиіс.
Қоғам белсендісі келгенде жолшылар жөндеуге қажетті техникалары мен құрал-саймандарын дайындап, жұмысқа кіріскелі жатқан еді. Анадай жерде иінінен ауыр «демалып» 18 тонна ыстық асфальт тиелген «КамАЗ» автокөлігі тұрды. Бірақ, ыстық қарашайыр бөшкесін сүйреген трактор оның көзіне түспеді. Мердігердің бұған дейін жөндеген көшелерінің кей тұстарында қарашайыр жағылмағанын көрген қоғам белсендісі сол заматта дабыл қағып, бізге қоңырау шалды.
Дабылмен жедеғабыл жеткен бізге Шора Ысқақов та ыстық қарашайыр бөшкесін сүйреген трактордың өзі дабыл қаққаннан кейін ғана келіп жеткенін, қазылған шұңқырдың тереңдігі талапқа сай келмейтінін, жиектерінің 5 см емес, оның жартысын да құрамайтынына айтты.
Жөндеу жұмыстарының басы-қасында жүрген «Жасыл Ел-Жуалы» серіктестігінің бригадирі Ислам Эрисхановты сөзге тарттық. Оның айтуынша, бұған шұңқырды қазған трактордың түрені кінәлі көрінеді. Оның түрені тек шұңқырдың орта тұсын ғана терең етіп қазып, жиектеріне тісі батпайды екен. Шора Ысқақов бригадирдің бұл пікірімен келіспейді. «Егер түреннің тісі батпаса, жұмысшылардың қолында электрлі тескіш құрылғы болуы тиіс, сонымен неге тесіп, тегістемейді?» дейді. Жолдың қия бетінде жамауға дайындалған барлық шұңқырлардың жағдайы осындай болып шықты. Шұңқырдың жиегіне құйылып жатқан қарашайыр аса сұйық екен, қоғам белсендісі «оған дизель отынын шамадан көп араластырған» деп есептейді.
Сол арадан өтіп бара жатқан Көлбастау ауылының тұрғыны, 40 жыл қоғамдық көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген Сәби Абдрасилов жол азабын біркісідей көргенін, қазір жолдарды талапқа сай жөндеуге барлық мүмкіндіктің бар екенін айтады.
– Жөндеу жұмыстары осылай басталып, жүргізілгеннен кейін, оның сапасы туралы не айтуға болады? Оның бір-екі нөсер жауын жауып өткеннен кейін қайта бұзылмасына кім кепіл?! Бізді ашындыратыны сол, бюджеттен қыруар қаражат бөлініп, жөнделген нысанның ұзаққа қызмет етпей, ақшаның желге ұшуы. Ал мұндағыларға жұмысты тезірек бітіріп, кетуі керек, – дейді Шорабай Ысқақов
Қоғам белсендісінің ашу-ызасына тигені де сол, айғай-шу шыққан жерде не әкімдіктің бөлім басшысы, не серіктестік директоры төбе көрсеткен жоқ. Ал, сүт пісірімдей уақыт бригадирмен қызылкеңірдек болып айтысқан Шорабай Ысқақовтың сұрақтарына ешкімнен жауап ала алмай, қайтуына тура келді.

Абылайхан Сәрсен,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close