Basty bet

Шынықсаң, шымыр, төзімді боласың

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның дамуы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек.
Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл саламатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастарды.
Осы бағдарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, сондай-ақ Бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылдау қажет» делінген.

Аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетовтың айтуынша, ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында ауданда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 16 401 адамды, немесе жалпы халықтың 31,0 пайызын құраған.
Есепті мерзімде бөлімге бағынысты екі спорт, бір бокс мектебінде 1 581 шұғылданушы, аула клубында 297 оқушы тіркелген. Бұл аудан бойынша жалпы 7-18 жас аралығындағы балалардың 17,6 пайызын құрап отыр.
Ауданда 124 спорт объектісі бар десек, соның ішінде бір стадион, бір спорт кешені, 38 спортзал, 11 футбол алаңы, 73 спорт алаңшасы. Ағымдағы жылы Күреңбел және Қызыларық ауылдарында жасанды төсенішті футбол алаңшалары, Ақбастау ауылында «Street Workout» алаңшасы орнатылды. Салыстырмалы түрде алғанда өткен жылдың алты айында 112 спорт нысаны, ал осы жылдың екінші жартысында 10 ауылдық округте «Street Workout» алаңшалары пайдалануға берілген.
Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында алдағы жылы Бауыржан Момышұлы ауылында спорт кешенін салу, Жетітөбе ауылдық округінің Кәріқорған және Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылдарындағы спортзалдарды қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, бүгінгі күні сараптамадан өткізілуде. Ағымдағы жылы бокс мектебіне және орталық стадионға да жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Спорт объектілерінің барлығы ауыл тұрғындарына спортпен айналысуы үшін қолжетімді. Спорт объектілерінің ауыл тұрғындарына қолжетімділігін қамтамасыз ету кестесі әзірленіп, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
Бөлімге бағынысты мекемелерде, яғни екі балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен бір бокс мектебінде барлығы 100 штат бірлігімен 100 адам қызмет етеді. Оның ішінде 45 жаттықтырушы бар. Аудандағы 14 ауылдық округте спорт жөніндегі әдіскер-нұсқаушы жұмыс істеп, бұқарлық спорттың дамуына өз үлестерін қосуда.
Жалпы ауданда 2020 жылы жалпы білім беру мекемелерінде барлығы 135 дене шынықтыру саласының мұғалімдері тіркелсе, «Жуалы» колледжінде үш мұғалім жұмыс істейді.
Ауданда жалпы білім беру мекемелерінде жеті спорт түрі бойынша 135 үйірме жұмыс істейтін болса, бұл үйірмелерге 6 516 оқушы қамтылған.
Есептік мерзімде ауданда 110 спорттық іс-шара өткізілді және осы іс-шараларға 20 185 адам қамтылған. Өткен жылмен салыстырғанда спорттық іс-шаралар санының және қамтылған адамдар санының аз болу себебі, коронавирус пандемиясының таралуына байланысты ағымдағы жылдың екінші тоқсанында спорттық іс-шаралар ұйымдастырылмады.
Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында дойбы, шахмат және қол күресінен спорттық іс-шаралар ұйымдастырды. Сонымен бірге, індетке қарамастан, облыстық спорт және туризм басқармасының ұйытқы болуымен шахмат, тоғызқұмалақ ойындар онлайн режимінде өткізілуде. Одан бөлек, басқарма облыс орталығындағы атақты спорт саңлақтарын тәрбиелеп шығарған ірі спорт мектептерді дәріптеу, насихаттау мақсатында онлайн-экскурсиялар ұйымдастыруда.
Спорттық іс-шаралар ішінен ауқымдырақ өткізілгендері Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына орай өткен аудандық спартакиада, Халықаралық әйелдер күніне орай өткізілген іс-шараны атап өтуге болады.
Маусым айында ауылдық округтерде және Бауыржан Момышұлы ауылында аула ойындарынан және асық атудан ауылдық, аудандық іріктеу жарыстары өткізілді.
Жуалы ауданынан халықаралық және республикалық жарыстарда өнер көрсетіп жүрген спортшылар бокстан Әбілхан Аманқұл, Сағадат Рахманқұл, жастар арасында Мақсат Көбетай, Дамир Әбдіқадір, Дархан Дүйсебай, Шапағат Дәулет. Әбілхан Аманқұл Токио қаласында өтетін Олимпиада ойындарына жолдама ұтып алған еді. Алайда, 2020 жылға белгіленген халықаралық Токио олимпиадасы эпидемиологиялық ахуал жақсарғанға дейін келесі жылға қалдырылып отыр.
Футзалдан ардагерлер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатында 40 жастан асқан ардагерлер чемпион атанып, 50 жастан асқан ардагерлер төртінші орын алды.
Жасөспірімдердің 2020 жылғы көрсеткіштеріне келер болсақ, Қазақ күресінен 2000-2002 жылы туған жастар арасындағы Жамбыл облысының чемпионатында Мөлдір Сағымбаева, Жеңіс Қалдыбек І орынды, Регина Орынбаева ІІ орынды иеленді. Дзюдо күресінен 2003-2004 жылы туған жасөсірімдер арасында Жамбыл облысының чемпионатында Тоқтар Шайдулин І орын, үстел теннисінен жасөспірімдер арасында Жамбыл облысының чемпионатында Нұрислам Мұхамедсапа ІІ орын, Мейірім Әмірқұл ІІІ орынды иеленді. Таеквондодан Шымкент қаласында өткен «SHYMKENT CUP» атты халықаралық турнирде Қанат Рақымберді ІІІ орынды иеленді. Таеквондодан Алматы қаласында өткен «Чемпион» республикалық турнирінде Әліби Жұмағали, Бекнұр Абдрамбек, Арсен Рысбай, Мирас Жүрсін І орын, Кәусар Қонысбай ІІ орын, Аяулым Әбуқызы ІІ орындарды иеленді. Бокстан жасөспірімдер арасындағы Қазақстанның аймақтық жарысында Бексұлтан Боранбек ІІ орынды жеңіп алды.
– Ағымдағы жылы бұқаралық, ұлттық спортты дамытуға және облыстық жарыстарға аудан командаларын қатыстыру үшін 17 533,0 мың теңге бөлінген. Алайда, бүкіл әлем елдерін алаңдатып отырған «COVID-19» коронавирустық инфекциясының зардабы спорттық жарыстарға да тиіп отыр. Сондықтан барлық деңгейлердегі спорттық жарыстар кейінге шегерілді. Тұрғындарға айтарым, дене белсенділігін арттырып, бой жазу жаттығуларын көбірек жасауға көңіл бөліңіздер. Індеттің де беті қайтар, жақсы күндерге де жетерміз. Шынығып, шымыр болуды, сау болудың қамын ойлайық дегім келеді, – дейді аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close