Basty bet
Атқарылатын шаруаның ауқымы кең
Ауданымыз ауыл шаруашылығына бейімделгендіктен, агросалада атқарылатын жұмыстардың ауқымы кең. Аграрлық әлеуетті арттыру, мал басын, егістік көлемін көбейту, қолдағы төрт түлікті асылдандыру, сапалы тұқым егу, міне, осындай қыруар шаруалар ауыл шаруашылығы саласына жауапты бөлім қызметкерлері мен аудан шаруаларының алдында тұрған үлкен межелі міндет. Осы орайда асыраушы саланы дамытуды қолға алуды, оның әлеуетін барынша тиімді пайдалануды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында басым міндеттердің бірі ретінде атап өтті. Себебі, әлемде азық-түлікке деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді.
Қыс мезгілі аяқталып, көктемнің хабаршысындай болған наурыз айы да келіп жетті. Аудан шаруалары үшін жауапты кезең – көктемгі дала жұмыстары басталғалы отыр. «Қыстың қамын жазда ойла» деген ұстанымды мықтап ұстанатын шаруақор ағайын егіс басына шығады. Жерін айдап, дәнін себеді. Көктен мол жауын тілеп, еккен егіннің бітік шығып, берекелі болуын ойлайды. Бұл біздің бұрыннан келе жатқан дәстүрлі ісіміз.
Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязовтың айтуы бойынша, ауданда ауыл шаруашылығы жерлері 213 151 гектарды құрайды екен. Оның ішінде 97 315 га егістік жер, суармалысы 8377 га, шабындық 3690 га, жайылым 106 860 га, көпжылдық екпелер 265 га, басқа да жерлер 5021 га.
Ал көктемгі дала жұмыстарына келсек, 2020 жылдың өнімі үшін нысаналы индикаторлық көрсеткішке сәйкес, жаздық арпа 25 760 га, дәндік жүгері 300 га, майлы дақылдар 21 090 га, (оның ішінде мақсары 19 860 га, күнбағыс 930 га, қытай бұршағы 300 га), картоп 2 460 га, көкөніс 650 га, бақша 10 га, сүрлемдік жүгері 750 га, жаңа егілетін көп жылдық шөптер 2620 га егу жоспарлануда және 8090 га сүр (пар).
Мал азығына арналған дақылдар ауданда 29 340 гектарда орналасқан. Оның ішінде өткен жылдардағы көпжылдық шөп 25 970 га, биылғы егілетін таза жоңышқа 2620 га, сүрлемдік жүгері 750 га. Сонымен қатар, 2020 жылдың өнімі үшін 9615 га күздік бидай егу жоспарланған, нақты себілгені 9620 га (100 пайыз) (оның ішінде 6760 га сүр жерге себілді).
Күзгі дала жұмыстары барысында Алматы ғылыми- зерттеу институтынан Шақпақ ауылдық округіне қарасты «Арна» шаруа қожалығы күздік бидайдың элиталық «Богарный-56» және «Стекловидный-24» сорттарының – 7, 2 тонна, Көкбастау ауылдық округіне қарасты «Ержан» шаруа қожалығы элиталық күздік бидайдың «Стекловидный-27» сортының -20,2 тонна және Жетітөбе ауылдық округіндегі «Алина» шаруа қожалығы элиталық күздік арпаның «Айдын» сортының 20,1 тоннасын әкеліп, алдын ала дайындалған сүр (пар) алқаптарына септі.
Бүгінгі күнге Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы «Красноводопад» тәжірибе стансасынан жаздық арпаның элиталық «Бәйшешек» сортының 14 тоннасын алуға шаруаларды ұйымдастырып алу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Алматы ғылыми- зерттеу институтымен элиталық тұқымдарды алу бағытында жұмыстар атқарылуда.
Сапалы тұқым себу – мол өнім алудың бірден-бір кепілі. Аудан шаруашылықтарына қажетті жаздық арпа және мақсары дақылдарының тұқымдары аудандағы тұқым зертханасына өткізіліп, тексеруден өткізілуде. Бүгінгі күнге жаздық арпаның 460 тоннасы тексеруден өткізілген. Оның ішінде, 112 тоннасы – 1 класс, 308 тонна – 2 класс және 40 тоннасы – 3 классты құрады. Аудандағы агроқұрылымдар мен шаруашылықтарда бүгінгі күнге 595 тракторлар тіркелген. Сонымен қатар, 12 дана тұқым дәрілегіш, 127 дана дән сепкіш, 200 дана соқа, 125 дана культиватор, 112 дана тырма көктемгі дала жұмыстарына дайындық жасауда. Бүгінгі күнге жалпы техникалардың 81 пайызы жөндеуден өткізілген. Жұмыс жалғасуда.
Ағымдағы жылға кепілдендірілген дизель отынын таратушы болып операторлар «Аққайың» ЖШС және «Ауыл мұнай» жеке кәсіпкерлігі ұсынылды. Ауыл шаруашылығына науқандық жұмыстарына қажетті 4280 тоннаға ұсыныс берілді. Күздік бидайды минералды тыңайтқыштармен қоректендіру мақсатында 70 тонна аммиакты селитра егістік жерлерге енгізілді. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті минералды тыңайтқыштар алу үшін аудан шаруашылықтары «ҚазАзот» ЖШС-мен 260 тоннаға келісім-шартқа отырды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Еккен егінді суғарып, баптау да үлкен маңызға ие. Осы ретте су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша 2019 жылы жоспар 100 га, нақты атқарылғанын айтсақ, Қызыларық ауылдық округіндегі «Дархан» шаруа қожалығы 22 миллион теңгеге жаңбырлатып суғару қондырғыларын орнатып, көпжылдық шөп алқабын жаңа технологиямен суғаруда.
Ауданда 8377 га суғармалы егістік жерлер бар. Оның ішінде, 1608 гектар егістік алқапқа жаңбырлатып суғару қондырғылары орнатылып, ауыл шаруашылығы дақылдары суғарылуда. Бұл барлық суғармалы жердің 19,2 пайызын құрайды.
2020 жылы алға қойылып отырған жоспар тағы 100 гектар. Бұл орайда Қызыларық ауылдық округінен «Ахмет» шаруа қожалығы жаңбырлатып суғару қондырғыларын орнатуды жоспарлап отыр.
Суғармалы жердің көлемін ұлғайту мақсатында Ақсай ауылдық округінде Қайрат, Шетбұлақ, Ақтөбе ауылдық округінде Жарбұлақ және Қарасаз ауылдық округіне қарасты Береке су тоғандары «Жамбыл су қоймалары» мекемесінің қарамағына беріліп, ағымдағы жылы су тоғандарын қалпына келтіру жұмыстарын атқаруға қаражат қарастырылуда. Бұл жұмыстар толықтай аяқталғанда 390 гектар суғармалы жер айналымға қосылады деп күтілуде.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»