Basty bet

Айсезімге бас жүлде бұйырды

“Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары жаны жаздай жайраңдаған.
Қыз өссе – елдің көркі деген сөзді,
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам” деп ақын ағамыз Исраил Сапарбай жырлағандай, қазақ қызы қашан да көркімен, ақылымен, ибалылығымен тамсандыра білген.
Кеше аудандық “Достық” мәдениет үйінде қазақ қыздарының бойына барынша ұлттық салт-дәстүр мен тәлім-тәрбиені сіңіру мақсатында “Жуалы аруы – 2021” аудандық байқауы өтті. Қылықты, талғаммен киіне білетін, көркем сөйлейтін және заман ағымына да сай бәсекеге қабілетті бойжеткендерді саралайтын байқауды аудандық “Жастар ресурстық орталығы” ұйымдастырды.
Байқауға ауданымыздағы елді мекендерден 17 ару қатысты.
Байқау “Сымбатты жанның айнасы” таныстыру, “Қыз өссе – елдің көркі” сахналық ұлттық өнер, “Ойлы болсаң, озып көр” сұрақ-жауап, “Ойлай білген де ою оя біледі” қолөнер сайысы, яғни төрт кезеңнен тұрды.
Байқауға қатысушы қыздардың киімдері өте әдемі. Жақсы дайындықпен келген қыздар да бар. Алайда байқау барысында әттеген-ай деген тұстар да аз болған жоқ. Яғни, ережені дұрыс түсінбеу, дайындықтың шалалығы көрініп тұрды.
Арулардың өнерін қазылар алқасы көріп, талқылай келіп, жүлделі орындарды белгіледі.
Байқаудың бас жүлдесі Диқан орта мектебінің оқушысы Айсезім Ғаниқызына бұйырды. І орынды Күреңбел орта мектебінің оқушысы Бақытгүл Бекетқызы иеленді. Ал, жүлделі ІІ орынды Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Аяна Әбуқызы, ІІІ орынды Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің оқушысы Айнагүл Лесбек жеңіп алды. Сонымен қатар А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің оқушысы Айша Өмірбайға “Көрікті ару” номинациясы, Көктөбе орта мектебінің оқушысы Аяна Қадырбекке “Инабатты ару” номинациясы берілді.
Жеңімпаздарды “Асыл арман” ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау қоғамдық бірлестігінің төрағасы, “Инабатты ару” байқауы жобасының авторы Ринат Даниярұлы мен көпбалалы ана, аудандық “Аналар алқасы” кеңесінің мүшесі Ранай Айымбетова бастаған қазылар алқасы бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапаттады.
Байқаудың бас жүлдегері мен І орын иегері (төртінші суретте) облыстық байқауға жолдама алды.
Беттегі суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close