Basty bet

Батыр даңқы ғасырдан- ғасырға жасай береді

«Қазақ қаламгерлерінің ішінде Бауыржан Момышұлындай өз ұлтын сүйген жазушы жоқ».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

«Таулар алыстаған сайын биіктей береді». Қазақтың қасиетті топырағы – Жуалы жұрты өзінің тау тұлғалы перзентінің алдында тағы да тағзым етіп тұр. Иісі Алаштың өр тұлғаларының жалғасы, Отан қорғаған қаһарман ұлдарының бірі – Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толды.
«Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген нақыл халқының Бауыржан сияқты асыл ұлдарына байланысты айтылған болса керек. Бауыржан ата ғибраты бүгінде ұрпақ санасына сіңіп, көңіл көгіне жетті. Ол туралы тағылымы мол естеліктер де, том-том кітаптар да бар. Бәріне де шүкір. Дегенмен ХХ ғасырда өткен аламан уақыт, Батырдың таласты-тартысты ғұмыры бізге оларды қайтадан саралап, ой жіберуге мүмкіндік береді.
Бауыржан Момышұлының туған жері Мыңбұлақ талай елге мәлім тарихи орын. Алатау мен Қаратаудың түйіскен тұсындағы бұл құйқалы жазық түркі тектес халықтардың, қазақтардың ата-бабаларының талай хан, қағандарының ордасы болған. Сол ордаға көп елдің елшілері келіп ат басын тіреген.
ХХ ғасырдың саңлағы атанған Баукең бір ғана нәрсені – халқын теңдікке жеткізуді ойлады. Ол халықтардың арасындағы теңсіздікті қалаған жоқ. «Ешқандай халықты бірінен бірін артық, кем көруге болмайды» деп есептеді, сол жолда қаруымен де, қаламымен де күрескен Бауыржан Момышұлы кезінде аз соққы көрген жоқ. Соның бәрі халқының қамы үшін еді.
Даңқты қолбасшының өмірінде Мәскеу түбіндегі қиян-кескі шайқас ерекше орын алды. Қазақстандық 316-шы атқыштар дивизиясы ұрысқа кіріскен алғашқы күннен-ақ ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, әр сүйем жер үшін шайқас жүргізді. Соның арқасында Мәскеу түбіндегі ұрыста Гитлердің «жаужүрек армиясы» туралы аңыздың күлі көкке ұшты. Кеңес Одағының Батыры деген атаққа ие болған 28 панфиловшының оны – Жетісу жерінің түлектері. Дивизия құрамында Бауыржан Момышұлы ұрыс жүргізу теориясына жаңалық енгізген және оны жүзеге асырған талантты қолбасшы ретінде танылды. Сөйтіп, Қазақстанның, қазақтардың атағын айдай әлемге шығарды. Ақ теңіз бен Қара теңіз арасындағы мыңдаған шақырым майдан шебінде одан даңқы асқан батальон командирі болған жоқ.
Ол аға лейтенант шенінде полк басқарған өз майданындағы бірден-бір командир болды. Кейіннен 8-гвардиялық дивизия аталған алматылық құрама мен полковник Момышұлы басқарған 9-гвардияның төрт жылдық жауынгерлік жолы Баукеңнің майданның ең шешуші, ұрымтал тұстарында шайқасқанын көрсетеді.
«Отан үшін отқа түс, күймейсің» деп жауынгерлерге ұран тастаған намысты сардар күнделікті міндеттерді ғана шешумен шектеліп қалмады. Ол Отан қорғау мәселесіне кең тұрғыда қарады. Өзін «Кеңес Армиясының сардарымын» деп қана есептеген жоқ, «Қазақ халқының перзентімін» деп білді. Сондықтан да ұрыс алдында бұйрық беріп қана қойған жоқ, ұлт тағдыры туралы ұлағатты сөздер айтып, әр жауынгердің отаншылдық сезімін оятты. Жауынгерлік парызын өтеу үшін қару ғана ұстамай, халқы алдындағы парызын өтеу үшін қолына қалам да ұстады. Бауыржан Момышұлы майданда жүріп, жау қоршауын ғана бұзған жоқ, кеңестік империяның ой құрсауын да бұзды.
Ол жауынгердің басты қаруы – ұлттық рух екенін ашық айтты. «Қазақтар, басқа ұлттар да өз ұлтын, өткен батырларын, салт-дәстүрін мақтаныш етуі керек, сонда ғана жауынгердің бойына күш еселеп құйылады» деп есептеді.
«Халықты жауынгерлік асыл қасиеттерге тәрбиелейтін дәстүрлерінен қалай айыруға болады? Игі дәстүрлерді архивтің сөрелеріне қаттап қоюға бола ма екен? .. Бұл бір ұлттық масштабта ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік масштабта, әлемдік масштабта да өте үлкен зиян келтіреді» деп ашына айтты. Мұндай батыл айыптауды қылышынан қаны тамған заманда тек Бауыржан ғана айта алды. Оның батырлығы атқан оғында ғана емес, айтқан сөзінде жатыр еді.
Кеңестік идеология Бауыржанды соғыс сардары ғана етіп көрсеткісі келсе де, ол майданда жүргенде-ақ халқының жоғалтқанын іздеген жоқшысына айналды. Ал жоғын жоқтаған адамды халқы ту етіп жалаулатты. Сөйтіп ол сардарлықты қайраткерлік биікке көтерді.
Ол ешқашан шен-шекпенді, биік лауазымды ойлаған жоқ, халқының ар-намысын ойлады. Алдындағы жаумен айқаса жүріп, артындағы елінің тағдырына тебіренді, алдындағы жауына оқ жолдаса, артындағы халқына сөз жолдады. Бауыржанның ұлттық рух, ұлттық патриотизм жөніндегі батыл ойлары соғыс жағдайындағы идеологиядан аса алшақ кетпейтін еді. Бірақ, ұлт үшін таңдау ақиқатын халықтың өткенінен іздеуі империялық көзқараспен сәйкес келген жоқ. Сондықтан да оның соғыс кезінде жазған қыруар жазбаларын, хаттарын, лекцияларын, Мәскеу мен Алматының мінберлерінде сөйлеген сөздерін сол кездің идеологтары қалың көпшілікке қаншалықты жеткізгісі келмегенімен, «отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарады».
Иә, елі дара туған Баукеңді Халық Батыры деп атады. Ал алып империя саясаты оған Батыр атағын қимады. «Ұлтшыл!» деді. Ұлтын сүюдің мәні бар екенін ұқпады. «Бәрі де бекер. Айтқаныңа көнбейді» деді. Иә, көнбеді … Солақай саясаттың озбырлығына көнбеді, ол «Ноқтаға басы сыймаған» адам еді, ол Тарихтың талқысы ғой.
Момышұлы университетінен өткен әрбір адам халқына, ұлтына неғұрлым жақындай түседі, еліне деген перзенттік махаббаты артады. Кіндік қаны осы киелі өңірде тамған Баукең өмір сүрген жебелі ғұмырында қайсарлық пен ерліктің, алғырлық пен адалдықтың асыл құндылықтарын бір бойына жинап қана қоймай, азаматтықтың ақ туын жоғары ұстаудың үлгісін көрсетіп кеткен кесек, дара тұлға.
Қазақ деген халықтың санасына отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімін сіңіруге ұмтылған, осы мақсатқа жету жолында ешбір адамнан тайсалмай өткен ұлы тұлғаның қазақ елінен, Жуалы жерінен шыққанын мақтан етеміз. Ұлыны ұлықтау – халқымның асыл қасиеті. Алаш даңқын асырған Бауыржан Момышұлының ғасырлық мерейтойы осынау Таутұлғаның халықтың рухын көтеруге ықпал ететін ғұмырнамалық символы деп есептеймін.
Бауыржан Момышұлы – батыр, дала дауылпазы ғана емес, халқының аяулы жүрегінің төрінен орын алған, Абай сөзімен айтқанда, «Сүйер ұлың болса, сен сүй. Сүйінерге жарар ол» дегендей, елінің сүйікті ұлы. От жүрегі Отан деп соққан ардақты ұлына құрметін, махаббатын қалың жұртшылық әлемге осылай паш етті. Ар-абырой, атақ, мерей деген осындай болса керек.
Баукеңнің даңқы әлі де ғасырдан ғасырға жалғасарына сенемін. Қан майданда да, жәй майданда да Құдайдан ғана қорқып, еш адамнан ықпаған, өмірде қандай қиындыққа тап келсе де мойымай, нар жүгін көтерген, намысы наркескендей өткір Баукең ғұмыры жастарды отаншыл рухта тәрбиелеуге, Қазақстан патриотизмін қалыптастыруда өлшеусіз өнеге.
«Жауынменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деген. Халық нақылы негізінде батыр атамызға Имаш атасының берген батасының дауасы тиген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, батыр атамыз әскерде солдаттарды батылдыққа, өжеттікке, Отанды қорғауға, ел үмітін ақтауға тәрбиеледі. Әскерде темірдей тәртіп орнатуға, командирдің бұйрығын екі етпей орындауға сарбаздарды тәрбиеледі. Одақтың ортақ Отан екендігін жауынгерлерге түсіндірді, ерлік жасау азаматтық іс екендігін жоғарғы сезіммен бағалады. Парыз бен қарызды, әсіресе, Отан алдындағы парызды өтеу мәртебелі міндет деп есептеді.
Батыр Бауыржан Момышұлының майдандағы ерлігі бейбіт өмірде де заңды жалғасын тапты. Қолына қалам алып, халқына тамаша шығармаларын, сүйікті кейіпкерлерін сыйға тартты. Олардың қай-қайсысы да миллиондардың жүрегіне Бауыржан болып сапар шекті, сырласты. Сол арқылы кешегі қан майданда Халық Батыры атанған қаһарман ұлы, енді қаһарман қаламгер болып қайта туды. Бауыржан Момышұлы халықтың жақсы өмір құруына зиянын тигізетін кесір атаулының бәрімен аяусыз ашық айқасқа түскен жан. Оның қай кезде, қандай жағдайда айтқан сөздері болсын елді бірлікке, бірлесіп тіршілік етуге үндеді, халықтың дінін, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтауға шақырды. Бауыржан атамыздың ақ алмастай өткір сөздері ешқашан да маңызын жоймақ емес. Бүгінде де солай. Халықты бірлікке, ынтымаққа шақырып тұрғандай!
Баукең патриотизм деген ұғымды мына сөйлемге сыйдырған. «Патриотизм – «мен Отанды сүйемін, ол үшін жанымды беремін» деген бос сөз емес. Менің өмірден тоқығаным: Отанға деген сүйіспеншілік ата-анаңа, бауырларыңа, туып-өскен ауылыңа, қалаңа, өз ұлтыңа деген махаббаттан басталады. Ата-анасын сыйлайтын ұл сабақты да жақсы оқиды, тәртіпті, еңбекқор, адал болып өседі. Бұл – өте қажетті қасиеттер. Өз ауылының тасын қадірлемеген басқа ауылдың тауын да сыйлай алмайды. Халықтар арасындағы қасиетті достық осы сезімнен басталады».
Қандай астарлы ой! Жасөспірім ұрпақты осы бағытта тәрбиелеу керек деген ойды қадап айтады. Патриотизм деген, бұл – бір шың. Соған көтерілмей, жалпыұлттық құндылыққа жете алмайсың. Елімізде бүгінде «Бауыржан Момышұлы мұрасы және патриоттық тәрбие» деген арнайы бағдарлама бар.
Баукеңнің негізгі аманаты тіл мәселесі еді. Өз ана тілінің тағдыр-талайына алаңдаған Момышұлы майдан шебінде жүріп, сол тұстағы Қазақ Республикасының басшылығына тіл тазалығы туралы бірнеше хат жолдаған. Ата дәстүрімен тәрбиеленбеген адам ана сүтін ембеген баладай жатбауыр келеді. Тарихын танымаған – мәңгүрт, тілін білмеген – дүбара. Өз ұлтының рухын исінбегендер басқаларға еліктеп кететінін ол көзімен көрді. Сондықтан да ұлттық тәрбиені қалпына келтірудің жобаларын жасап, кейін де республика басшыларына жолдап отырды. Онда қазақ тілі туралы қадау-қадау ойлар айтты.
Бұл құнды ой-пікірлер бүгінде өз маңызын жойған жоқ.
Бауыржан Момышұлының ерлік істері мен оның соғыс қимылдары жөнінде жазып қалдырған еңбектері мен естеліктері, халық арасында «Бауыржан айтқан екен» деген әңгімелері кейінгі ұрпаққа, өз еліне деген сүйіспеншілік пен махаббаттың, ерлік пен елдіктің үлгісі болып қалды. Баукеңнің ерліктері жөнінде осы уақытқа дейін көптеген еңбектер жазылды.
Даңқты Батыр Қазақстанға да, Ресейге де ортақ тұлға болғандықтан, Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында Волоколамск қаласында генерал И.В.Панфилов пен Бауыржан Момышұлына ескерткіш орнатылса, биыл Мәскеуде “Легендарный батыр” жинағы жарық көрді. Бұл да батырдың халықаралық деңгейдегі биік беделінің, асқақ тұлғасының нақты дәлелі. Баукеңнің сол кездегі ерлігін мәскеуліктер әлі күнге ұмытқан жоқ. Ресейдегі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің Халықаралық Одағының бастамасымен Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Мәскеудегі орта мектеп пен ірі көшенің біріне – Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қайсар ұлы, жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлының есімі берілді.
1990 жылы желтоқсанның 11-інде Горбачевтың Баукеңе Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жарлығы шықты. Елу жыл күткен халық үміті Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың оң көзқарасының нәтижесінде ақталды ғой. Сол бір қуанышты күн туралы мынадай әңгіме бар. Бақытжан Момышұлына жолдаған құттықтау хатының соңында Елбасы: «Бауыржанның жұлдызды болған күні – халықтың жұлдызы жанған күні» деп жазды. Осы жерде бір ой айтқым келіп отыр. Шерағаңның айтқан бір сөзі бар: «Бауыржан Момышұлын біз тек қана батыр деп қабылдамауымыз керек. Үңіліп қарасақ, оның тұла бойы тұнып тұрған ақыл». Бұл сөздің, әрине, жөні бөлек. «Баукең неге ерекше батыр, Баукең неге дара батыр?» дегенде Баукеңнің батырлығы мен ақылдылығы халық даналылығымен үндесіп, ұштасып жатқанын айтуымыз керек.
Баукеңнің тағы бір ерекшелігі – көрегендігі. 1947 жылы жазған бір өлеңінде Баукең былай депті:
Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде,
Деп жылар сорлы қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түкпірінен сөз келгенде.
Байқап қарасақ, «сексен мен жүздігімді» деген атаулы сандардың астарында үлкен мән жатыр. Неге десеңіз, 80 жылдығында Баукең Кеңес Одағының Батыры атағын алып, халқымен қайта қауышса, биылғы 110 жылдық мерейтойын, міне, бүкілхалық болып кең көлемде атап өтудеміз.
Тойға дайындық қамы Батырдың кіндік кескен жұртында күнілгеріден басталды. 2007 жылдың өзінде қалың қауымның күшімен сол тұстағы «Алматы-Ташкент» халықаралық күрежолдың бойынан Батырдың еңселі ескерткіші тұрғызылып, аудан орталығының ажарын аша түсті. Жерлесіміз, айбынды генерал, Ауған соғысы ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев Бауыржан Момышұлының құрметіне «Құрмет белгісі» орденін шығарды.
«Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы Төле би және «Сауап» қоғамдық қорларының демеушілігімен «Батыр шапағаты» медалін жыл сайын Бауыржан Момышұлы мұрасын зерттеп, зерделеп жүрген азаматтарға тапсыруда. Түрлі деңгейдегі мәдениет ошақтарында, кітапханаларда Момышұлына арналған мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Онда Баукеңнің өмірі турасында мол мағлұматтар беріліп, жұртшылықтың рухани азығына айналды. Жастардың арасында түрлі байқаулар өткізіліп, Баукең есімі жас көңілдерге жігер беруде.
Баукеңнің 100 жылдық мерейтойына орай Тараз қаласындағы «Бауыржантану» орталығы Батырдың 40 томдық академиялық жинағын басып шығарды. Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмдер түсірілуде. Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында орналасқан мемориалдық музей күрделі жөндеуден өткізіліп, жәдігерлер қоры толықтырылуда. Музеймен іргелес орын тепкен Бауыржан Момышұлы саябағы абаттандырылды.
Баукеңнің кіндік қаны тамған Орақ-балға өңіріндегі Момыш бұлағы Қазақстанның «Киелі жерлер картасына» енгізілді. Бауыржан Момышұлы-Талапты бағытындағы автомобиль жолының бойынан Момыш бұлағына бағыттағыш қойылды. Демеушілердің қаражаты есебінен бұлақ басы көркейтіліп, әшекейлі кірпіштермен әрленді, алыстан жұрт назарын өзіне аударатын бойшаң стелла орнатылды.
Баукеңнің әскери, педагогикалық, этнографиялық және әдеби мол мұрасы 90-жылдардың басынан бері әлденеше рет қайта басылып, қалың көпшіліктің игілігіне айналды. Еліміз егемендік алар тұста халықтың рухани санасын оятуға үлкен үлес қосты.
Аты аңызға айналған Баукең тарихи бейне ғана емес, ерліктің жанды үлгісі болмақ. Қазақ дүниеге келген жас нәрестеге ат қоярда ырым жасап, жақсының жұғысты болуынан бақ тiлейді. Қазақстанда «Бауыржан» есімді балалар жүзеп-мыңдап саналады Олар ер-азамат болып, есейіп, ер жете берсін, көбейе берсін. Бауыржан балаларымыз аман болсын делік. Бұл – халықтық құрмет пен қастерлеудің ең жоғары ілтипаты.
Баукең өмірде ерік-жігері мол адам болатын. Ол барлығын халқы үшін істеді. Ол шындық үшін күресті. Сондықтан да әскердегілерге де, бейбіт өмірдегі, кейбіреулерге де ұнамады. Оның бітім-болмысын жазушы Тахауи Ахтан: «Он был нестандартным человеком в стандартном мире» деп тап басып, дәл айтты. Шындық пен, халық мүддесі үшін ол ештеңеден тайынған жоқ, өз әрекеті үшін ол тек өзінің арының алдында ғана жауап берді.
Бауыржан Момышұлы Мыңбұлақ-Жуалыда туып-өсіп, Әулиеатада оқып-білім алғанымен, халқының ұлы болды. Оның барлық өмір жолы, қызметі мен шығармашылығы – ұлтжандылықтың үлгісі. Батырдың бүкіл шығармалары мен сөйлеген сөздерінен, оқыған лекцияларынан, нақылдарынан ұлттық рух есіп тұрды. Ол халқына небір қиын кездерде де еңсесін түсірмеуді өсиеттеді.
«Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді, тарихтың түкпірінен сөз келгенде» дегеніндей, Баукеңнің Отан үшін сіңірген еңбегі, ел басына күн туған сәттегі тапқырлығы, батырлығы мен батылдығы, ерлігі мен елжандылығы ешқашан да өз маңызын жоймақ емес.
Міне, бүгін бабалар армандаған заман туды. Батыр мерейтойы – бүкіл иісі Алаштың қуанышы. Ендеше, той құтты болсын, ардақты ағайын!

Нарбай ЕРГЕБЕКОВ,
Жуалы ауданының әкімі

Таңдаулы материалдар

Close