Елімізде коронавирустық инфекцияның ықтимал екінші толқынына дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатқаны белгілі. Беті аулақ дейміз, аты жаман бұл індет Америка Құрама Штаттарын, Еуропаның бірқатар елдерін, тағы басқа әлем елдерін әбігерге салып жатқаны белгілі. Күніне бұл ауруды жұқтырған сан мыңдаған науқастар тіркелуде. Бұл кеселдің ықтимал екінші толқыны біздің елді де айналып өтпейтіні анық. Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар біздің ел өңірлерінде де байқалып отыр.
Енді не істемек керек? Қайтсек, бұл аурудан аулақ боламыз? Аты жаман індетті жұқтырмаудың жолы қайсы? Міне, осындай сұрақтар осындай қиын сәтте кез-келген адамды мазалауы тиіс. Сонда ғана індеттен сау боламыз. «Саулық – сақтықта» деген. Сақтансақ, қандай да бір қауіп-қатерлерден сау болатынымыз, ауру-сырқаудан аман болатынымыз анық.
Дені сау адам қашанда ел байлығы. Дені сау, сана-сезімі ояу, рухани дүниесі қалыптасқан тұлға ұлттың жарқын болашағын құрайды. Сондықтан, мынадай індет жағдайында сақтану арқылы сау болуға баса назар аударғанымыз абзал болмақ.
Аудан әкімінің тапсырмасымен індеттің алдын алу үшін, сонымен қатар, аудан көлемінде тұрғындарға сақтық шараларын түсіндіру мақсатында төрт бірдей мониторинг топтары құрылған болатын. Аудан әкімінің орынбасарлары Ә.Уркумбаев, А.Жабағы, Е.Қалмұрзаев, аудан әкімі аппаратының басшысы С.Қойбақов жетекшілік ететін мониторингтік топтар ауданға қарасты ауылдарға іссапармен шығып, ондағы мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік нысандардағы санитарлық талаптардың сақталуына қатаң бақылау жүргізіп келеді. Жұмыс нәтижесіз емес. Зерделеу барысында санитарлық талаптарды бұзған кейбір мекемелер мен қызметкерлерге, кәсіпкерлік нысандарының басшыларына ескерту жасалып, ал карантин талаптарын өрескел бұзғандарына әкімшілік айыппұл салуға түсініктеме толтыруда.
Өткен аптаның соңында аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов жетекшілік ететін мониторинг тобы аудан орталығындағы бірқатар мекемелерде болып, ондағы санитарлық жағдайға зерделеу жүргізді. Топ мүшелері алдымен аудандық почта байланыс торабына барып, мекеме басшысына және почта клиенттеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мұнда негізінен, клиенттерге қызмет алу барысында әлеуметтік арақашықтықты сақтау, мекемеге бетпердесіз кірмеу қажеттігі ескертілді.
Топ мүшелері келесі кезекте «Мешелова З.Е» жеке кәсіпкерлігі және «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-на барды. Аудан орталығындағы бұл кәсіпорындар негізінен көп жылдан бері сүт өңдеп, одан өнім шығарумен айналысады. Тиісінше, аталған кәсіпорындарда жұмыспен қамтылған жұмысшылар саны да едәуір көп. Осы ретте өндіріс орындарында санитарлық талаптарды сақтау да маңызға ие екені белгілі. Мониторинг топ мүшелері сүт өңдеу кәсіпорындарында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, «Халық банкінің» аудандық бөлімшесінде де карантин талаптары түсіндірілді. Мониторинг тобының құрамында аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасының бас маманы Шолпан Мешелова, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Есім Ордабаев, аудан әкімінің бас инспекторы Нұрсұлтан Совет, аудан әкімі аппаратының бөлімше басшысы Нұрлан Рахманбердиев бар.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ