Basty bet
«Мен өзімді айтыстан таптым»
Бүгінгі күні сөз өнері десе бірден ХХ ғасырдың Гомері атанған дүлдүл ақын Жамбыл Жабаев еске түседі. Биыл жыр алыбының мерейтойы елімізде кең көлемде аталып өтілуде.
Облыс әкімдігінің білім басқармасына қарасты «Жамбыл – дарын» орталығы ұйымдастырған «Жыр алыбы – Жамбылым» атты оқушылар айтысында жерлесіміз Санжар Даярбек жүйріктердің ішінен оза шауып, Бас жүлдені қанжығасына байлаған болатын. Осылайша, жыр өнерімен сусындаған Санжар Серікұлы ауданның намысын қолдан бермей, жерлестерін жеңісімен қуантты.
Санжар Серікұлы Нұрлыкент ауылында 2005 жылы дүниеге келген. Қарапайым, көпбалалы отбасында тәрбиеленген ол ауылдағы М.Ломоносов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы. Әкесі Серік Әбдіқұлов шаруамен айналысса, анасы Жанар Әбілханова ауылдық дәрігерлік амбулаторияда дәрігер болып жұмыс істейді.
Ол мектептегі үздік оқушының бірі. Көбінесе, тарих, қазақ тілі мен әдебиеті, өзін-өзі тану, дінтану пәндерін сүйіп оқиды.
Сөз өнерін жанына серік еткен Санжардың арман-мақсаты – поэзияға көңіл бөліп, өлеңімен туған жерін өрнектеп, оның әсем табиғаты мен кең- байтақ жерін дәріптеу, ата-ананың үкілеген үмітін ақтап, елінің патриоты болу, туған жеріне қалтқысыз қызмет ету.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, Санжарды айтыс өнеріне ұстазы Жұпар Базарбекова баулып, жеңіске жетуіне себепкер болған. Күрделі өнердің қыр-сырын меңгеріп, қара сөз бен әуезді әнге сала отырып, әдемі әзілмен астарлы ойды жеткізуді үйретіп, шәкіртін көп ізденуге жетелеген. Ұстазының жетекшілігімен айтыс өнеріне 7 сыныптан бастап келген. Өткен жылы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған аудандық ақындар мүшәйрасында І орын алған. Сонымен қатар, ауданаралық, мектепішілік іс-шараларда белсенділік танытып, өнерін шыңдаған.
-Биылғы оқушылар айтысына тыңғылықты дайындықпен бардым. Өйткені, бұл маған өз қатарластарыммен сөз жарыстырып, бәйгеге түсетінімді жақсы ұғындырды. Оқушылар айтысында мен екіұдай сезімде болдым. Дегенмен алға ұмтылуыма бір үлкен серпіліс болатынына сендім. Маңызы мен мәні жоғары айтысқа бей-жай қарауға болмайтынын ұқтым. Қатарластарымнан топ жарып шықпасам, өзіме сын болар еді.
Айтыс өнеріндегі ағаларым Дидар Апбасовпен, Әуесхан Үркімбаевпен, қордайлық Алдаберген Жолдасбековпен әлеуметтік желіде байланыста болып, олар маған білмегенімді үйретіп, рухани-моральдық тұрғыда көмек көрсетті. Ал, ұстазым Жұпар Базарбекованың қолдауымен және Жеңісбек Ревшиновтің көмегімен домбыраны үйреніп, өз-өзімді жан-жақты дамытуға күш салдым.
Айтыс – күрделі өнердің бір түрі. Оған сөз саптауың жақсы, өлеңіңде мән болуы қажет. Жеңіл ұйқастармен емес, ойыңды нақты әрі қара сөздің құдіретімен жеткізе білуің қажет. Сөз жарыстыра отырып, ой түбіндегі асыл сөзді жеткізіп, қарсыласыңа соққы бере алуың қажет. Оқушылар айтысында маған Үміт Битенова, Әділет Медетқұл рухани демеу көрсетті, – деп Санжар бізбен облыстық оқушылар айтысынан алған әсерлерімен бөлісті.
Жеңіс еңбекпен, ізденіспен келеді. Сонымен қатар, сенім, ниетпен қоса, жуапкершілік жүгін де сезіне білу қажеттігін Санжар жақсы түсінеді. Ол бос уақытын кітапханада кітап беттерін парақтаумен өткізіп, айтыс туралы тың дүниелерімен танысады. Керек жерлерін өзіне түртіп алып, танымын кеңейту мақсатында ізденеді. Қолындағы ұялы телефонын пайдалы іске жаратып, түрлі деңгейдегі айтыстарды көреді. Яғни, сөз өнеріне шындап бет алған Санжар уақытты текке өткізгісі келмейді.
-Жіберген қателіктерімнен сабақ аламын. Оны қайталамауға тырысып, уақыттың қадірін біліп, босқа жоғалтқым келмейді. Осы мақсатта кітаптарды көп оқып, шабыт келгенде қолыма қалам алып, қағаз беттеріне өлең жазатыным бар. Кезінде жастардың сәніне айналған хип-хоп жанрына ден қойып, біраз уақыт ән де айтып жүрдім. Бірақ, ол маған тән өнер емес екен. Мен өзімді айтыстан таптым. Айтыс адамды ізгілікке, тапқырлыққа, сабырлыққа, шешендікке баулиды. Сөз өнерін дамытып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге, қазақ тілінің дамуына үлесін қосады. Төл өнеріміз десе бірден еске Сүйінбай, Жамбыл сынды жыр алыптары түседі. Өмірін жырға арнаған қазақтың біртуар азаматтары қара сөзбен талай дүниені кейінгі ұрпағына мұра ретінде қалдырды. Бүгінде біз жастар өмірімізді өнермен өрілтіп, жаңаша серпінге ие болудамыз.
Айтыстың ішіндегі қыз бен жігіт айтысын жақсы көремін. Оның көркемдігі ұнайды. Ал, қайым айтыс – күрделі, ауыр айтыстың түрі. Алдағы уақытта бұл айтыстың түріне бейімделу үшін таным-дүниеңді, ой-өрісіңді кеңейтіп, үлкен ізденіс, тәжірибе керек.
Тек айтыспен шектелмей, поэзияға да көңіл бөлгім келеді. Ол үшін көбінесе қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевты, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын көп оқимын. Бой түзеп, үлгі тұтатын айтыскер ақындардың ішінде Жандарбек Бұлғақовтың және Ринат Зайытовтың есімін айта аламын, – дейді жас талап.
Жас талап тек өнер саласына ғана емес, сонымен қатар ұлттық тәрбиеге де аса мұқияттылықпен қарау қажет деп есептейді. Жастардың бойында көбінесе жалқаулық пен салғырттық қасиеттер басым екенін айтып, ерінбеу қажеттігін айтады.
Санжар республикалық оқушылар айтысына жолдама алып, облыстың намысын қорғаған болатын. Алайда айтыстың қашықтан ұйымдастырылғанына көңілі толмаған ол өз деңгейінде өнерін көрсете алмағанын айтады. Тыңғылықты дайындығының, ізденген еңбегінің еш кеткенін айтып қынжылады. Дегенмен де бұл оның соңғы айтысы емес, жеңіліс арқылы үлкен жеңіске ұмтылатын бір белес деп білейік. Әлі де өз-өзін дамытып, сөз додасында оза шауып, топ жаратынына сенім білдірейік.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»