Basty bet
Түркістан облысының су басқан ауылдарына гуманитарлық көмек жөнелтілді
Жамбыл облысының әкімдігі Түркістан облысының су басқан аймақтарына гуманитарлық көмек көрсетті. 3 мамыр күні азық-түлік және алғашқы кезектегі қажеттілігі бар тауарлар тиелген жүк көліктері көрші облысқа аттанды.
«Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен 30 тонна азық-түлік өнімдері жиналды. Оның ішінде 10 тонна ұн мен күріш, 5 тонна қант, 2 тонна макарон және өсімдік майы, 1 тонна қарақұмық бар. Сонымен қатар, қиын жағдайға тап болған отандастарымызға арналған гуманитарлық көмекке 10 мыңға жуық тауарлар, атап айтсақ, аяқ-киім, футболкалар, жейделер, шалбарлар, балалар киімдері, төсек-орын жабдықтары және басқа да заттар жиналды, – деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров.
Естеріңізге сала кетейік, 2 мамыр күні Мақтаарал ауданының шекарасындағы орталық коллектордан су жайылып, салдарынан бірнеше елді мекен су астында қалды.
Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі