Basty bet
Жер қадірін жер баптаған диқан білер
«Байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер» дегенді дана бабаларымыз тегін айтпаса керек. Жерден өтер байлық жоқ. «Ел қадірін ел баққан ерлер білер, зер қадірін зер соққан зергер білер» демекші, күллі адамзатты асырап отырған қасиетті қара жердің де қадірін жерді баптаған, ерте көктемнен қара күзге дейін бел жазбай еңбек етіп жүрген диқан қауымы жақсы біледі. Қазіргі таңда ел ішінде егін егіп, бақша дақылдарын жайқалтып отырған диқан қауымының қатары артып келеді. Бұл ең алдымен халықты сапалы әрі экологиялық азық-түлікпен қамтамасыз етудің негізі болмақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталатын жақында ғана Қазақстан халқына арнаған Жолдауында аграрлық сала мен өнеркәсіпті дамыту турасында бүге-шігесіне дейін айтылғаны белгілі. Атап айтқанда, «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн. Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс»,- деді Президент.
Ауданға қарасты ірі ауылдық округтердің бірі саналатын Қарасаз ауылдық округінде шаруашылық істері, сонымен қатар, кәсіпкерлік саласы жақсы жолға қойылған деп айтуға болады. Округте барлығы 230 шаруа қожалық бар. Оның ішінде 225 шаруа қожалық егін шаруашылығымен, 19-ы мал шаруашылығымен тұрақты айналысады. Бақша дақылдарын егумен үш шаруашылық қана айналысады екен. Тиісінше, жеке кәсіпкерлер саны 135-ті құрайды. Округтің орталығында бір-бірден супермаркет және минимаркет, жеті дүкен, бір құрылыс заттары дүкені, дәріхана, жанар-жағармай құю және көлік жөндеу бекеті, автобөлшек дүкені және ағаш тілу орны, тойхана және тігін ательесі тұрғындарға қызмет көрсетіп отыр.
Ақбастау ауылында орналасқан әрі ауылдық округтегі маңдайалды шаруашылықтардың бірі ретінде «Ескендір» шаруа қожалығын айтуға болады. Ауыл шаруашылығы саласының білгір маманы Әбілнұр Ахметов басқаратын шаруа қожалық 2008 жылы құрылған. Иелігінде 360 гектарға жуық егістік жері бар. Қазіргі таңда оның 70 гектарына жаздық арпа егілсе, 80 гектарға жуық алқапқа бидай егіледі екен. Тиісінше, мал азығы үшін 25 гектар жер эспарцеттің үлесінде. Шаруашылық егін егумен қатар мал шаруашылығын да дамытуды, сүт өндіру мен мал басын көбейтуді мықтап қолға алған. Мал қыстауында 120-дай ірі қара бағылуда. Оның біразы сауынды сиыр. Ет бағытында да ірі қаралары бар. Аталған шаруашылық біраз жылдан бері бау-бақша өсірумен де тұрақты айналысып келеді. Апта басында «Ескендір» шаруа қожалығының жұмысымен танысу үшін оның Ақбастау ауылының маңындағы бақшалығындағы алқапқа барғанбыз.
«Балапанды күзде санайды» демекші, бақшалық басында қызу еңбек жүруде. Мұнда жұмысшылар пісіп-жетілген қызанақты жинау үстінде. Қызанақ алқабының шығыс жағында сәбіз орналастырылған екен. Жаз бойы күтіп-бапталған сәбіз де әне-міне қазуға дайын. Алқап басында «Ескендір» шаруа қожалығының басшысы Ә.Ахметовтың өзі болып, жұмысшыларға бағыт-бағдар беруде.
-Жақында ғана арпа-бидай орағын сәтті аяқтап, ендігі кезекте бау-бақшамызға еккен көкөністерімізді жинауға кірістік. Мұнда жарты гектардай жерге қызанақ ектік. Сәбіз алқабының көлемі 3,5 гектарға тең. Көктемнен бастап жерді өңдейміз, содан соң барып, көшеттер отырғызылады. Биылғы жылы қызанақтың көшетін Тараз қаласынан алып келіп, отырғыздық. Көкөністің бұл түрі көшеттен өсетіндіктен оған қарап, күтім жасау да оңай жұмыс емес. Көшетті отырғызған соң бір аптаға дейін суғарып тұру қажет. Олай болмаған жағдайда қурап қалуы мүмкін. Мұндағы жұмыстардың барлығы негізінен адамның қол күшімен атқарылатын болғандықтан көктемнен қара күзге дейін мұнда тұрақты түрде үш жұмысшы ұстаймыз. Жалақысын төлеп, басқа да жағдайларын жасап отырамыз. Жұмысшылар негізінен Ақбастау және Б.Момышұлы ауылдарынан келеді.
Қызанақтан алынып жатқан өніміміз жаман емес. Ендігі кезекте жинап, тиісті орындарға өткеру жұмыстары ғана қалды. Өнімді көбінесе орталық базарға, азық-түлік жәрмеңкелеріне апарып саудалаймыз. Бір айта кетерлігі, биылғы жылы баға төмен. Шығынымызды ақтамайды. Дегенмен, аз да болса табыс бар. Біздің шаруа қожалықта ауыл тұрғындарының жерінің пай үлестері бар. Биылғы жылы пай үлестері үшін алқаптан қызанақ беріп жатырмын. Өнімді өздері келіп жинап алады.
Ал сәбізге келетін болсам, биылғы жылы өнім мол болады деп үміттеніп отырмыз. Бірақ дайын өнімді өткеруде аздаған мәселелер бар. Сатып алушылар дер кезінде келе қоймайды. Өнімді сақтайтын қоймамыз жоқ. Қойма болса сәбізді көктемге дейін сақтауға болады. Аудан басшылығы шаруалардың осындай мәселелерін шешіп берсе дейміз. Бір айта кетерлігі, шаруа адам барлық жұмысқа өзі жүгіреді. Жер өңдеуден бастап, сапалы тұқымды табу, шаруашылықтың толып жатқан есеп-қисаптары бәрі-бәрі шаруаның өз мойнында. Биылғы жылы ағын судан қатты қиналдық. Бақша дақылдарына алдымен су керек. Әйтеуір ексең болды, күзде бірақ жинап аласың деген сөз жоқ. Ең керегі ағын су. Өздеріңіз жақсы білесіздер, кейінгі жылдары елімізде ағынсудың тапшылығы байқалып отыр. Бұлақ сулары да азайып барады. Енді не істемек керек?! Осыған байланысты ел Үкіметі ағын суға байланысты тиімді шаралар қабылдауы қажет деп есептеймін. Олай болмаған жағдайда ауыл шаруашылығын дамыту ісі кенжелеп қалмақ,- дейді Әбілнұр Жандаралыұлы.
Қожалық төрағасы Ә.Ахметов 10 жылға жуық «Бірлік» өндірістік кооперативінде шопан болған екен. Оның әкесі Жандаралы Ахметов Одақ тұсында Карл Маркс совхозында аға шопан болса, анасы Баһиракүл Ахметова ұзақ жылдар сауыншы боп жұмыс істеген. Екеуі де еңбек озаттары. Отбасында алты ұл, үш қыз тәрбиелеген өнегелі ата-ана. Өз кезегінде Әбілнұр мен Жұпаркүл Ахметовтар да отбасында екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, ұл-қыздарынан немере сүйіп отыр. Бұл отбасының мүшелері еңбекте де озат, бала тәрбиесінде де үлгі алар тұстары көп.
Табыс қашанда еңбекпен, аянбай жұмыс істеумен келеді. «Ескендір» шаруа қожалығының мүшелері қожалық құрылған алғашқы күннен-ақ жұмысты жүйелеп, уақытпен санаспай еңбек етіп келеді. Соның нәтижесінде қазір жағдайлары біршама түзелген. Мал қыстауында 100-ден астам ірі қара бағылуда. Оның біразы сауынды сиырлар. Онда отбасымен малшы, сауыншылар отырады. Жұмысшылардың айлық жалақысы 120 мыңға дейін барады. Атап айтсақ, шаруашылықта жыл он екі ай алты адам жұмыспен қамтылған. Олардың зейнетақы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорларына да жарналары заңды түрде аударылып отырады. Біз мұны шаруашылық басшысы Ә.Ахметовтың ең алдымен жұмысшыларға жасаған қамқорлығы деп түсіндік. Әбілнұр Жандаралыұлының өзі де шаруа отбасынан шыққан азамат. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Әбілнұр аға шаруашылық басшысы ретінде Қарасаз ауылдық округінде тұрмыс жағдайлары төмен, аз қамтылған, сонымен қатар, басқа да жоқ-жітіктерге үнемі қайырымдылық жасап, көмек қолын созуды ұмытқан емес. Бұл оның ауылдастарына деген жанашырлығы.
«Еңбекпен тапқан нан тәтті» дейтін бабалар өсиетіне сүйенсек, еңбектің қадірін бел жазбай еңбек еткен жан ғана жақсы түсінеді. Қара жердің қадірін де жер емген диқан, жыл он екі ай егін салған шаруа ғана біледі. Осы тұрғыдан алып қарағанда ақбастаулық шаруа Әбілнұр Ахметовтың жер игерудегі жүйелі жұмыстары, шаруашылықты жүргізудегі озық ойлары көпке үлгі. Біз де шаруашылық басшысы мен жұмысшыларына осындай ізгі тілектер тілеп, қоштастық.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ