Basty bet

Жауапты науқаннан қысылмай шығады

Қыс – қатал сыншы болса, мал қыстату – маңызды науқан. Биылғы қыста су айдындары мен өзендерден бу көтеріліп, шөп басының мұздақты болып, қырау қатуы тебіндеп жайылатын мал басына едәуір қолайсыздық әкеліп отыр. Жылдағыдай ақ боран түтеп, қар молынан баспаса да, арасындағы үскірік аяз қыстың қаталдығын көрсетіп қояды. Бұдан кейінгі күндері қаһарына мінген «кәрі құданың» не көрсетері белгісіз. Біздің өңірдің қысы қатал екенін ескерсек, жыл сайын мал қыстату науқанына шаруалар тыңғылықты дайындық жасайды.

Ақсай ауылдық округіндегі ірі шаруалар қыстың қамын жасап, бұл науқанға жауапкершілікпен кіріскен. Округ әкімдігінің мәліметінше, ауылдағы «Әлібек» шаруа қожалығы иелігіндегі 230 бас ірі қара малына, 20 бас уақ малына 116 тонна шөп, 42 тонна сабан, 19 тонна жем дайындаса, «Сейітбек» шаруа қожалығы 32,5 тонна шөбін, 69 тонна сабанын, 36 тонна жемін 120 ірі қара малына әзірлеген.
Әрине, бұл қағаздағы мәлімет. Қыстақтағы малдың жайын білу үшін Ақсай ауылдық округінің мамандарымен бірге Қайрат ауылының іргесінде орналасқан «Алатау» шаруа қожалығының мал қыстағына барып қайтқан болатынбыз.
Дәл осы күні жел көтеріліп, қыстаққа барар жолда жаяу бұрқасын ұйытқып тұрды. Айнала аппақ қарға оранған. Бірер апта бұрын болған қатты аяздан қыстаққа барар жол көк мұзға айналған. Тегіс емес, кедір-бұдыр жолмен тек осы жаққа ыңғайлы көлік қана бара алады екен. Ауылдан қатты алыс болмаса да, ақ боран түтесе, шаруалар бері қарай келе алмай қалатынға ұқсайды. Яғни, бұл шаруашылыққа барар жолды жөндеу керектігі аңғарылады.
Жолай ауылдық округ әкімі аппаратының маманы Қанат Жексембаев аталған шаруашылықты әкелі-балалы Қорғанбаевтар қолға алғандығын айтты. Олардың бұл іске машықтанып, жанұясымен бірлікте еңбек етіп жатқандарын жеткізді.
Міне, ауылды артқа тастап, қыстаққа да жеттік. Ауылдың ішіне қарағанда, қыстақ жақта желдің екпіні қатты байқалады. Көлігімізден түспес бұрын шаруашылық мал қыстату науқанына тыңғылықты дайындығын байқадық. Мал басына шақталған қора-жайы бар, жем-шөбі жеткілікті жиналған. Қожалықтың адал қарауылдары он шақты төбеті бізді көліктен түсірмеді. Мұнда қазақи құмай тазы, «Лайка» тұқымды иттердің екі-үшеуі жүр.
Шаруаның басы-қасында жүрген Бақытжан ағаның ұлы Аманды әңгімеге тарттық.
– Ауыл баласы болғандықтан, малға бір табан жақын болып өстік. Бұл кәсіппен айналысқанымызға 14 жылдың көлемі болды. Қазір шүкір, жағдайымыз жақсы. Барлығы жыл сайын өзгеріп, жаңартылып, малдың басы да артуда. Қыстақта 40 бас ірі қара, 508 уақ мал бар. 40 бас жылқы малшыларда. Мал азығы толығымен жетеді. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, биыл 39 тонна шөп, 23 тонна сабан, 18 тонна жем әзірледік. Өзіміздің иелігімізде 150 гектар жайылым және 27 гектардай шабындық жер бар, – дейді Аман Бақытжанұлы.
Ал, анасы Гүлнар Жапарқұлова шаруашылықтың тіршілігімен бүге-шүгесіне дейін таныстырып өтті.
– Баламның еңбегіне, тазалығына ризамыз. Ол өте талапшыл. Жем-шөптің ысырабына жол бермеуге тырысады. Қазақта «Мал баққанға бітеді» деген жақсы сөз бар. Малдың да қамын жасап, баға білу керек. Ұлымыз осыған қатты мән береді. Уақтылы жем-шөбін беріп, астын тазалап тұрады. Мал төлдету, бордақылау кезінде әркез осында жүреді.
Шаруа қожалықтың жұмысын алғашында өз күшімізбен, қолымыздағы бар малмен бастадық. Бұл фазенданы сатып алып, үй-жайға, қора-қопсыға жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Ең бірінші шаруаларға су керек. Біздің қыстақтың жоғары жағында бұлақтың суы бар. Сол бұлақтан өзіміз су тартып алдық. Малдың азығы үшін жер сатып алып, енді міне, жыл сайын мал азығын жинап алудамыз. Үкіметтің де шаруаларға қарайласып тұратынын ескерсек, күн сәулесінен қуат алатын батарея орнатып, қораға жарық кіргізіп алдық. Мал басы жылдан-жылға артып келеді.
Шаруашылықты кеңейту үшін «Сыбаға» бағдарламасы аясында 3 млн теңге ірі қара мал бағытында алып, мал басын көбейттік. Ол несиеден құтылып, төтенше жағдай кезінде онлайн тапсырыс беріп, Ақтөбеден асыл тұқымды жылқыларды сатып алдық. Қазір жылқылар малшыларда. Ол жақтағы малға да жем-шөбін, малшылардың азық-түлігін жеткізіп отырады. Тек ұлымның «Қаршыға» атты сүйгүлігі осында. Техникаларымыз бар. Жұмыс күші өздерінің қолдарында.
Істің көзін тапқанша, біраз қиындықтар көрдік. Қазір жұмыс жүйелі жүруде. Қорада 25 бордақы мал бар. Қойлардың төлдейтін науқаны да алыс емес. Жалпы 12 сауынды сиыр бар. Оның бесеуін сауып, сүтін аудандағы «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-нің сүт зауытына өткізудеміз. Сауынды сиырларды сүт сауу аппаратымен, болмаса қолмен сауамыз. Бордақы малдың етін тапсырыс берушілерге жеткізіп отырамыз. Кейде боранды күндері қыстақтан ауылға жете алмай, ұлым біраз әбігерге түседі.
Қыстың қаһарына мінетін нағыз уақыт осы қаңтар айы. Қыстың аязды күндерінен мал-жан аман өтіп, малды төлдету уақытына қысылмай жетеміз деп отырмыз, – дейді Гүлнар Жапарқұлова.
Кәсіптен береке тапқан Қорғанбаевтар отбасының тынымсыз тіршілігінен қыстақтағы шаруаның жақсы екендігін аңғаруға болады. Ең бастысы, барлығы да еңбекпен келетіндігі айтпаса да анық. Енді қыстың аязды күндерінен аман шығып, мал бастары көбейіп, шаруалары шалқи беретініне сенім мол.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close