Basty bet
Тұрғындар тілегі – басты назарда
Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Нұржігіт Бөлекбаев Түктібай ауылының тұрғындары алдында өткен жылдың даму қорытындылары мен алда тұрған кезеңдегі міндеттер туралы есептік кездесу өткізді.
Жиын жұмысына аудан әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Қуаныш Ғалиұлы, аудан әкімдігі жұмыспен қамту орталығының ассистенті Роза Картбаева, облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев қатысты.
Басқосуды ауылдық округ әкімі Нұржігіт Бөлекбаев ашып, есеп беру жиынының маңыздылығына тоқталып, ауылға қатысты мәселелерді көтеруге және шешімін табу үшін жұмыстар атқарылатыны туралы айта келе, 2020 жылда ауылдық округте атқарылған жұмыстар туралы есептік баяндама жасады.
Баяндаманы талқылауға тұрғындар С.Абдрамбаев, А.Абдалиев шығып, ауылға жаңа су жүйесін жүргізу, көшелердің жарықтандыру жүйелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты. Ауылдық округ әкімінің 2020 жылы атқарған жұмыстарына қанағаттанарлық деген баға берілді.
Ауыл әкімі Н.Бөлекбаев облыс әкімінің жоспарына сәйкес Түктібай ауылында «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша су жүйелерін тарту 2023 жылға жоспарланып отырғанын, сондықтан арнайы карта, сметалық құжаттар дайындалу үшін аудан әкімдігінің тиісті бөліміне сұраныс жолданғанын айтты.
– 2021 жылға Түктібай ауылындағы көше жарығына бөлінген қаржы жеткіліксіз. Сондықтан мәселенің шешімін табу үшін аудан әкімдігінің тиісті бөліміне қосымша қаражат қарастыру үшін сұраныс хат жолданады, – деді ауылдық округ әкімі.
* * *
Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Рәтбек Көсембаевтың Қоңыртөбе ауылы тұрғындары алдындағы өткен жылғы атқарылған жұмыстар туралы қорытынды есебі Д.Пахомов атындағы орта мектепте өтті.
Есептік жиынға аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының м.а. Тимур Қалдыбаев, ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымжан Сатаев және ауыл жұртшылығы қатысты.
Жиналғандар ауылдық округ әкімі Рәтбек Көсембаевтың 2020 жылда ауылдық округ бойынша атқарылған жұмыстар туралы қорытынды есебін тыңдап болғаннан кейін іле-шала оны талқылауға көшті.
С.Түймебаев өз сөзінде ауылға электрик маманның қажет екенін айтып, бір электрик маманды бекітіп беруді сұранды. Ауыл әкімі жалпы округте электрик маманын штат ашу қарастырылмағанын, дегенмен ауылдағы тәжирибелі электрик маманмен шарт жасалғанын, жалғап беру т.б жұмыстарға сол азаматқа жүгінуге болатынын жеткізді.
Ақылбек Сағындықов жастарды шағын кәсіпке оқыту, ауылды таза ауыз сумен қамтамасыз ету, жағдайы төмен отбасыларға газ қосып беру мәселелері бойынша нендей жұмыстар істелетінін сұрады.
– Жұмыссыз жастарға көмектер көрсетілуде, шағын кәсіп ашуға, оқуға ниеті бар жастар округ әкіміне арнайы келіп, жолықса бағыт-бағдар беріледі. Таза ауызсу жүргізуге ЖСҚ сараптамадан өтуде, сараптаманың оң қорытындысы алынса, ауылға таза ауызсу кіргізу жұмыстары жүргізіледі. Жағдайы төмен отбасыларға газ қосып беру қоғамдастық мүшелерінің ұйғарымымен Қоңыртөбе ауылынан жағдайы төмен екі отбасына және мешітке тегін кіргізілді, – деп жауап берді Рәтбек Көсембаев.
К.Чукенова «ауылдың бас жағындағы бос жерлер, шұңқырлар қоқысқа толы, сол жерлерді тазалау және Малдыбай көшесіндегі үлкен тас жолдың бойынан көліктер көп жүреді, оқушыларға, жаяу жүргіншілерге қауіпті, сондықтан көлік жылдамдығын тежеу құрылғыларын орнату мәселелерін шешуді сұранамын» деді.
Оған округ әкімі «ауыл тұрғындары келіссе, аптасына бір рет қоқыс жинайтын көлік ұйымдастырылады. Ауыл айналасындағы күл-қоқыстар тазаланады, содан кейін тұрғындар тұрмыстық қатты қалдықтар, қоқыстар өздері арнайы белгіленген аумаққа апарып тастайды. Ал бей-берекет ауыл маңына қоқыс тастаған азаматтарға заңмен көрсетілген межеде айыппұлдар салынады. Қоңыртөбе ауылы Малдыбай көшесіндегі үлкен тас жолдың бойында үлкен жылдамдықпен жүруге қарсы тосқауылдар қою үшін тиісті орындарға сұраныстар беріледі» деп жауап берді.
Есептік кездесуді Рәтбек Көсембаев қорытып, жиын барысында айтылған ұсыныстар мен ескертпелерді іске асыру жөнінде іс-шаралар жоспары әзірленетінін, оның орындалу барысына жүйелі бақылау жасалатынын айтты.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»
Ақтөбе ауылдық округінің жаңадан тағайындалған әкімі Көбейсін Хайралапов округке қарасты Ақтоған, Күркүреусу және Жаңаталап ауылдары тұрғындары алдында аймақта 2020 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындылары туралы есеп берді. Жаңаталап ауылдық клубында өткен есептік кездесуге аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Сәбит Нұрлыбаев қатысты.
Жиналыстарды округ әкімі Көбейсін Хайралапов ашып, өткен жылы ауылдық округте атқарылған жұмыстар туралы қорытынды баяндама жасады.
Ақтоған, Күркүреусу ауылдарының тұрғындарымен өткен жиында жарыссөзге Ақтоған ауылының тұрғыны Ж.Иманова округте атқарылған істерді қанағаттанарлық деп бағалады. «Дегенмен алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстар бар, олар – Ақтоған ауылына интернет желісін тарту және Ақтоған ауылының жол бойына аялдама салу қажет» деген ұсынысын айтты. Көбейсін Хайралапов бұл сауалға облыс әкімдігі жобалық басқару және цифрландыру бөлімшесінің басшысы Н.Мырзабаевтың мәліметіне сілтеме жасай отырып, үстіміздегі жылы округте оптикалық-талшықтық байланыс жүйесі жалпы жылдамдығы 20-МБ/с болатын Интернет желісі тартылатындығын жеткізді.
Ауыл тұрғыны Қ.Рысалиев Ақтоған ауылының ішімен Бәйтерек-Тараз бағытындағы облыстық мәндегі жолдың бойына жылдамдықты азайтатын жол кедергісін орнату қажеттігін айтты. Ауыл әкімі бұл сауалдың аудан әкімдігінің бейінді бөліміне сұраныс хат жолданатындығын айтты.
Жиынға онлайн қатысқан ауыл тұрғыны Е.Бегімов Күркүреусу ауылының Сұлусай көшесін жарықтандыру қажеттігін айтты. ЖСҚ-рын жасатуға сұрансы берілетіндігін айтып, аудан әкіміне қаржы қарастыруға сұраныс беріліп жасалатындығын айтты.
Көбейсін Хайралапов айтылған ұсыныстар мен ескертпелер іс-шаралар жоспарына енгізіліп, орындалу барысына жүйелі бақылау жасалатынын айтып, жиынды қорытты .
Жаңаталап ауылының тұрғындарымен өткен есептік кездесу барысында аудандық мәслихаттың депутаты Зайырбек Сұлтанмұратов округте өткір тұрған ауызсу мәселесін шешу және Ақмолда каналын тазалау үшін облыс әкімдігі жанынан құрылған механикаландырылған отрядқа сұраныс хат жолдау қажеттігін ұсынса, Нұржан Әбдімомынов көше бойындағы тазалықты ретке келтіру қажеттілігін айтты.
Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдардың барлығына ауылдық округ әкімі Көбейсін Хайралапов тұшымды жауап беріп, жиынды қорытты.