Basty bet
Халықты жаппай вакцинациялау – маңызды шара
Ел Үкіметі 1 ақпаннан бастап халықты Ресейде өндірілген коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасымен жаппай егу науқанын бастауды ұйғарып отыр.
Осыған орай біз аудандық мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Марат Искаковқа бірнеше сұрақ қойып, жауап алған болатынбыз.
– Марат Ілиясұлы, бүгінде әлем елдерінің барлығы коронавирустық инфекцияға қарсы халықты жаппай вакциналау тәсіліне жүгінуде. Осы ретте вакциналау шарасының маңызы туралы айтып берсеңіз.
– Ресми ақпаратқа сүйенсек, бүгінде еліміздің алты өңірі COVID-19 инфекциясының таралу қарқыны жағынан «қызыл аймақта» тұр. Атап айтқанда, Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы. «Сары аймақта» Батыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстары.
Республикада вирустың репродуктивтік көрсеткіші 1,1-ді, инфекциялық төсек орындардың жүктемесі 32%, реанимациялық төсек орындар 23% құрайды.
Жалпы вакциналау дегеніміз – адам ағзасына вакцина немесе арнайы тәсілмен дайындалған антигендік қасиеті бар заттарды енгізу арқылы белгілі бір жұқпалы аурудан алдын ала сақтандыру үшін қолданылатын әдіс. Вакциналау – жұқпалы ауруларға қарсы қазір медицинаға белгілі ең нәтижелі және экономикалық тиімді қорғаныс.
Тұрғындарды вакциналаудан өткізу Қазақстан Республикасы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 156-бабында көрсетілгендей, «Қазақстан Республикасының аумағында тұратын жеке тұлға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жұқпалы, паразиттік ауруларға қарсы екпелерді алуға міндеттілігі» жүргізіледі.
– Ресейде өндірілген «Спутник-V» вакцинасының нендей ерекшелігі бар? Таңдау неліктен осы вакцинаға түсті?
– «Спутник-V» вакцинациясының матрицалық РНҚ-ның инновациялық технологиясын қолдану арқылы жасалған Pfizer-BioNTech және Moderna вакциналарынан айырмашылығы, SARS-CoV-2 вирусының генетикалық материалын (тікенді қабық ақуызы) адам жасушаларына жеткізу үшін кәдімгі суық тиюді тудыратын аденовирус тұқымдасының басқа вирус қабығы қолданылған кезде векторлық технологияны қолданып жасалған. Жасушалар иммун реакциясын тудыратын ақуыз шығарады, солайша организм вируспен күресуді үйренеді.
Иммундық реакциясын күшейту үшін вакцина 3 апта аралығымен екі рет жасалады. Бірінші вакцинамен 26 аденовирус серотипіне негізделген вакцина, ал екіншісімен 5 серотип енгізіледі.
Векторлық технологияны Оксфорд университеті мен AstraZeneca вакциналарын өндірушілер де қолданады. «Спутниктің» екіншісінен айырмашылығы – ресейлік вакцинаны жасаушылар қабықша ретінде адамның аденовирусын, ал Оксфорд ғалымдары шимпанзе аденовирусын пайдаланады.
«Спутникті» -18 градус температурада сақтау керек және оны қолданар алдында еріту керек. Осыған байланысты ресейлік вакциналарды сақтау және тасымалдау процесі, мысалы, Pfizer-BioNTech РНҚ вакциналарына қарағанда әлдеқайда жеңіл. Еске сала кетейік, соңғысы өте төмен температурада (-80, -70°C) сақталуы керек.
Бұл вакцина Қарағанды фармацевтикалық зауытында шығарылады. Вакцинаның өнеркәсіптік өндірісі 2021 жылдың қаңтарында басталды. Ай сайын кем дегенде 300 мың доза өндіру жоспарланып отыр. Зауыт Қазақстанда болғандықтан сақтауы және тасымалдауы ыңғайлы болады.
– Елімізде халықты жаппай вакциналау шарасы қалай өтеді? Бірінші кезекте вакцина кімдерге салынады?
– Қазақстанда өндірілген ресейлік «Спутник V» вакцинасын жаппай егу 2021 жылдың ақпанында басталады. Бірінші кезекте медициналық қызметкерлерге санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлеріне, педагогтарға, учаскелік полиция қызметкерлеріне, студенттерге, медициналық-әлеуметтік мекемелер контингентіне, құқық қорғау органдарының, ТЖМ, ҚМ, ҰҚК, ІІМ қызметкерлеріне, мемлекеттік кызметкерлер, елшілерге, созылмалы ауруларға шалдыққан тәуекел топтарының өкілдеріне ерікті түрде вакцина жасалады. Осы топтар 2021 жылдың желтоқсан айына дейін егіліп бітуі тиіс. Әзірге емханалар ақылы егу жұмыстарын «Спутник V» вакцинасымен басқа адамдарға жасамайды.
– Біздің ауданда бұл науқан қалай ұйымдастырылады? Бұған медициналық ұйымдар дайын ба?
– Қазақстанда өндірілген «Спутник V» вакцинасын жаппай егу 2021 жылдың ақпанында Жуалы ауданыңда да басталады. Бірінші кезекте медициналық қызметкерлерге және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлеріне егіледі.
“Спутник V” вакцинасы -18 градус температурада сақтау керек және оны қолданар алдында еріту керек. Осыған байланысты ресейлік вакциналарды сақтау және тасымалдау процесіне арнайы мұздатқыштар алынуда. Ақпан айына дейін арнайы мұздатқыштар және арнайы тасымалдау контейнерлер біздің ауданымыздың емханаларына жеткізіледі.
Егу жұмысқа қатысты медицина қызметкерлері қазіргі таңда оқыту семинар сабақтарынан өтуде. Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы 2021 жылдың 1 ақпанына медицина ұйымдары облыс көлемінде дайын болады деп хабарлап отыр.
– Коронавирус инфекциясының анықталғанына бір жылдан астам уақыт өтті. Осы аралықта дүниежүзінде оған қарсы вакцинаның 200-ден астам түрі әзірленді. Қазақстандық ғалымдар да отандық вакцинаны әзірлеумен белсенді түрде айналысуда. Отандық вакцинаның әзірлігі қай деңгейде? Ол қашан қолданысқа енгізіледі?
– Әлемдік сарапшылар қауіпсіз және тиімді вакцинаны жасау мен өндіруді жеделдету үшін көп жұмыс істеуде. Ал Қазақстанның өз вакцинасын дайындаумен Жамбыл облысының Отар ауылында орналасқан Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты айналысып жатқаны мәлім.
Жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижесінде институт ғалымдары алғашқы вакцинаны мамыр айының өзінде-ақ әзірлеп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) оны өз сайтында клиникаға дейінгі сынақтарға арналған вакцина ретінде тіркеген. Содан кейін вакцинаны зертхана жағдайында жануарларға, атап айтқанда: тышқандар, сириялық хомяктар, егеуқұйрықтар, гвинея шошқалары, паромдар, қояндар және басқаларына клиникаға дейінгі сынақтарды жүргізу басталған.
Елімізде коронавирусқа қарсы алғашқы екпе тамыз айында салынып, сәтті өткен. Желтоқсанда Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірлеген QazCovid-in вакцинасының клиникалық сынақтарының үшінші кезеңі жүргізілді. Осы кезеңде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та коронавирусқа қарсы отандық QazCovid-in вакцинасын қабылдаған. Вакцина клиникалық зерттеулерден тыс ерікті түрде егілген.
Тараз қаласында өткізілген сынаққа 1 000 ерікті тартылды. Бұл екпенің екі қайтара жасалатынын айта кеткен жөн. Екіншісі 21 күннен кейін салынады. Екпе алғандардың барлығы сынақ бойы дәрігерлердің қадағалауында болады.
QazCovid-in отандық вакцинасы клиникалық сынақтардың үш кезеңінен өтіп, алдын ала тиімділігі 96% құрайды деп болжамдалып отыр. Дегенмен, оның тиімділігі туралы айту әлі ертерек. Қазақстандық вакцина оң нәтиже көрсетіп, жаппай қолдануға ұсынылады деп үміттенеміз.
– Әңгімеңізге рақмет. Жұмысыңызға табыс пен сәттілік тілеймін!
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»