Basty bet

Тілегі тірек болған Елбасы

Жеке кәсіпкер, аудан орталығындағы «Nurai Plaza» орталығының иесі, аудандық Аналар алқасының мүшесі Нүрилә Мәлібекова жақында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан ауыл әйелдерінің форумына қатысып қайтты. Нүрилә Мәлібекова ашқан «Білімді ұрпақ» оқу орталығының бүгінде аудан жастарының білімін тереңдетуде қосып жатқан үлесі зор.
Қазан айында Нүрилә Еділханқызы Нұрлыкент ауылынан да аталған орталықтың филиалын ашты. Жалпы, орталықта бастауыш сынып оқушылары орыс тілі, ағылшын тілі, логикалық математика, сонымен бірге барлық сынып оқушылары Ұлттық бірыңғай тестілеуде кездесетін пәндер бойынша қосымшаға қатысып, өз білімдерін тереңдетуде.

Нүрилә Мәлібекова Нұр-Сұлтан қаласында өткен форумға ауданымыздан бір өзі, облыстан 12 қыз-келіншек бірге барды. Кәсіпкер форумнан келген соң алған әсері жайлы бізбен бөліскен еді.
-Форум 7-8 қараша күндері өтті. Ауыл әйелдерінің форумы үлкен бизнес орталығында болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен және шет мемлекеттерден барлығы 300-дей делегат қатысты.
Форумның ашылуынан соң делегаттар сала-сала бойынша бөлініп, түрлі тақырыпта семинарлар өтті.
Кәсіпкерлік саласы бойынша Германия, Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжаннан іскер әйелдер келіп, өз іс-тәжірибесімен бөлісті. Олар бізбен өз бизнес жоспарларымен, оның тиімділігімен бөлісті. Маған әсіресе, Ресейден келген іскер әйелдің бизнесі қатты ұнады. Ол кісі аудан орталығына жақын ауылдан түсінуімше, бұрынғы колхоз немесе қазіргі кооператив сияқты ұйым құрған. Ол ұжымда ауылға қажетті дүниелердің барлығы өндіріледі екен. Онда егіс-егіс жидектердің түр-түрі егіледі, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, тігін цехы, нан пісіретін цех, ет, сүт өнімдерін өндіретін цехтар, тағы да басқа қысқасы, ауылға, тіпті, ауданға жетерліктей отандық өнімді өндіретін барлық кәсіпорындар бар. Ол аудан шет елден ешқандай өнім сатып алмайды екен. Барлық қажеттілікті сол ауылдан құрылған ұйым қамтамасыз етіп отыр.
Осы және басқа іскер әйелдерді тыңдай келе менде жаңа идеялар пайда болды. Соның бірі – консервіленген өнімдерді өндіретін цех ашу. Себебі, қазір әйелдер заман талабына сай барлығы жұмыс басты. Үйде отырғандары кемде-кем. Жаз-күз мезгілінде консервіленген банка жабуға әйелдердің көбінің қолы тие бермейді. Сондықтан қымбат болса да сатып алуға тура келеді.
Сол себептен біз де тосап жасау үшін қырғыздар сияқты жидектер егіп, өзімізде өскен жидектерден тосап жасап сатсақ, бағасы да едәуір арзан болар еді. Себебі, кәсіпкерлер тосапқа барып-келген жолақысын, уақытын, еңбегін бәрін бағалап қосады. Сосын түрлі салаттар жапсақ. Оны да жабу үшін қызанақ, қияр, сәбіз сияқты көкөністерді егетін шаруалармен келісімшартқа тұрған тиімді. Сонда шаруа да өнімін қайда сатамын деп алаңдамас еді. Алма шырынын жабу үшін алмабақ иелерімен келісімшарт жасалса. Аудан тұрғындарын жыл он екі ай қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыстар атқарылар еді. Мұның кәсіпкерге де, аудан тұрғындарына да тигізер пайдасы зор. Мен форум барысында мәселелерді бірлесіп шешіп, ауқымды жұмысты бастасақ деген ойда болдым.
Бұл жерде кәсіпкер егер «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірге жұмыс істесе, ұтары көп. Өйткені, кәсіпкерлер палатасы өзі оқытады, өзі бизнес жоспар жасауға үйретеді. Төмен пайыз несиемен өзі қаржыландырады.
Елімізде дәл қазір кәсіпкерлікпен айналыссам деген шын тілегі, ниеті бар жандар үшін, әрине ізденген жан үшін барлық жағдай жасалған. Тек еңбек етіп, тәуекелге бару керек.
Қазір жұмыс жоқ дейтін кейбір жандарға қарап «қарным ашады». Үкіметіміз халықтың жағдайын көтеру үшін, кәсіпкерлікті дамыту үшін қаншама бағдарламалар қабылдап жатыр. Төмендетілген пайызбен несиелер, қаншама қайтарымсыз гранттар берілуде. Қаншама жеріміз игерілмей жатыр. Бірақ жұмыс істегісі келмейтін адамда мың бір сылтау бар.
Жұмыс істеу үшін ең бірінші ниет керек. Көзін тауып, тәуекелге бару қажет. Үкіметтің қолдауын пайдаланып, еңбек ету қажет. Жалпы, форумнан ерекше әсер алдым. Көптеген жаңа идеялар пайда болды. Қанаттанып, жігерленіп қайттым.
Форумның екінші күні кешкісін Қазақстанның өнер жұлдыздары концерт берді. Мерекелік дастарқан жайылды. Байқап отырсақ, ауыл әйелдері шетінен әдемі, көркіне ақылы сай. Қала әйелдерінен кем емес, яғни өз-өздеріне күтім жасай білетіндері көрініп тұр.
Тұңғыш Президент күні қарсаңында кездесіп отырғандықтан Елбасымыз туралы өз тілегімді жеткізгім келеді.
Мен астанамызға 2009 жылы алғаш рет бардым. Одан кейін де талай рет барып жүрдім. Алғаш барған жылмен қазіргі он жылдан кейінгі астананың көркін, жағдайын салыстырсам, өте көп жұмыстар атқарылған. Айырмашылығы жер мен көктей. Мен кәсіпкер болғандықтан шет мемлекеттерде де көп боламын. Мәселен, Түркияның астанасы Стамбулмен салыстырсам, Стамбулда қандай әсерде болсам, Елордамызда да сондай тамаша әсерде боламын.
Стамбулға жақында ғана барып келдім. Соңғы барғанда еліміздің астанасымен салыстырып, ерекше әсерде болдым, елімнің осындай астанасының бары мені мақтаныш сезімге бөледі.
Шет елге барғанда Қазақстаннан келдік десек, барлығы біздің елге қызыға қарайтындарын жеткізіп жатады. Мұның барлығы Елбасымыздың көрегендігінің, саясаткерлігінің, парасаттылығының арқасы. Елбасының тәуелсіз елімізді көркейтуде сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оны жоққа шығара алмаймыз.
Біздің жауымыз – сыбайлас жемқорлық. Онымен күресу үшін ең бірінші сананы өзгертуіміз керек. Әркім өз ісіне жауап бере алса, білімді болса, «неге мен пара беруім керек?» деп, заң аясында әрекет етсе, бұл індетті жеңе аламыз. Бірақ, қазір байқасақ, жайлап бұл көрініс азайып бара жатқан сияқты. Шынымды айтсам, ол үшін қатты қуанамын.
Сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жеңу үшін әрқайсысымыз үлес қосуымыз керек,- дейді кәсіпкер.
Иә, Елбасының ел мен жердің, тәуелсіздіктің тағдырына көңілі алаң болып, үнемі толғаныс үстінде болғаны, оның ел үшін атқарған ерең еңбегін ұмыту мүмкін емес. Кәсіпкер айтқандай, мақтаныш сезім 2017 жылы «Экспо-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне барған сәтте менде де болды. Ертегідегідей еңселі ғимараттарды көріп, шетелден келген туристердің қызығушылығын байқап, кеудемді мақтаныш сезім кернеді. Шын қуандым, шын мақтандым. Туған ел, туған жер үшін осындай тамаша сезімді бастан өткізудің өзі бір бақыт екен!
Еліміздің туын тік ұстап, алға батыл қадаммен басып бара жатқан мүдделес, мақсаттас, тағдырлас қазақстандықтардың жарқын болашағына нық сеніммен қарап, Елбасына шын жүрегіммен алғысымды білдіремін.

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close