Basty bet
«Азаттығым басталса Алатаудан, қазақтығым басталған Қаратаудан!»
жуалылық ақын Қанат Мырзахан республикалық ақындар айтысында топ жарды
Өлең-жырдың көмбесіндей болған қасиетті Әулиеата өңірі қай заманда да айтыскерлерге кенде болған емес. «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» деп Жамбыл жырласа, «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» деп Кенен ақын жырлаған. Жамбыл мен Кенен осынау қасиетті Әулиеата өңірінде туып, есімдері айдай әлемге танылған ақындар. Бүгінде бүтін бір облыстың аты Жамбыл ақынның атына берілсе, Кенен ақынның да атында мектептер мен көшелер бар.Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен өткен жылы тұңғыш рет «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы Тараз төрінде ұйымдастырылған еді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қолдауымен бұл жыр додасы биыл да дәстүрлі түрде өткізілді. Соның нәтижесінде, тасада қалған таланттардың танылуына мол мүмкіндік туып отыр. Ауылдағы ақындар аудандық іріктеуде бақ сынап, оза шапқандары облыстық айтыста жасындай жарқылдады. Белгілі жуалылық жас ақын Қанат Мырзахан аудандық айтыста барлық қарсыластарын жеңіп, облыстық іріктеу айтысында да бас бәйгені жеңіп алған болатын. Сөйтіп Жуалының үкілі үміті республикалық айтысқа жолдама алды.
Жиырмасыншы ғасырдың Гомері атанған қарт жырау Жамбыл Жабаевтың туған күніне орай облыс орталығында «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Баласағұн атындағы орталық концерт залында өткен жыр аламанына ел өңірлерінен барлығы жиырма ақын қатысты. Ақындар додасын облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков құттықтау сөзбен ашты.
– «Құрметті ақындар және қонақтар! Өңір басшысы Асқар Исабекұлының қолдауымен облысымыз халықтық өнерге шындап бет бұра бастады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында тегіңді таны, дәстүріңді ұлықта, халықтық өнерді биікке көтер деген міндеттер қойылғаны белгілі. Осы ретте Жамбыл облысында да бірқатар игі шаруалар қолға алынуда. Соның ең негізгісі ретінде «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық айтысты айтуға болады. Айтыс ақындарына қашанда қолдау қажет. Біз осынау сөз сайысын дәстүрлі түрде өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Ендеше, еліміздің әр қиырынан келген айтыс өнерінің жүйріктеріне тек қана сәттілік тілейміз, – деді Бекболат Серікбекұлы.
Одан соң айтыс өнерінің шынайы жанашыры, «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жүрсін Ерман айтыс өнеріне тұрақты қолдау көрсетіп отырған облыс әкімі Асқар Мырзахметовке және облыс жұртшылығына алғысын жеткізді.
Бұдан соң көрерменге айтыстың қазылар алқасы таныстырылды. Қара қылды қақ жарып, ақындардың өнерін бағалайтын қазылардың төрағасы танымал айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев болса, құрамында композитор, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, ақындар Жанарбек Әшімжанов, Бауыржан Халиолла, Қайырбек Асанов, Бекарыс Шойбеков, Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының меңгерушісі Ахметжан Өзбеков болды. Сонымен бірге айтысқа қатысушы ақындар да таныстырылды.
Тараз төрін дүбірлі думанға бөлеген республикалық айтысты жамбылдық ақын Дархан Әбдіманат пен павлодарлық азулы айтыскер ақын Аспанбек Шұғатаев бастады. Одан соң Жуалы ауданының үкілеген үміті Қанат Мырзахан мен алматылық Шұғайып Сезімхан сөз сайыстырды. Бұл жұпта Қанаттың тәжірбиесінің мол екендігі, қарсыласына қайтарған ұтымды жауаптары анық байқалып тұрды. Қазылар алқасы Қанат Мырзаханның өнерін 70 ұпаймен бағалады. Келесі кезекте жамбылдық Нұрлыбек Құрманов пен Түркістан облысының ақыны Нұрлыбек Мейірманов сөз қағыстырды. Сондай-ақ аламан барысында айтыстың ақтаңгері атанған қарағандылық ақын Дидар Қамиев пен шымкенттік Қажымұқан Абзаловтың сөз сайысы көрермен көңілінен шықты. Бір сағаттық түскі үзілістен соң ақындар қайта айтыс көрігін қыздырды. Онда белгілі ақындар Айбек Қалиев, Мұхтар Ниязов, Қайнар Алагөзов жамбылдық көрерменге ерекше айтыс сыйлады. Республикалық аламан айтыстың ақтық сайысына жамбылдық Қанат Мырзахан мен Нұр-Сұлтан қаласынан келген Мұхтар Ниязов шықты. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» демекші, бұл айтыс өте тартысты болды. Ұтымды сөзбен, шапшаң жауаппен айтыс қорытындысында Қанат Мырзахан қазылар алқасының да, көрерменнің де ыстық ықыласына, шынайы қолдауына ие болды.
«Кіл жүйрікте кім жүйрік?» демекші, ақындардардың барлығы Әулиеата өңірін жырға қосып, Жамбыл жерінің қасиеті туралы: «Азаттығым басталса Алатаудан, қазақтығым басталған Қаратаудан» деп ұрандатты. «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысының қорытындысында Жамбыл облысының намысын қорғаған жуалылық айтыскер ақын Қанат Мырзахан бас бәйгені жеңіп алып, айтысқа тігілген жеңіл автокөлікті иеленді. Ал, бірінші орынның бір миллион теңге жүлдесіне қарағандылық ақын Дидар Қамиев лайық деп танылды. Айта кету керек, айтыстың екінші және үшінші орындарын иеленген жүлдегерлерге қомақты қаржылай сыйлықтар берілді. Сонымен бірге өзге де ақындарға ынталандыру сыйлықтары үлестірілді.
Айтыстағы үздік өнерімен дараланған жуалылық ақын Қанат Мырзаханды облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков марапаттап, жеңіл автокөліктің кілтін салтанатты жағдайда тапсырды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»