Basty bet

2021 жылы: МӘМС үшін кім, қанша төлейді?

Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің денсаулық сақтау саласына үлкен өзгерістер енген жыл болды. Себебі, осы күннен бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толығымен іске қосылған болатын. Бұл еліміздің әрбір азаматына қатысты тың реформа. Сондықтан “медициналық сақтандыру дегеніміз не?”, оның тиімді тұстары мен біздің алатын қызметтеріміз туралы толық ақпарат беріп өтсем деймін.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – бұл денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүдделерді қорғаудың мемлекеттік жүйесі. МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан, тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – бұл тұрғындарды ауру, жарақат, жүктілік, бала туу, мүгедектік, кәрілік жағдайындағы әлеуметтік қорғау үлгісі. Еуропаның дамыған елдері тұрмысы төмен, көмекке мұқтаж адамдарға ресурстарды қайта бөлуге мүмкіндік беретін МӘМС жүйесін таңдаған.
Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі қалай жұмыс істейді?
МӘМС мемлекеттің, жұмыс берушінің және әрбір адамның ортақ жауапкершілігіне негізделген. Мемлекет халықтың экономикалық белсенді емес азаматтарына жарна төлейді (тізімі төменде). Жұмыс берушілер – жалдамалы жұмыскерлерге, жұмыскерлер мен салық органдарында тіркелген өз-өзін жұмыспен қамтушы азаматтар – өздері үшін жарна төлейді. Осылайша, «сен бүгін басқаларға, ертең олар саған көмектеседі» деген ортақ жауапкершілік қағидаты бойынша, көмекке мұқтаж адамдарға мұқтаждығы төмен азаматтардың есебінен қызмет көрсетіліп, қаржыны тиімді бөлуге мүмкіндік береді. Медициналық сақтандыру қорына жарналар енгізу арқылы, сіз қабылдаудан бастап дәрігердің толыққанды тексерулеріне дейін және МӘМС пакеті шеңберінде қымбат операцияларға, кез келген емханада медициналық қызметтердің барлық түрлеріне қол жеткізе аласыз;
– Жалдамалы жұмыскер – жұмыс беруші есебінен жалақының 2% мөлшерінде және жалақы қорынан 2% мөлшерінде төлем жасайды.
– Жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалық иелері, жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар – 1,4 ең төменгі жалақының 5% мөлшерінде және (ЕТЖ 2021 жылы да 42500 теңгені құрайды, сондықтан төлем мөлшері бұрынғыдай – 2975 теңге)
– Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар (жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелмеген жалдамалы жұмыскерлері жоқ, қызмет көрсететін тұлғалар) бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер – 1 АЕК (01.01.2021 жылы 2917 теңге) республикалық және облыстық маңызы бар қалалар үшін басқа елді мекендер үшін ауыл тұрғындары – 0,5 АЕК 01.01.2021 жылы 1458,5 теңге.
– Дербес төлеушілер – 1 ЕТЖ-ның 10-ы мөлшерінде ең төменгі жалақы өзгермегендіктен, 2021 жылы да 2125 теңге .
– Азаматтық-құқықтық негізде шарт бойынша жұмыс істейтін тұлғалар – табысының 2% мөлшерінде төлем жүргізіледі ең жоғарғы төлем 8500 теңгеден аспауы тиіс (яғни 10 ЕТЖ-ның 2%, 425 000 x 2% =8 500)
Медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді ең ыңғайлы тәсілмен анықтап біліңіз.
– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz ресми сайты арқылы оң жақтағы төменгі бұрыштағы қалқымалы жасыл шеңберді басып, ЖСН енгізіңіз
– egov.kz электронды үкімет порталы арқылы (жеке кабинетте және «Денсаулық сақтау» бөлімінде)
– TELEGRAM – дағы Saqtandyru-bot арқылы (басты мәзірде «Сақтандыру мәртебесін» анықтау )
– Qolday 24/7 мобильді қосымшасы арқылы (басты мәзірде «Сақтандыру мәртебесін» анықтау )
МӘМС үшін төлемді қайдан жасауға болады?
– Екінші деңгейлі банктер және олардың интернет сервистері арқылы
– Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы
– Қазпочта АҚ бөлімшелері арқылы
– Төлем қабылдау терминалдары арқылы
– Медицина ұйымдарындағы төлем қабылдау терминалдары арқылы төлем жасап, МӘМС жүйесінде сақтандырыла аласыз
Мемлекет мына жағдайларда азаматтар үшін төлем жасайды:
Егер мына санаттардың біріне кіретін болсаңыз, автоматты түрде медициналық сақтандыру қорының қатысушысы боласыз:
1) балалар;
2) “Алтын алқа”, “Күміс алқа” алқаларымен наградталған немесе бұрын “Батыр ана” атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен наградталған көп балалы аналар;
3) Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оның мүгедектері;
4) мүгедектер;
5) жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар;
6) интернат ұйымдарында білім алып және тәрбиеленіп жатқан адамдар;
7) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ резидентура түріндегі жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу түрінде білім алып жатқандар;
8) бала (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүргендер;
9) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, сондай-ақ бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) іс жүзінде тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтіндер;
10) зейнеткерлер;
11) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүргендер;
12) уақытша ұстау изоляторларындағы және тергеу изоляторларындағы адамдар.
МӘМС-ті таңдау тұрғындардың қажеттіліктеріне жауап беретін заманауи қолжетімді медицинаға жол ашады.

Гүлбақыт МӘУЛЕНБАЙҚЫЗЫ,
аудандық орталық аурухананың БАҚ және қоғаммен
байланыс маманы

Таңдаулы материалдар

Close