Basty bet

Көтерілген мәселе ауыл әкімшілігінің бақылауында болады

«Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылы әкімінің аппараты» КММ Жуалы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің 2024 жылдың 02 ақпанындағы №9 (9379) санында жарияланған «Базарға да бап керек…» атты сыни мақалаға орай төмендегі мәліметті хабарлаймын.
Бауыржан Момышұлы ауылы әкімінің аппараты тарапынан 2024 жылдың жоспары бойынша:
1. Орталық базардың М.Мәметова көшесінің бойындағы бөлігі, яғни, «Несібелі» тойханасы маңынан бастап «Фиркан» дүкеніне дейінгі бөлігінің жолына жөндеу жұмыстарына (асфальт төсеу) аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінен қаржы бөлініп, ағымдағы жылы жөндеу жүргізу көзделіп отыр. Жобалық- сметалық құжаттамасы әзірленген.
2. Ы.Алтынсарин көшесінен орталық базарға кіреберіс жағы мен «Уют» сауда орталығы бөліндегі («Тянь-Шань» сауда орталығының алдындағы) сауда дүңгіршіктерінің «қызыл сызық» аумағында тұруына байланысты аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі және базар басшыларының келісімімен оларды алып тастау және жолды кеңейту бойынша келіссөздер жүргізіліп, ағымдағы жылы ретке келтіру жұмыстары жүргізіледі.
Орталық базардың іші мен сыртындағы шашылып жатқан тұрмыстық қалдық заттарды тазалау жұмыстары қоғамдық жұмысшылармен күнделікті тазалануда және бұл мәселе Б.Момышұлы ауылы әкімшілігінің бақылауында.
Сыни мақалада айтылған басты мәселенің бірі – орталық базардың жолын қыс мезгілінде қар мен мұздан тазалау, базарға күнделікті келіп-кететін өңір тұрғындары мен тұтынушыларға қолайлы жағдай жасау жұмыстарына келсек, мемлекеттік сатып алу порталында ашық конкурс арқылы ойнатылып, нәтижесінде, «Томирис» жеке кәсіпкерлігі жеңімпаз болып танылды. Мердігер өз жұмысын бастап кетті.
Сонымен қатар, базарда және базар айналасында орналасқан сауда орындарының иелеріне (кәсіпкерлерге) өз сауда орындарының айналасын уақтылы күл-қоқыс пен қардан тазалап отыруы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ұсыныс-ескертпе қағаздары таратылды. Алдағы күндері орталық базардың айналасы мен іші күнделікті қардың салдарынан пайда болған мұз ойындыларынан тұрақты тазартылатынын хабарлаймын!

Керімхан ТӨРЕҚҰЛОВ,
Б.Момышұлы ауылының әкімі

Таңдаулы материалдар

Close