Basty bet

«Ең әуелі сананы жаңғырту керек»

дейді «Қазақстан Фермерлер одағы» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Жигули Дайрабаев

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Қазақстан Фермерлер одағы» аудандық филиалы төрағасының есеп беруіне арналған жиын болып өтті. Оған «Қазақстан Фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Жигули Дайрабаев, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы саласына қатысты бөлім басшылары мен қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері мен шаруа қожалық жетекшілері қатысты.
Жиналысты аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, баяндама жасау үшін сөз кезегін «Қазақстан Фермерлер одағының» аудандық филиалының төрағасы Мырзайым Тойшыбековке берді.
-Құрметті «Қазақстан Фермерлер одағының» жиынына қатысушылар!
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығында әлі де көптеген мәселелер шешімін таппай отырғанын білесіздер. Осындай мәселелерге сәл де болса септігін тигізетін қоғамдық ұйымның керек екенін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылғы 5 наурызда агроөнеркәсіп кешені мәселелері бойынша өткен республикалық кеңесте алға қойған болатын. Елбасының міндеттеріне сәйкес, облыс агроқұрылымдарының жұмыстарын өзара бірлескен іс-қимылдар нәтижесінде жолға қойып, дамыту мақсатында әр ауданда Қазақстан Фермерлер одағының филиалдарын құрып, жандандырып, тиісті жұмыстар жүргізу көзделген.
Осы орайда бүгінгі күнге мұндай филиалдар барлық облыс, аудандарда құрылып, жұмыс істеуде. Соның ішінде біздің де ауданда 2007 жылы қоғамдық ұйымның филиалы құрылған болатын. Ауданымызда 193 шаруа қожалықтардың төрағалары мүшелікке кірген.
«Қазақстан Фермерлер одағының» мақсаты – ұсақ шаруа қожалықтарды ірілендіру, олардың өндірген өнімдерін дер кезінде дұрыс бағамен өткізуге көмектесу, жаңа техникаларды қайдан, қандай жолмен алуға болады, соған жәрдем беру, асыл тұқымды малдармен, дәнді дақылдардың ұрықтарын қарастыруға көмектесу, шаруалардың құқықтарын қорғауға барлық жоғарғы сатыларда көмек көрсету, тағы да басқа жағдайлардың бәрін де шаруалардың мүддесін қорғау,- дей келіп, жалпы ауданымызда ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласының проблемаларына тоқталды. Ұсыныс-тілектерін жеткізді. «Қазақстан Фермерлер одағы» аудандық филиалының араласуымен шешілген мәселелерді де атап өтті.
Сөз тізгінін аймақ басшысы алды.
-Құрметті шаруалар!
Заман талабына сай жұмыс істеуіміз керек. Жаңашылдыққа бет бұруымыз тиіс. Саладағы жақсы үрдістерді қабылдауымыз қажет. Яғни, тыңайтқыштарды, жаңа тәсілдерді пайдалануымыз керек. Шаршаған жерге егілген өнімнің пайдасы да болмайды. Сондықтан сұранысқа ие дақылдарды егейік.
Жер деген байлығымыздың қадірін білейік. Бар жерді дұрыс пайдаланайық.
Өз құқығымызды қорғай білейік.
Еңбек адамына көмектесу – бәрімізіге ортақ міндет. Сіздердің тараптарыңыздан жасалған ұсыныстардың барлығы жан-жақты ескерілетін болады,- дей келіп, Нарбай Әбілқасымұлы сөз кезегін Жигули Молдаханұлына берді.
-«Қазақстан Фермерлер одағы» 40 мың мүшесі бар үлкен қоғамдық ұйым.
Біз жатып алып сын айтамыз. Өткенді көксейміз. Әрине, тарихты білген дұрыс. Бірақ, бүгінді, келешекті ойлауымыз керек.
Шаруаның тірлігі алға жылжуы үшін не керек?
Біріншіден, өте төмен пайызбен несие керек. Ол үшін бірігуіміз қажет. Халқымызда «…Жалғыздың үні шықпас» деген мақал бар.
Бүгінде мал бағатын, егін егетін жанды табу өте қиын. Маман тапшылығы тағы бар. Бұл мәселені шешу үшін оларға жағдай жасау керек.
Шетелге еліктейміз. Көптеген шетелдерде қандай лас жолмен болса да ақша тапса болды, олар үшін таңсық емес. Ал, біздің халықтың менталитеті басқа. Біздің халық адал еңбек ету, үлкенді сыйлау дегендей адами қасиеттерді жоғары қояды.
Қарап отырсаңыздар, қазіргі байлар мен бұрынғы байлардың айырмашылығы жер мен көктей. Бұрынғы байлардың көбі рақымды, бүкіл ауылға қарайласып отыратын болған. Олар бүтін елді сақтауға атсалысқан. Материалдық байлығына рухани байлығы сай келген. Ал, қазіргі байлар қандай!? Оның материалдық байлығын қайтеміз? Егер ол рухани кедей болса. Сондықтан сананы жаңғырту керек. Проблеманы айтып, сынап қана қоймай, оның түзелуіне, шешілуіне бар күшімізді салуымыз қажет. «Бүйректен сирақ шығармайық». Еліміздің дамуы жолында әрекет етейік. Әрине, сын, кемшілік айтылуы керек. Бірақ, сол кемшіліктің жойылуы үшін де атсалысайық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылға дейін арналған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын қолға алды. Бұл бағдарламаның аясында 900 млрд теңгеге 350-ге жуық ауыл жөнделеді. Бұл – өте үлкен жетістік.
Шаруалардың жағдайын туралайтын екінші мәселе – субсидия. Субсидия уақтылы берілуі керек,- дей келіп, Жигули Дайрабаев бірнеше мәселенің мәнісін тарқата әңгімеледі. Қоғамдық ұйымның республика бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы да қысқаша тоқталды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының тиімділігін де ерекше атап өтті.
Сөз соңынан Жигули Дайрабаев Мырзайым Тойшыбековке «Еңбек ардагері» төсбелгісін кеудесіне тақса, «Сәттікүл» ШҚ төрағасы Ермахан Қойлыбаевқа «Қазақстан Фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Құрмет грмотасын тапсырды.
Шаруа қожалық жетекшілері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауап алды.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаев қорытындылады. Әбдікерім Құлтайұлы шаруаларды бай-қуатты мемлекет болу үшін мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануға шақырды.

Перизат Шымыртайқызы.
Суреттерді түсірген
Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close