Basty bet

Мұқтаж жандарға мүмкіндігінше көмек көрсетіледі

Апта ортасында аудан әкімі Жалғас Мұртаза аудандық әкімдіктің кіші мәжіліс залында қабылдауға алдын ала жазылған бірқатар азаматты жеке сұрақтарымен қабылдау жүргізіп, олардың мұң-мұқтажына қанықты.

Аудан басшысының қабылдауына ең бірінші болып кірген Билікөл ауылдық округі Қарабастау ауылының тұрғыны Мұқатас Өмірәлиев өзінің шаруа азамат және көпбалалы отбасы екенін, иелігінде 250 бас қой және бір үйір жылқы малының барын айтып, тиісінше, округке қарасты Дарбаза ауылының маңындағы «Дарбаза» су қоймасының бойынан үй салуға және қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер телімін беруді сұрады.
Аудан басшысы Ж.Мұртаза жер теліміне мұқтаж азаматтың өтінішін тыңдай келе, жер берудің белгіленген тәртіптерін заңдылық аясында түсіндірді. «Дарбаза» су қоймасының маңындағы жерлер ауданның босалқы жеріне қарасты болғандықтан, ол аумақтан үй және қора-жай салу үшін жер телімі тек конкурс және аукцион арқылы берілетіні өтініш иесінің назарына жеткізілді. Өтініш иесіне жер алуға қатысты басқа да мәселелер түсіндірілді.
Бұдан кейін аудан басшысының қабылдауында болған үш азаматшаның да баспанаға мұқтаж жандар екені белгілі болды. Атап айтқанда, Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, көпбалалы ана – Жұпаркүл Әбілдаева, Қайрат ауылының тұрғыны Құрманкүл Өмірбекова және Көлбастау ауылынан Ирана Исмаилова тұрғын үй алудың тәртіптерін сұрай келген екен. Көпбалалы ана Ж.Әбілдаеваның өз атында үй жоқ болғандықтан, ол 2017 жылы тұрғын үй кезегіне 911-ші болып тұрған. Қазір отағасы екеуі ата-енесінің қолында тұрады. Өтініш иесі одан бөлек, кәмелет жасына толмаған балаларына мемлекет тарапынан лайықты жәрдемақы төленсе деген тілегін де жеткізді. Оның сұрақтарына аудандық әкімдіктің тиісті бөлім басшылары жауап берді.
Айта кету керек, қабылдауда болған Қайрат ауылының тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі жан Қ.Өмірбекова өзінің жұмысқа жарамсыз екенін, сонымен қатар қолында ІІ топтағы мүгедек қыз тәрбиелеп отырғанын айтып, тұрғын үйінің апатты жағдайда тұрғанын жеткізіп, көмек сұрады.
Қиын жағдайда тұрмыс кешіп жатқан ананың мұңын тыңдаған аудан әкімі Жалғас Мұртаза өтініш иесіне өз ойын былай деп жеткізді.
-Мұқтаж жандардың санатына мемлекет тарапынан берілетін тұрғын үй тек кезектілік тәртібімен ғана беріледі. Тұрғын үйге мұқтаждық мәселесімен қайырылатын кез келген өтініш иесі ең біріншіден осы мәселені терең ескерулері қажет. Одан кейін тұрғын үй шын мұқтаждарға ғана беріледі. Қазір тұрғын үй кезегіне тұру процесі оңайлатылған. Барлығы электронды түрде. Кезекті заңсыз алға жылжытуға жол берілмейді. Кезектілік ақпараттық жүйемен жұмыс істейтін болғандықтан, оны құқық қорғау органдары үнемі қадағалап отырады. Кім тұрғын үйге мұқтаж, сол адам заңдылық аясында тұрғын үй кезегіне тіркелсін. Кезек қалай келеді, үйді де солай алады. Оның басқа ешқандай жолы жоқ.
Енді өтініш иесінің мәселесіне келетін болсам, ауданда бірнеше жылдан бері «Асарлатып үй салу» жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жобаның аясында баспанаңызды жөндеуге мүмкіндік бар. Бұл мәселемен ауылдық округтің әкімі айналысуы қажет. Мен Сізге құрғақ уәде беруден аулақпын әрине. Дегенмен, мұқтаждығыңызға қарай мүмкіндігінше көмек көрсетеміз,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Жеке қабылдауда болған басқа да азаматтардың мұң-мұқтажы назарға алынып, оларға заңдылық аясында тиісті жауаптар берілді. Айта кету керек, жеке қабылдау аясында туындаған кейбір сұрақтарға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық әкімдіктің тиісті бөлім басшылары және ауылдық округтің әкімдері жауап берді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close