Basty bet

Түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Ауру айтып келмейді. Қазақстан да бір жылдан бері басқа әлем елдері сияқты аты жаман індетпен күресу үстінде. Осы уақыт аралығында денсаулықтың, жақын-жуықтың қадірін түсініп, саулықтың сақтықта екенін ұғынған тұрғындар біртіндеп болса да карантин талаптарына мойынсұнуда. Оған дәлел ретінде айтар болсақ, қазір ауыл-аймақтарда аздап болса да жиын-тойлар тоқтатылды. Тұрғындар қоғамдық орындарда бетперде тағуды әдетке айналдырып келеді. Осыған қарамастан адам өміріне қауіпті инфекцияның таралуы әлі де бәсеңдеп отырған жоқ. Бұл – бізден сақтық шараларын, карантин талаптарын бұдан да қатаң сақтауды міндеттесе керек.

Кеше Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың тапсырмасына сәйкес аудан әкімінің жанынан құрылған арнайы мониторингтік топтар мектептерді аралап шығып, ондағы санитарлық талаптарды егжей-тегжейлі зерделеп шыққан болатын. Топ мүшелері зерделеуге шықпас бұрын аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында жиналып, онда аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов жалпы індетке байланысты аудандағы ахуалға тоқталып, топ мүшелеріне облыс әкімінің орынбасары Ержан Жұматұлының тапсырмасын жан-жақты түсіндіріп өтті.
Төрт мониторингтік топ төрт бағытқа бөлініп, аудан мектептерінде барып, ондағы санитарлық талаптарды мұқият тексерді. Онда негізінен білім нысандарының кіріберісіндегі залалсыздандыру дәліздерінен бастап, антисептиктердің қойылатын орнын, оқу кабинеттеріндегі тиісті құралдардың орналасу ретін, оқушылардың партада отыру тәртібін, тағы басқа талаптарды көрді. Сонымен қатар, мектептердің басшылығына санитарлық талаптарды барынша сақтауға, оны тиісінше, оқушылар мен ұжым мүшелерінен талап етуге міндеттеді. Топ құрамында аудан әкімінің бас инспекторлары, бөлім басшылары, аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары, сонымен қатар аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетінің де қызметкерлері бар екенін айта кеткен артық болмас.

Таңдаулы материалдар

Close