Basty bet
Уақытша қолайсыздық … ұзақ қолайсыздыққа айналмасын!
Тәуелсіздік көшесі тұрғындары мен көлік жүргізушілердің жалғыз талабы осы
Жергілікті тұрғындар бұрын бұл маңда колхоздың егіс алқабы болған деседі. Өткен ғасырдың 70-жылдары осы алаптан жер телімдері үлестіріліп, тұрғын үйлер салына бастағанда, көшелер тілініп, жолдар түскен. Темір жол көпірінен басталып, аудан орталығын Евгеньевка ауылдық кеңесіне қарасты елді мекендермен жалғастырған негізгі қатынас жолы әуелі Евгеньевка тракты деп аталған. Одан кейін біраз жылдар Михаил Ломоносовтың есімімен аталған көше он шақты жылдан бері Тәуелсіздік атауына ие болды.
Көшеге осыдан бірнеше жыл бұрын орта жөндеу жүргізілген. Алайда, жұмыс барысында технологиялық талаптар ескерілмегендіктен, тұрғындар жөндеудің мүлдем сапасыз жүргізілгенін айтады. Жолға жаңа асфальт салынбаған, керісінше, табанынан шыққан асфальт ұсақталып, тапталып, қара шайырмен араластырылып, қайта төселген. Оған қоса, жолдың оң жиегінің орта тұсынан басталған сапасыз суағар науалардың жүйесіз салынуы, тиісті мекеменің тарапынан күтімге алынбай, іші күл-қоқысқа толып, жауын-шашын мен қар суының сыртқа жайылуы салдарынан асфальт беті бір қыс өтпей ойылған. Содан бері жыл сайын ойықтар жамалумен келеді. Бұл туралы газет бетінде бірнеше мәрте жазылды да.
Жалпы ұзындығы 1,7 шақырымды құрайтын көше жолының 1,0 шақырымын (арғы жағындағы 700 метрдің қашан жөнделетіні белгісіз) орта жөндеуге биыл 28,7 млн. теңге қаражат бөлініп, тараздық «Жарқынбек» ЖШС мердігер болып белгіленген.
Серіктестік жөндеу жұмыстарына жайма-шуақ жаз айында кіріскен. Міне, қоңыр күз де келіп, жауын-шашын басталса да, мұнда жөндеу жұмыстары әлі баяу жүруде. Бұған өткен аптаның аяғында объектіде болғанда көз жеткіздік.
Мезгіл түс ауғанымен, жұмыс басында қыбырлаған жанды көрмедік. Не мердігердің, не тапсырыс берушінің өкілдерін жолықтыра алмадық. Көше жолының арғы және бергі басы үлкен жиектастармен бөгеліп, көлік қатынасы үзілген. Жиектасқа орта тұстан мемлекеттік және орыс тілінде жазылған «Уақытша қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз! Жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде» деген ескертпе жазба көлденең тартылған. Объектінің паспорты ілінбеген. Яғни, кез келген тұрғынның жолдың жөндеу жұмыстарына қатысты қандай да бір ақпарат алуына мүмкіндік жоқ.
Аудандық мәслихаттың бұрынғы депутаты, қоғам белсендісі Шора Ысқақовты сол арадан кезіктіріп, сөзге тарттық.
– Шамамен бір ай бұрын көшенің оң қапталына салынған суағар науалар бөлшектеліп алынып, орнына жаңасы орнатылды. Науалар арнайы кранның немесе манипулятордың емес, тиегіштің көмегімен шығарылды. Кей тұстарда жанында өтіп жатқан жаяу жүргіншілер жолының жиегін бұзып кетті.
Жалпы, жол бедері көпірден бастап Боранды көшесіне дейінгі аралықта қия аздап тіктеу болып келеді. Осы қияда кезінде өзім мұрап болып жүргенде, арғы беттегі арықтан қарсы бетке асфальт жолдың астына тасталған темір тұрба бар еді. Осы арықпен көшенің арғы бетіндегі көшелер су алатын. Тапсырыс беруші жобада бұл тұрбаны жайластыруды ескермеген бе, әйтеуір, арғы басы көмулі, бергі басы суағар науаға жетпей қалған.
Көшенің жоғары бөлігінде мұндай тік қия байқалмайды. Суағар науаның арғы басында жердің еңісі ескерілмеген тұстар бар.
Жер бедерінің ыңғайына қарай судың арғы бетке қарай көп ағатынын айтып, мердігерге суағар науаны көшенің арғы жақ бетіне орналастыруды сұрандық. Алайда, астынан байланыс кәбілі өтіп жатқанын, тағысын тағы түрлі сылтау-себептерді көлденең тартып, ескісінің орнына қондырды, – дейді қоғам белсендісі.
Ол су ағар науа жайластырылып болған соң көшенің асфальт жамылғысына түрен салынып, бірнеше қатпары сүріліп тасталғанын, көлік жүргізушілердің бірнеше күн сүрілген асфальт жал болып үйілген жолсызбен жүруге мәжбүр болғанын, кейін астыңғы жақтан көлік қатынасының мүлдем тоқталғанын айтады.
Тапсырыс беруші аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен хабарласып, объектідегі құрылыстың қашан аяқталатынын сұрағанымызда, жөндеу жұмыстарын қараша айының соңында аяқтау межеленіп отырғанын айтты.
Біз пікірін білмек болып, тілдескен көше тұрғыны Оңалбай Ыбыраев жол бойында жұмыстың қарқынды сипат алмағанын, бір мезгілде қауырт жүріп, кейде тоқтап қалып отырғанын айтады. «Талапқа сай жолдың табанынан ұйытқыған желмен шаң-тозаң көтерілмеуі үшін жолға су шашылып отыруы тиіс еді. Алайда, мердігер бұл талапты ескермеді. Соның салдарынан біз екі ай бойы шаң жұтуға мәжбүр болдық. Тек айдың басында ылғалдың түсуімен шаң тоқтап тұр» дейді тұрғын.
Уақытша қолайсыздық көлік жүргізушілерін, жекеменшік таксистер мен олардың қызметін пайдаланатын жолаушыларды да әбігерге түсірген. Әншейінде тік жүріп, межелі жеріне жылдам жететін олар айналма көшелерге түсіп, 10-15 шақырым жолды артық жүріп өтуге мәжбүр. Екі-үш жас баласын ерткен жүргінші (аты-жөнін атамауды өтінді) таксистердің ынсап сақтап, айналма жол жүргені үшін жол ақысына тек 50 теңге ғана қосып отырғанын айтты.