Basty bet
Ұстаз болу – арманым!
Ұлы Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деген сөзін әрқашан арқау етіп сөз бастағым келеді. Адам болған соң, жақсы маман иесі атанып, өмірдегі өз орныңды тауып, жақсы жағдай мен абыройлы ғұмыр кешуді мақсат етесің. Ұстаз болып жұмыс істеу менің де сол армандарымның бірі болды.
Әкем білікті ұстаз еді. Мектепте өмірінің табаны күректей қырық жылын ұстаздыққа арнап, физика математика пәндерінен сабақ берді. Әкемнің ағасы Тәжібай Жанботаұлы мектеп директоры болған. Отбасымызбен педагогика саласында жұмыс атқарған жайымыз бар.
Бала кезімнен кітап оқуға жаным құмар болды. Әкем үйге газет-журналдар келген бойда маған оқытатын. Осылайша кітапқа деген сүйіспеншілігім арта түсті. Әдеби кітаптарды сүйсіне оқитынмын. Ол кезде кітаптарға қол жеткізудің өзі қиын еді. Әкем өзі оқыған кітаптарын маған ұсынып отыратын. Мәселен, кітапханадан Ілияс Есенберлиннің, Б.Момышұлы, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романдарын әкеп беретін.
Әкем сегіз перзентін оқытып, барлығымызды жоғары оқу орнына түсірді. Барлығымыз бір-бір мамандық иесі атанып, қолымызға дипломымызды алдық. Ол кезде еліміз жаңадан егемендігін алып, тәуелсіздікке жол бастаған шақтары еді. Сол уақыттың қиын кезеңдеріне қарамай, біздің білім алып, жақсы маман иесі атанып, егеменді еліміздің жаңарып кемелденуі үшін жұмыс жасауымыз керек екендігін ұғындырды. Әкем ұстаздық ете жүріп жер алып, диқаншылықпен де айналысты. Бәрімізді еңбекке тәрбиеледі. Сол еңбектің арқасында көп жетістіктерге жетіп, өмірдің барлық сынағына қарсы күресуге жол көрсетті.
2003 жылдары Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл шет елдерде қоныстанған қазақ жұртын Атажұртқа оралуға шақырды. Осы мақсатта біз көршілес Өзбекстан елінен қазақ жеріне көшіп келдік. Ал, ата-анам Сарыағаш өңіріне қоныс аударды. Мен жолдасымның ағайын жұртымен Жуалы ауданы Бәйтерек ауылына қоныстандық. Келген жұртымыз бізді жылы қарсы алды. Ауылымыздағы көршілерімізбен тез араласып, сіңісіп кеттік. Келген бойда менімен бірдей көшіп келгендер жұмысқа өз мамандықтарымен орналаса бастады. Балалар мектепке орналасты.
Ол кезде балаларымыз әлі кішкентай еді, үлкеніміз үш жаста, кенжеміз бір жасқа толған. Осылайша бала тәрбиесінде отырып, жұмысқа да кірмедім. Бес баланың тәрбиесімен 11 жыл үйде отырыппын. Балаларымның амандығы мен денсаулығына көңіл бөліп жүргенде, жұмыссыздыққа тап болдым. Бала тәрбиесінде отырып, біраз уақыт жұмыссыз отырғаным үлкен кедергі боларын ойламаппын.
Балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып уақытша болса да жұмысқа қабылданғанымда қатты қуандым. Шағын балабақшада орын да аз еді. Орнымдағы келіншек өз демалысынан келген соң, қайта жұмыссыз қалдым. Біраз уақыт өте ауылымыздағы мәдениет үйіне клуб меңгерушісі ретінде уақытша қайта жұмысқа орналастым. Ол жерде екі жылдан аса жұмыс істедім. Мәдениет саласында жұмыс істеп, біршама дүниелерді үйрендім. Мәдениет үйінде орналасқан кітапхананың орны мен үшін ерекше болды. Ондағы кітапханашы Айман Алтайбековамен жақын араласа отырып, кітаптар әлемі менің жүрегімді қайта жаулады. Бала кезімде қол жеткізе алмаған кітаптарымды оқыдым. Оның ішіндегі әсіресе, қазақтың жауынгер батыры, майдангер жазушы, Жуалы өңірінің тумасы Б.Момышұлының барлық кітаптарын сүйсіне оқыдым. Бұрын соңды ауылымыздағы осы кішігірім кітапханаға еш назар аудармаған екенмін.
Жұмысым уақытша болса да, жақсы көріп, сүйсіне атқарып, мәдениет саласының қыр-сырларымен терең таныстым. Қандай жұмыс атқарғаның маңызды емес, бастысы жұмысыңның сені қажет еткенін дәлелдеу екендігін түсіндім. Елімізге мәдениет саласының аса қажеттілігін, бұл саланың әрі қарай дамуына, жетістіктеріне көз жеткізгім келді. Жұмысымды әрі қарай жалғастырып, өз саламның нағыз маманы бола бастағанымда, өз орнына қайта оралған келіншекке орнымды босатып бердім. Қайта жұмыссыз қалдым. Бастауыш оқыту методикасының жоғары оқу орнын бітіргеніммен, өз мамандығыммен біршама ғана жұмыс істедім. Мені қынжылтатын да осы жұмыссыздығым.
Үйдегі бес балама ана, әрі тәрбиеші, әрі ұстаз болдым. Ұлым мен қызым мектеп бітіріп, грантқа оқуға түсті. Қазіргі таңда екеуі де студент. Аллаға шүкір, білім алуда. Биыл қызым Маржан Т.Тастандиев атындағы орта мектептің 10 сыныбында оқиды. Мектепаралық түрлі жарыстарға қатысып, өз жетістіктерімен қуантуда. Алдағы мақсаты – қазақ әдебиеті пәнін таңдап, журналист немесе қазақ әдебиеті пәнінің нағыз маманы болу.
Менің арманым – мамандығыммен жұмыс істеп, өз ісімнің білгір маманы болу. Шәкірт жүрегіне жол тауып, болашақ ұрпақты білім нәрімен сусындатып, егеменді еліміздің дамуына үлесімді қосу алдағы мақсатымның бірі.
Әке арманы мен бізге қойған талабын орындап, мақсатыма жетсем деп едім. Дамудың даңғыл жолына түскен мемлекеттер ең алдымен білім мен ғылым саласына көңіл бөледі. Өйткені, білімсіз болашақ бұлыңғыр. Соңғы жылдары білім саласына Мемлекет басшысы ерекше назар аударуда. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Егеменді еліміздің ертеңі болар жас ұрпақты тәрбиелеу, білім нәрін сеуіп, өмірдің даңғыл жолына түсуіне себеп болар ұстаз мамандығын жалғастырып, жұмыс істеу – менің арманым болып қала бермек. Ұстаздық – менің таңдаған мамандығым.
Нұрсұлу Пакеева,
көпбалалы ана.
Бәйтерек ауылы