Basty bet
Соғыстың өшпес ізі…
Біз ес білгелі біздің ауылдан екі шақырымдай жерде бұрынғы сиыр фермасында Сауранбай атты жалғызбасты орыс тұрды. Ол сол бос қалған сиыр фермасын күзетеді. Оның шын атының кім екенін ешкім білмейтін. Мүмкін оның кім екенін ауылдық кеңестегілер білетін шығар? Бірақ бүкіл ел оны Сауранбай деп атайды. Үнемі қасында шұбырып иттер еріп жүреді.
Біздің ауыл – «Сұрым» деп аталатын теміржол бекеті. Күнара кешке темір жол дүкеніне вагонлавкамен нан әкеледі. Нанмен қоса ауыл дүкендеріне түсе бермейтін шұжық, тәтті қоюлатылған сүт сияқты тауарлар да әкеледі. Оны көбіне теміржолшылар алады, ал теміржолда көбіне ауылда тұратын орыстар істейді. Сол кезде аналарымыз үй-үйде таба нан жабады-ақ, бірақ дүкеннің нанына жеңсік ас сияқты құмартып тұрамыз. Сол себепті де нан алуға барамыз. Сауранбай да нан алуға келеді. Аласа бойлы, қоңқақ мұрынды, жүзі жел өтінде жүріп тотыққан, ешкімге зияны жоқ, момын жан 10 шақты бөлке нанды қапшығына салып алып кетеді. Бала біткен үрке қараймыз. Жұрттан жырақ тұратындығы көңілімізге күдік ұялатады. Жаман әдеттері, елге жақпайтын қылықтары болғандықтан, ел ішінде тұруға болмайтын шығар деп те ойлаймыз. Неге орысты Сауранбай деп атайтыны да таңдандырады.
Сондай күндердің бірінде кезекте тұрған кісілердің бірі:
-Бұл кісі соғыс ардагері, соғыста қатты жараланған екен. Соғыстан кейін еліне бармай осында келіп, жұмыс істеді. Балалар, сендер одан қорықпаңдар, сыйлаңдар. Оның ешкімге зияны жоқ. Соғыс зардабын тартпаған бірде-бір отбасы жоқ. Біріміздің әкеміз, енді біріміздің атамыз, ағамыз соғыстан қайтпай қалды, ал қайтқандары мүгедек болып оралды. Бұл бейбақ та соғыс қасіретін тартқанның бірі ғой. Енді сондай қасіретті күндер болмасын. Беті аулақ,- деді.
Содан бастап ауыл балаларының Сауранбайға деген көзқарасы өзгерді. Біз оған құрметпен қарай бастадық. Аяныш та жоқ емес. Тек қасында еріп жүретін иттерінен ғана қорқатынбыз.
Сол жалғызбасты жанның аянышты тағдыры әлі күнге есімнен шығар емес. Балалық болды ма, оның кім екенін де анықтап сұраған емеспіз. Ол сол бір соғыстың соңғы ескерткішіндей санамызда «Сауранбай» деген атымен есте қалды.
Ал сол кісінің аты-жөні – Иван Федорович Силиванов екен. Ұлы Отан соғысының ардагері, офицер болған. Тұтқынға түсіп, азап лагерінде көрмегенді көрген. Маңдайына ыстық темір басып азапталған. Туыс-тумаларынан ешкім қалмағандықтан, қазақ жеріне өз бетімен келген де кісікиік болып, жеке-дара өмір сүрген. Оны мен жақында ғана білдім.
Қарлығаш АХМЕТОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
ардагер ұстазы