Basty bet
Атына заты сай Бәйтерек ауылы
Тәрбие тал бесіктен бастау алады десек, сәмбі талдың иіліп тал бесікке айналар орны – ауыл десек, артық айтқандық емес. Халықтың игі мәдени дәстүрлері – ізеттілік, қайырымдылық, мейірімділік, қонақ жайлылық, имандылық, барлық үлгі-өнегенің бастауы ауылда қаланады. Демек, адами құндылықтардың негізі ауылдық тәрбиеде десек, қателеспейміз. Бүгінгі ғұлама да, ақын да, дана да кешегі ауылда асыр салып ойнап, ауылда өсіп, тәрбиеленгені тағы да бар.
Ұлттық салт-дәстүрлеріміздің қаймағы бұзылмай ауыл өмірінде біте қайнасып сақталып келеді. Аранын ашқан, жолындағының бәрін жойқын күшпен еріксіз ілестіріп, еліктетіп, елітіп әкетіп жатқан жаhандану дәуірінде иманды ұл мен ибалы қыз тәрбиесінде ауыл тәрбиесінің орны ерекше. Ұлттық сана-сезім, рухани байлықтың қайнар көзі де ауылда. Кішіпейілділік, бауырмалдылық сынды асыл қасиеттерді ауыл ақсақалдары мен абыздарының, дуалы ауыз қариялары мен ақ жаулықты аналарының тәрбиесінен аларымыз сөзсіз. Осы орайда, ауылға қолдау көрсету бағдарламасының болуы да, оның құпталуы да, өмірге енгізілуі де заңды құбылыс.
Біздің бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған Ақтөбе ауылдық округінің орталығы – Бәйтерек ауылы да осындай түтіні түзу шыққан, іргесіне ынтымақ қонақтап, береке байланған елді мекеннің бірінен.
Алдымен айтпағымыз, Ақтөбе аймағы ел-жұртының бейнетқорлығы, жер жағдайы мен климатының ерекшелегі ескеріліп, өткен жылы облыс байтағында қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша аудандағы тұңғыш пилоттық өңір болып таңдалды.
– Халықтың тұрмыстық табысын арттыру, әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатын көздеген жобаға қатысқан 194 аула мемлекеттен 2,5 пайыздық несие алды. Қазіргі таңда, несие алған азаматтар өз жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Ауыл тұрғындары арасында несие бойынша алған малдарын айналымға түсіріп, өз әлеуметтік жағдайын біршама көтеріп жатқан азаматтар қатары күннен-күнге өсіп келеді, – дейді ауылдық округ әкімі Арабхан Заппаров.
Округ орталығы – Бәйтерек ауылы кешегі кеңес заманында КСРО Қорғаныс министрлігіне бағынысты №10 «Октябрь» әскери кеңшары тарағаннан кейін жаңаша атауға ие болған елді мекен. Ауылдық округтегі төрт елді мекенде 494 аула бар десек, тұрғындар үй іргесіндегі жерлерін тиімді пайдаланып отыр. Қыстық азыққа көкөністер – картоп, қызанақ, қырыққабат, жүгері, т.б дәнді дақылдар егіп, жиын-терім жұмыстарын жүргізіп, өз-өзін жұмыспен қамтуда.
Дегенмен өңірде ағын судан әлі де бірқатар проблема бары анық. Шаруалар бар су қорын ұтымды пайдаланып, өз бау-бақшаларын суғару жұмыстарын жүргізуде.
Денсаулық сақтау саласында «Ақтөбе» дәрігерлік амбулаториясы мен «Жаңаталап» фельдшерлік-акушерлік пункті халыққа медициналық қызмет көрсетіп, ел игілігіне жұмыс істеп жатқан жайы бар. Білім беру ошақтарынан Бәйтерек ауылында майдангер жерлесіміз, «Даңқ» орденінің толық иегері Тайыр Тастандиевтің атын иеленген №11 орта мектеп және №26 Жаңаталап орта мектебі бар. Қазірде бұл білім ордалары карантинге байланысты онлайн жүйеге көшкен. Сонымен қатар, 50 орындық «Бәйтерек» және «Жаңаталап» бөбекжай- балабақшалары мектепке дейінгі тәрбие берумен шұғылданады.
Округтің ауыл шаруашылығы саласында 97 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Оның ішінде 30 шаруа қожалығы дамыған және дамушы болып табылады. 223 жеке кәсіпкер тіркелген.
Соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалардың арқасында округке қарасты елді мекендер түрленіп, ажарланып келеді. Мәселен, тек екі-үш жылдың бедерінде өңірде облыстық мәндегі «Бәйтерек-Теріс» бағытындағы автомобиль жолы, бірқатар ауыларалық жолдар жөнделді, көшелер жарықтандырылуда.
Өңірде суғармалы алқаптардың көлемін ұлғайту мақсатында Ақтоған ауылында «Жарбұлақ» жасанды су тоғанының құрылысы жүргізілуде. Тапсырыс беруші – «Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануын реттеу басқармасының» «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болса, мердігер орындаушы – «BIG building NS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Округтегі мәдени-демалыс орындары ретінде «Бәйтерек» мәдениет үйі мен «Жаңаталап» клубы жұмыс істеуде. Олардың қазіргі жағдайы қанағаттанарлық. Сонымен қатар Бәйтерек және Жаңаталап ауылдарында жастар демалатын «Street Workout» спорт алаңшалары орналасқан.
Учаскелік полиция инспекторы Жарас Сыйқымбаев өз жұмысына тиянақты, халықпен әркез тығыз қатынаста атқарады. Соның нәтижесінде аймақта биылғы жылы бірде-бір қылмыс тіркелмеген.
Биылғы жылғы көгалдандыру, көгеріштендіру шаралары да өз деңгейінде жүргізілуде. Атап айтқанда, ағымдағы жылы атқарылған жұмыс көлемі бойынша 500 тал бұталды, 2000 тал ақталды, білім ошақтарының аулаларына гүлзарлар отырғызылды
Ауыл тұрғындары санитарлық тазалық жұмыстарына белсенді араласып тұрады. Әрбір тұрғын өз көшелеріне санитарлық тазалық жұмыстарын атқаруда. Округтегі кәсіпкерлер өз туған жеріне көңіл бөледі. Атап айтқанда, «Жаңаталап» мешітінің жөндеу жұмыстарына ауыл тұрғындары қаржылай көмек берді.
«Қайырымдылық істесең, қайырын өзің көресің» дегендей, округте қайырымдылық шаралары жиі өткізіледі. Елімізде таралған пандемия кезінде ауылдық округтегі әкімшілік қызметкерлері мен белсенді азаматтардың бірлесуімен тұрмысы төмен 38 отбасына азық-түлік таратылды. Құрбан айт мерекесінде тоғыз бас қой, бір бас ірі қара мал шалынып, еті аз қамтылған 59 отбасына таратылды.
Ауыл тұрғындары бір-бірінің мұң-мұқтажына бей-жай қарай алмайды. Атап айтқанда, Т.Құрманалы көшесінің тұрғыны Н.Исаевтың үйінің шөпханасы өртенгенде әркім шамасына қарай шөптей және қаржылай көмек көрсетті. Өткен жылы көршілес округте бірнеше ауланың шөп азығы өртеніп кеткен болатын. Әкімшілік қызметкерлерінің ұйымдастыруымен кейбір тұрмысы төмен отбасыларға қаржылай, шөптей көмек берілді. Одан бөлек, Жаңаталап ауылында Т.Борбековке асар әдісімен баспана салып беруге қаражат жинау жұмыстары басталды.
Рухани құндылықтар – ұлттық сенімнің белгісі. Жалпы ауыл-аймақтағы мектептер мен клубтар, ауыл тұрғындарының араласуымен рухани құндылықтар жақсы деңгейде дәріптеліп, ұлттық сана-сезімнің өсуіне ел болып үлес қосуда.
Елді мекенде ұлттық өнердің жанашырлары өте көп. Жаңаталап ауылының Хафиза Ерғалиқызы есімді тұрғыны қазақтың ою-өрнектері мен құрақ құрау өнерін үздік меңгеріп, оны әрі қарай дамытуда. Сонымен қатар, Бәйтерек ауылындағы №2 Балалар өнер мектебінің оқытушылары тігін үйірмесі, ұлттық қолөнер үйірмесі, ағаш өнері үйірмесі, ұлттық би үйірмесі, домбыра үйірмесі және т.б. арқылы ұлттық өнердің дамуына белсенді үлес қосуда.
Ауыл-аймақтың әлеуметтік-экономикалық өсуіне, облыс әкімінің тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында төмен пайызбен берілген несие экономикалық өсуіне зор үлес қосты. «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде үш трактор, екі комбайн және 19 түрлі ауыл шаруашылығы тіркемелері елге қызмет көрсетуде.
Ақтөбе аймағы көпбалалы аналарымен мақтанады. Мұнда 79 көпбалалы ана, оның жартысынан астамы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері. Ауыл ақсақалдары жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, барлық игі шараларға белсенді қатысуда. Ел-жұрт сыйлайтын, құрметті азаматтардан Сапар Қамбаров, Жарылқасын Тәжіхан және тағы басқалар бар.
– Ауыл тұрғындары зиянды әдеттер – темекіге, есірткіге, ішімдікке әуестенбеген. Жастар жағы күрес, көкпар, бокс, теннис сынды спорт түрлерімен шұғылданады, қыздары би және т.б. үйірмелерге қатысады. Жергілікті балалар өнер мектебінде тәрбиеленетін «Томирис» қыздар би тобы өткен жылы Париж қаласында өткен халықаралық конкурстан жүлделі орынмен оралды, – дейді ауылдық округ әкімі.
Атына заты сай, еселі еңбегімен тұрмысын гүлдендірген Бәйтерек ауылы аудандағы озық үлгілі елді мекендер қатарынан ойып орын алады деген сенімдеміз.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»