Basty bet
Күннің жаманы кетер…
Елімізде 13 шілде Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған үндеуінде айтып өтті. Үндеуде елімізде аты жаман індеттің салдарынан қалыптасып отырған жағдайға байланысты «Көптеген елде жағдай бізден де қиын. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетіп жатыр. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтарымыздың қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Бірақ біздің күресіміз жалғаса береді», – деген ойын толғаныспен жеткізді ел Президенті.
Қара жамылып, қабырғасы қайысып отырған қазақ жұртының қайғысы баршамызға ортақ. Аз ғана уақыттың ішінде елімізде індет жұқтырғандардың саны көбейіп, небір атпал азаматтарымызды арамыздан сұм ажал алып кетті. Алты құрлыққа ауыз салған індет арамыздан жасты да жасамысты да, үлкенді де, кішіні де алып кетуде.
Өкінішті….
Індет жұқтырып, ауырып жатқан азаматтарымыз сауығып кетуді ел болып тілейік.
Күннің жаманы кетер…
Қазақ халқы әрбір қаралы күннің артынан, қара бұлттың астынан жарқырап күн шығатынына сенеді. Біз – талай зобалаң мен сынақты бастан өткерген, тарихтың дауылына бой бермеген халықпыз. «Сабыр түбі – сары алтын» демекші, біз сабыр мен төзімділікті ту еткен халықпыз. Сондықтан қорқыныш пен үрейге, дүрбелеңге салынбай, сабырлық сақтайық. Уайым мен қайғыға батып, түрлі қауесеттерге сеніп, еңсемізді түсірмейік. Салмақты болайық. Бүкіл күш-жігерімізді жинап, індетпен жұмыла күресейік. Жақындарымызға жанашырлық танытып, үйде болып, індетті ауыздықтауға өз үлесімізді қоса білейік, ағайын. Бірлігімізді бекем ұстап, ынтымағымызды танытсақ қана жеңіске жететініміз анық.
Әлжаппар Кемелов,
Диқан ауылы