Basty bet

“Еңбек етіп, шаршап ішкен ас қандай дәмді!”

Үлкен өмірдің көшінде еңбекпен есейіп, нардың жүгін арқалаған қазыналы қарияларымыздың бірі – ақбастаулық Наурыз Қаңлыбаев.
Наурыз Қаңлыбайұлы жастайынан еңбек майданының алғы шебінде болды.
Қария 1946 жылы Ақбастау ауылынң маңындағы Сарықайқаң деген тауда өмірге келіпті. Ақбастау ауылына 1956 жылы көшіп келген. Әкесі еңбек ардагері. Ардагер совхозда ұзақ жыл сиыршы болып жұмыс істепті. Анасы Жұпаркүл 14 ұл-қызды өмірге әкелген жан. Алайда тағдырдың жазуымен оның екеуі ғана тірі қалыпты.

Наурыз ата Ақбастау ауылындағы бастауыш мектепте сауатын ашқан. Мектеп кейін жеті жылдық болып, осы мектепте жеті жылдық білім алып шығады.
1961 жылы Шақпақ станциясындағы училищеде алты айлық механизаторлық оқуды оқыпты. Еңбек жолын механизатор болып бастайды.
Бір жыл трактор айдап, кейін қазіргі Жамбыл ауданындағы Крупская деген жердегі училищеде бір жарым жыл автослесарлық оқуды оқиды. Оқуын тамамдап, Карл-Маркс совхозында қайта трактор айдайды.
1965 жылы әскер қатарына алынады. Алты ай Ташкентте дайындық курсынан өтіп, әрі қарай екі жыл алты ай уақытында Түркіменстанда әскери борышын өтейді.
Әскер қатарында да булдозер тракторын айдаған екен.
1968 жылы шілде айында әскерден елге оралып, бір жыл шопан болып жұмыс істейді.
-Совхозда бір жыл ағайынды екеуміз шопан болып жұмыс істедік. Мен көмекші болдым.
Дәл осы жылы қыс қатты болып, малшылар қиналды. Біз 600 бас саулықпен Мойынқұмда едік. Бір жарым метр қар жауып, жол жабылып қалды. Екі апта мал аш қалды. Қойлар аштықтан сарайдың қамыстарын кеміріп, сарайды тесіп шықты. Үшінші аптада жол ашылып, тракторлар жем-шөп алып келді. Осы қыста 600 бас қойдан 250 бас қана саулық қалды. Кейбір шопандар қыстан малдары қырылып, таяғын сүйретіп шықты.
Бір жылдан соң қайта трактор рөліне отырдым. Көктемде қой қырқуға барамыз. Сегіз-тоғыз жылдай қатарынан қой қырқудан жеңімпаз болдым.
Қой қырқудан жігіттер жарысамыз. Мен күніне 100-120, кейде 130 бас қой қырқамын. Еңбегімнің арқасында талай марапатқа ие болдым.
Еңбегімді ескеріп, ауылдықтар үш рет ауылдық кеңестің депутаты етіп сайлады. Халық пен билік арасында дәнекер болып, ауылдың мәселесін билікке жеткізіп, оң шешілуіне үлес қостым.
1977 жылы озат механизатор атандым.
Жұмыс жаздыгүні таңғы сағат алтыда басталып, кешкі онда бітеді. Кейде бір-бірімізбен кезектесіп тәулік бойы жұмыс істейміз. Түскі асымызды өзімізбен бірге ала барамыз. Кейде совхоз басшылары егін басына қымыз алып келеді. Еңбек етіп шаршап ішкен ас қандай дәмді!
Тоғыз жыл комбайн айдадым. Жұмыс аяқталған соң, айлығымызға қосып сыйақы беретін.
Ол кезде “Қазақстан-75”, МТЗ-82, МТЗ-50, К-700 тракторлары болатын.
Жұмыс әрине оңай емес. Жаздыгүні ми қайнатар ыстық, шаң бұрқырап жатады. Қыста малшыларға жем-шөп, тасимыз. Мойынқұмдағы малшыларға сексеуіл, көмір алып барамыз. Шеберханада тракторымызды көктемгі дала жұмыстарына дайындаймыз.
2009 жылы зейнет демалысына шықтым.
Марқұм жолдасым Күнімай екеуміз екі қыз, төрт ұл тәрбиелеп, олардан 20-ға жуық немере, бес шөбере сүйдік,- дейді қария.
Ауыл шаруашылығы саласы – асыраушы сала. Бірақ жұмысы ауыр. Бұл салада әрбір уақытты тиімді пайдалану маңызды. Науқандық жұмыстардың ұйымшылдықпен басталып, сапалы атқарылуында қарапайым еңбек адамдарының еңбегі орасан.
Қария еңбекпен өрілген 40 жылында тек еңбекқорлығымен ғана емес, ынтымақшылдығымен, адамгершілігімен сыйлы бола білді.
Ұл-қыздарын еңбекқорлыққа, қоғамшыл болуға тәрбиеледі. Бүгінде төрт ұлының үшеуі және үш немересі механизатор.
-Әкеміз бізді ешкімге қиянат жасама, адал бол, еңбек ет деп тәрбиеледі. Асқар таудай әкеміз бүгінде шаңырағымыздың қазынасы. Жастайынан еңбекпен өскендіктен болар, әлі күнге дейін, ақыл-кеңесімен бөлісіп, мал шаруашылығымен айналысады. Жылқы, қой бордақылайды,- дейдің қара шаңырақтағы ұлы Бағдат.
Еңбек ардагері Наурыз атамыздың еңбек жолы, абыройлы белесі жас ұрпаққа үлгі-өнеге.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты Жолдауында кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет деген болатын.
“Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар елімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және “Жастар рухының” съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды.
Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек.
Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жүр. Олар біздің елде де жақсы табыс тауып жүр. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн” деді Мемлекет басшысы.
Қазір қолында дипломы бар маман көп. Бірақ, өз ісін жақсы білетін, біліктілер өте аз.
Қай істе болсын, мәселенің түйінін мамандықтың өз иесі шешеді. Сондықтан өз ісінің қыр-сырын жетік білу, оның шебері болу – жастардың басты мақсаты болуы керек.
Өмірде алдына нақты мақсат қоймай, әр нәрсені армандап, әр нәрсенің басын шалып, еңбек етпей, оңай жолмен табыс тапқысы келетін адамдар баянды бақытқа қол жеткізе алмайды. Ал, масылдыққа бой алдырып, үнемі біреуден бір нәрсені дәметіп, біреуді кінәлау адамды құрдымға жібереді.
Қарапайым нағыз еңбек адамы қандай құметке болсын әбден лайық. Дәл сіз таңдаған мамандық бойынша дипломы бар маман көп болғанымен білікті маман болсаңыз, орныңыз бәрібір жоғары тұрады.
Қоғамымызда еңбекқор, білімді мамандар көп болса, әр маман өз орнында отырса, олардың еңбегі лайықты бағаланып, әр марапат өз иесіне берілсе, еліміздің келешегі де кемел болары сөзсіз.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close