Basty bet

РАМАЗАН – МҮМКІНДІКТЕР АЙЫ

Айлардың сұлтаны болған Рамазан айының алғашқы күні биыл сәуірдің 24-інде басталып, бір айға созылады. Қасиетті айдағы құлшылық жасаудың сауабы, оразаның парыздары мен шарттары және ерекшеліктері, адамның ағзасы мен рухани дүниесіне тигізетін пайдасы туралы ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаев былайша әңгімелейді.
– Құран Кәрімде Алла тағала мүміндерге ораза тұту жайында былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақтанарсыңдар». Рамазан айының ерекшелігі сол, мүміндер бұл кезде бір ай бойы ораза ұстайды. Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрбиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы. Сонымен қатар, Рамазан – Құран айы, тақуалық пен тәрбие айы ретінде байыпталады. Рамазан – айлардың сұлтаны, күнәлардың кешірілетін, мың айдан да қайырлы Қадір түні бар шоқтығы биік ай.
Құран Кәрімде Алла тағала: «Олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла тағала жақсылық етушілерді сүйеді» деп бұйырған. Пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын!) өзінің бір хадисінде үмметін былай деп сүйіншілейді: «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі». Алла Елшісі (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын!) тағы бір хадисінде: «Рамазанның басы – рақмет, ортасы – кешірім, соңы – тозақ отынан құтылу» деген екен. Ал, Алла тағала пендесін бар күнәсіна қарамастан осылай кешіріп тұрса, онда құлға жарасқаны өзге құлдарды да кешіре білу емес пе?!
Ораза ұстаудың адамның рухани дүниесіне һәм денсаулығына тигізер пайдасы өте көп. Рухани пайдаларының бірі адам баласын сабырлыққа, төзімділікке тәрбиелейді. Өйткені, пенде күнін Алла тағалаға иман еткен күйде аштықпен, шөліркеумен өткізеді. Пенде адамның ашуын тудыратын қандай да бір келеңсіз жәйттарға тап болса, «Мен оразамын» деп сабырға келеді. Жалпы, мұсылман қоғамында осы Рамазан айында қылмыс азаятыны белгілі. Өйткені, Алланың мұсылман пенделері өзін және өзгелерді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыяды. Нәпсісін тізгіндейді, мейірімді, кешірімді болады.
Қараңызшы, шынайы сеніммен бір ай ораза ұстасаңыз болғаны, әлемдердің Раббысы сіздің барлық күнәларыңызды кешіруге дайын. Бұл – тек Мұхаммед (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын!) үмметіне берілген асыл сый. Өйткені, Алла Елшісі (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын!) өзінің құдси хадисінде оразаның тұтқан адамның Алла алдында орны ерекше екенін былай жеткізеді: «Ұлылығы шексіз Алла тағала: «Адам баласының ұстаған оразасынан басқа барлық амалдары өзіне. Ал оразаның жөні бөлек. Өйткені, ораза Менің разылығым үшін ұсталады. Сондықтан да, оның қарымын (сауабын) Өзім беремін» деген».
Пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын!) тағы бір хадисінде: «Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ауыз ашқанына қуанады және Раббысымен қауышқанда ораза ұстағанына қуанады» деген.
Рамазан – сауап жасау, мол мүмкіндік, рухани тұрғыдан өз-өзіңді жаңарту, жаңғыру айы. Алла елшісі (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын!) былай деді: «Аузы берік кісіге ауыз аштырғанға ораза ұстағанның сауабындай сауап беріледі. Бұдан ораза ұстаушының сауабы еш кемімейді».
Ораза айы – күнәдан тазару айы. Алла Елшісі (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын!) былай дейді: «Ораза – қалқан. Пенде ораза ұстаумен тозаққа қалқан қояды». Осы хадистегі «қалқан» біздің сабыр-шыдамымыз болып табылады.
Пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын!) тағы бір хадисінде: «Ораза – сабырдың, сабыр болса – иманның жартысы» деген. Демек, ораза иманнан туындайды. Иман тозақтан сақтайды. Мұсылман иманының қуатына қарай қылмыс пен күнәдан бойын аулақ ұстайды. Жүйкесін жұқартпайды, ашуын ақылға жеңдіре алады. Ораза ұстап аш жүрген кезде нәпсі қозбайтындықтан, адамның сабыр сақтауы көп қиындық туғызбайды. Аяқасты тап болатын түрлі қиындықтарға шыдамдылық танытуда оразаның берер пайдасы көл-көсір.
Оразамен аштыққа, шөлге т.б. түрлі ауыртпашылықтарға шыдай алған адам тосын жағдаяттарға тап болғанда сағы сына қоймайды. Ораза қиындықтарға шыдауға әбден шыңдалған, нәпсісіне ие бола алатын, ақиқатты өмірлік ұстаным деп біліп, одан таймайтын сегіз қырлы, бір сырлы әмбебап адамдарды тәрбиелеуде үлкен рөл ойнайды.
Рамазан – әр жылы қайта оралып, мұсылман адамға өз-өзіне жаңадан тәрбие беруге мүмкіндік беретін, мұсылман пенденің сабырлығы бойынша емтихан тапсыратын ай. Оразаға ниет еткен жамағат ала таңнан ақшам уақытына дейін сабырлық жасайды. Ораза болғаны үшін кешке дейін ішіп-жемейді. Сондай-ақ, ашу-ызаға бой алдырмай, жұмсақтық танытады. Тұла бойын харамнан, тілін жаман сөзден, көзін сұқтанудан сақтайды. Өйткені Пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын!) «Сабырлықтың жартысы ораза ұстаудан тұрады» деп өсиет қалдырған. Бұл өсиет даналық бұлағындай болған біздің ауыз әдебиетімізде қалай өрілді екен, соған мән берсек.
Асан қайғы бабамыз тағы бір жырында:
«…Ашу – дұшпан, артынан
Түсіп кетсең қайтесің
Түбі жоқ терең қуысқа?!» – десе, Абай атамыз:
«Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос», – дейді.
Рамазан айында ораза арқылы төзiмдiлiк, шыдамдылық, сабырлық, жанашырлық, тақуалық секiлдi iзгi қасиеттердi өн бойымызға жинауға тырысамыз. Рамазан – қайырымдылық, мейрiмдiлiк, ізгі амалдардың еселене жасалатын уағы. Сол арқылы сауабымыз артып, күнәларымыз кешiрiледі.
Алла тағала жасаған ғибадаттарымыз бен тақуалығымызға орай жұмақ нығметтерiн сыйға тартады. Бұл жайында хадис шәріпте былай делінеді: «Адамдарды жәннатқа кіргізетін нәрсе – тақуалық пен көркем мінез». Ал, осы шынайы тақуалықты адам баласы Рамазан айында сезінеді. Ал, ондай кісі жәннатқа лайық.
Осы хадисте баяндалғандай, жұмаққа лайықты адамның тағы бір қасиеті – көркем мінез. Көркем мінез нәпсіні тізгіндеуден, тақуалықтан туындайды. Өзін-өзі басқаруы күшті, нәпсісі тәрбиеленген адамның мінез-құлқы да тамаша. Ондай адам сабырлы, мейірімді, жомарт келеді. Басқаға қызғаныш қылмайды, күндес болмайды, зұлымдық, жамандық жасамайды. Ораза ұстаған адам нәпсісін басқара білуі, мінез-құлқын көркемдеу және тілін жаман сөздерден тыю арқылы оның бойы күнә-кемшіліктерден тазарып, Алланың рақметі мен мағфиратына бөленіп, жәннатқа лайықты ізгі жанға айналады.
Ораза – ішіп-жеу және шаһуаттан тыйылу арқылы орындалатын құлшылық. Ал, тамақ мен жыныстық сезім адамзатты азғыратын, жолдан тайдыратын нәпсі нөкерлері десек болады. Нәпсі – адамның ішкі жан-дүниесі, рухына азық болатын нәрселерден гөрі тәнге азық болар нәрселерге үгіттейді. Оразаның тағы бір пайдасы осы нәпсінің екі нөкерін тізгіндеуіне септігін тигізеді.
Нәпсісін тізгіндеп, өз-өзін басқара білген адамды тақуа дейді. Пенде оразаның арқасында нәпсісін толықтай ауыздықтап, өзі де Ұлы Жаратушының алдында шынайы мойынсұнған құлға айналмақ. Ораза тұтқан кез келген жан өзінің ораза ұстамаған бұрынғы бейғам күндеріне қарағанда тазалықты, пәктікті сезінеді. Яғни, ешнәрсеге, тіпті бір жұтым суға да қол соза алмауы барлық нәрсенің Иесі бар екенін, өзінің әлсіз құл екенін түсінеді. Осыдан барып ол өзінің барынша әлсіздігі мен мұқтаждығын сезініп, Алланың рақымдылығына қарай бет түзейді. Сондықтан, нәпсісін тежеп жасалған тарыдай ғибадат ықылассыз орындалған таудай құлшылықтан артық.
Баяғы өткен данышпандардың бірі: «Нәпсісін ақылына тізгіндеп бере алған адам мақсатына жетеді. Ал, ақылын нәпсісіне тұтқын етіп берген кісі жолда қалады» деген екен.
Алла тағала періштелерді жаратып, оларға тек ақыл, жануарлар әлемін жаратып, оларға тек нәпсі берген. Ал, адамзатты жаратып, ақыл мен нәпсіні қоса берген. Періштелерде нәпсі болмағандықтан, Алланың әмірін бұлжытпай орындайды. Жануарларда тек нәпсі ғана болғандықтан, олардың бар мақсаты қарынды тойдырып, жыныстық сезімін қандыру қамында ғана өмір сүреді. Ал, адам баласында періштедегі ақыл да, жануардағы нәпсі де бар.
Адамзаттың періште мен жануардан айырмашылығы мына дүниеге сынақ үшін келген. Сондықтан адам қаласа, ақылымен періштелер дәрежесін бағындырады, немесе нәпсіқұмарлыққа салынып жануарлар секілді қарын мен жыныстық сезімінің қамын ойлаумен күн кешеді. Демек, адам ақылға ерсе, дәрежесі артады, ал нәпсісіне ерік берген адамгершілігінен айырыла береді.
Бір айта кетерлігі, биылғы Рамазан айының ерекшелігі бұл қасиетті айдың әлем елдерін жайлаған коронавирустық пандемия салдарынан енгізілген төтенше жағдай режімі жағдайында өтетіндігінде. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеме жасап, онда ораза тұтуда, ауыз ашуда, жамағатпен оқылатын намаздарды өтеуде бірқатар шектеулер жайлы айтылды.
Бастысы, әрқайсымыз Алла тағала разы болатын ізгі амалдар жасауға асығайық. Ауыз аштырып, сауап алғысы келген адам ас-тағамды ораза тұтушының үйіне жеткізіп беру арқылы мол сауапқа кенелетінін естен шығармауы керек. Сондай-ақ, тұрмысы төмен отбасылар мен пақыр-міскіндерді тамақтандыру, оларға қайыр-садақа жасау да абзал істердің бірі болып есептеледі.
Сонымен қатар, ҚМДБ-ның биылғы жылға бекіткен пітір садақасының мөлшері жан басына шаққанда 370 теңге екенін жамағат назарына жеткізгіміз келеді. Ораза айт намазы 24 мамырда таңғы сағат 06.30-да басталады деп белгіленді.
Алла тағала Рамазан айын бізге Өзі разы болатындай пайдалы өткізуді жазсын!

Жазып алған Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close