Basty bet

Елбасымен бірге шойын балқытқан

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен жалындаған жастық шақта бірге оқып, бірге жұмыс істеген және отбасымен де аралас-құраласта болған жуалылық азаматтың бірі – Рахымжан Мырзахметов. Ол сонау 1958-1960 жылдары қазақтың ғылым-білімге құштар жастары комсомолдық жолдамамен Украинаның Днепродзержинск қаласына барып, Қазақстанның металлургия саласын дамыту үшін «металлург» мамандығын игермек болғандардың бірі еді.

Днепродзержинскіге алғаш барған қазақстандық 33 жігітті украин азаматы Дмитрий Изотович Погорелов өз қарамағына алып, жаңа кәсіптің қыр-сырына баулиды.
– Днепродзержинскідегі зауыт шын мәнінде алып екен. Бір қатарда 12 домна пеші орналасқан. Домнадан руданың сұйық шойынға, одан кейін мартен пешінде болатқа, ал прокат өндірісінде дайын прокатқа қалай айналатынын өз көзімізбен көрдік. Бәрі біз үшін қызық, алғашында қорқынышты да болды. Айналаның бәрі гүрс-гүрс, оттан ұшқын шашырайды. От өзені сарқырап ағады. Бірақ бұған бір аптадан кейін-ақ етіміз үйреніп кетті. Сөйтіп біз болашақ мамандықты төзімділікпен игере бердік. Онда біздің алғашқы старостамыз оңтүстіктің жігіті Рысбек Төлендиев болды. Кейін Дмитрий Изотовичтің ұйғарымымен старосталыққа Нұрсұлтан Назарбаев тағайындалды. Оған дейін ол «Горновой» газетінің редакторы қызметін атқарған еді. Әрине, мұның бәрі өз тобымыздағы қоғамдық жұмыстар болатын.
Нұрсұлтан Назарбаев бірінші күннен бастап-ақ, зеректігімен, зерделігімен көзге түсті. Оның адамгершілігі мен ұстанымы да топ алдындағы беделін көтере түсті. Керек десеңіз, Дмитрий Изотовичтің өзі жаңа тақырып түсіндіріп жатып кейбір реакцияларды теңестіргенде көбіне Нұрсұлтан Әбішұлына қарап: «Ана элементтің валенттігі қандай, мынанікі ше?» деп, үнемі оның дайындығын тексеріп отыратын. Сабақта ол өте күшті, қандай тосын сауал болсын, еш мүдірместен нақпа-нақ жауап қайтаратын. Ол осындай қабілетінің арқасында топтың көшбасшысы дәрежесіне көтерілді, – дейді Рахымжан аға өткен күндерді бір сәт толғаныспен еске алып.
Аталған зауытта қазақ жігіттері спорт жағынан да осал түспепті. Нұрсұлтан Назарбаев еркін күрестің шебері болса, Рахымжан бокстан ІІ разряды бар спортшы еді.
– Дмитрий Изотович көреген жан еді. Мені «Рахымжанчик» деп өз баласындай еркелететін. Ол бірде демалыс бөлмесінде отырғанымызда, «Алтай, Жұман және сен – үшеуің Нұрсұлтанға көп бағына бермейсіңдер. Бекер. Біле білсеңдер, ол келешекте Қазақстанның Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болады», – деді. Мен жымисам керек.- «Сен күлме, бағынасыңдар әлі, көресің»,- деп арқамнан қақты.
Мұндай көрегендікті естіп отырған жігіттер қарап қалсын ба, «Біз ше, мен кім болам?» деп даурығысты. Бүгінде Изотовичтің сол кездегі болжамының расқа айналғанына әлі таң қаламын. Ол маған «Рахымжанчик, сен келешекте мұғалім боласың» деп еді.
– Ой, қайдағы мұғалім, мен металлург болам, – деймін. Сөйтсем ол менің де болашағымды шынымен ақ дұрыс болжапты.
1960 жылы оқуды бітіріп келген жас металлургтер бірден болат балқытуға кірісіп кете қойған жоқ. Олар сол домна пештерінің тез, әрі сапалы салынып бітуіне үлес қосып барып жұмысқа бел шеше араласты.
Рахымжан Мырзахметов – Теміртау қаласында Нұрсұлтан Назарбаевпен иық тірестіре жұмыс істеген азамат. Ол №1, бұл №2 домна пешінде, 1963 жылы жаңа жылдық шойын балқыту үстінде теледидарға да шыққан. Артынша топтың ең алғашқыларының бірі болып Нұрсұлтан Әбішұлы екеуі «Коммунистік бригада» атағын жеңіп алады. Мұнда қалуға нық бекініп, үйдің кенжесі болғандықтан да әке-шешесін қасына алады. Бірақ әкесі:
– Балам, мен мұнда тұра алмаймын. Жасым ұлғайып, қуатым қайтқанда жер ауыстырған бізге болмайды екен, – деп ауылға қайтады. Екі жақты болып қалған Рахан ауылға қайта қалсам бір мамандық қажет болар деп 1964 жылы Қарағанды педагогикалық институтына сырттай оқуға түседі. 1965 жылы ауылына қайтып оралады. Ауылда үш жылдай ішкі істер органында қызмет атқарады да, 1968 жылы түпкілікті мұғалім болып мектепке ауысады. Зейнетке шыққанша осы салада еңбек еткен.
Рахымжан Мырзахметов 1995 жылы арнайы шақырту алып, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен Алматы қаласында жолығып, дидарласады. Одан кейін, оқу бітіргендеріне 50 жыл толуына орай 2008 жылы Теміртау қаласында Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен жолығудың тағы бір сәті түседі. Олардың қатарында Украинада оқыған кездерінде 60 жігіттей болған екен. Енді, содан қалғаны 26-ғана, он үшеуі – оңтүстік өңірінен. Соның бірі – Рахаңның өзі. Жамбыл облысынан Қазақстанның Тұңғыш Президентімен бірге оқып, иық тіресе домна пешінде жұмыс істеген де өзі ғана екен.
Ал металлургтік оқуды бітіргендеріне 50 жыл толуы есте қаларлықтай дәрежеде атап өтілген. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған қазақстандық алғашқы металлургтерді Қарағанды облысы мен Теміртау қаласының басшылары айрықша құрметпен қарсы алыпты. Қарағанды металлургия комбинатының мейрамханасында үлкен салтанат ұйымдастырылады. Оған Елбасы да қатысып, курстас достарымен кездесіп, дастарқандас болады. Әрбірінің тілегін тыңдап, 50 жылдық қуанышты бірге бөліседі.
– Сол жолы Елбасы бізбен «Аман-есен болыңдар, тағы да аман-есен кездесуге жазсын» деп қоштасты, – дейді Рахымжан аға толқи сөйлеп.
Осы жүздесуден кейін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің бір кездегі курстастары Елорданы аралап көріп, оның он жылдық мерейтойына да қатысқан.
– Металлург достарыммен, әсіресе Елбасымен кездесуден, елорданың мерейтойынан алған әсерім шексіз. Оны әлі ұмытқан жоқпын,- дейді Рахымжан аға. – Ұлт Көшбасшысы Нұрекеңнің бастауымен біздің еліміз болашақта ең алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылатынына мен кәміл сенемін. Биылғы жылы Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мерейлі 80 жасқа толып отыр. Бұл ел өміріндегі аса маңызды, мерейлі даталардың бірі. Мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін.

Арманы –
Елбасымен кездесу

Тағы бір айта кетерлік жай, Рахымжан ағаның жан жары, өмірлік серігі Сәния апай да Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен дастарқандас, Нұрағаның жары Сара Алпысқызымен сырлас болған жан. Сәния Сәдебайқызы 1960 жылы Рахымжан Мырзахметовке тұрмысқа шығады. Ал 1961 жылы тұңғышы Мейірханды жаңа босанған ол жолдасымен бірге Теміртауға көшіп барады.
– Теміртауға алғаш барған жылы бізге жас отбасы ретінде үй берілді. Төрімізден қонақ үзілмейтін. Рахымжанның достары, курстастары үйге жиі келіп тұрушы еді. Солардың ішінде Нұрсұлтан да бар. Нұрсұлтан сол кездің өзінде достарынан зеректігімен оқ бойы озып, ерекшеленіп тұратын. Ақылды, байсалды көрінетін. Өз ауысымынан тыс уақытта қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрді. Сол кездің өзінде зауыттың комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқаратын. Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой. Бірде Рахымжан екеуміз қатты ұрысып қалдық. Мен шағым айтып комсомол комитетіне барсам Нұрекең отыр. Арызымды алып қалды. Кешке үйге келіп, Рахымжан екеумізді қатар отырғызып қойып, ақылын айтты. Рекеңді, курстасын, әрі әріптесін қатты сынға алды. Намысына қамшы салар жігерлі сөздер айтып, екеумізді табыстырып кетті.
Нұрсұлтан Сараға үйленген соң үйге жиі келіп тұрды. Екеуі де балажан. Құр келмейтін. Келген сайын Мейірханға ойыншық немесе тәтті нан әкелетін. Мейірханды орталарына алып ойнатып, мәре-сәре болып қалатын. Ол кезде олардың балалары жоқ еді. Сөйтіп жаңа қосылған олар біздің баланы еркелетіп жүретін. Екеуінің жұбы үнемі жазылмайтын. Бір жағы біз тұрған көпқабатты үйлер қатар тұрды. Әрі десе көрші болдық. Ал демалыс күндері киноға баратын. Қыста үйдің алдындағы биік қырға шығып екеуі шаңғы тебетін.
Мен екіншім Темірханыма аяғым ауыр болатын. Толғатып перзентханаға түстім. Қандай сәйкестік десеңші, мен босанған күні қызметтестер металлург күнін атап өткен. Содан шыққан соң барлығы перзентханаға келді. Мерекеден шыққандары көрініп-ақ тұр. Рахымжанның жолдастары маған балаңның атын Шойынбек деп қоямыз деп қылжыңдап жатыр. Мен болсам басқа есім табылмай қалды ма деп жата кеп өкпелеймін. Енді, бірі Темір қояйық деді. Сөйтіп даурығысып тұрғанда Нұрсұлтан «біз Теміртауда жұмыс істеп жүрміз ғой, осында өмірге келген жас нәрестенің атын Темірхан деп қояйық» демесі бар ма? Бәрі қостай кетті. Сөйтіп екінші ұлымның атын Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы қойды,- деп сол бір жастық шақта, Теміртауда өткен қызықты күндерді сағынышпен еске алған Сәния апаның жүзі жадырап сала берді.
Кейін жолдасы екеуі қарашаңырақта жалғыз қалған ата-анасына алаңдап елге қайтып кетеді. Содан бері жарты ғасырдан аса уақыт өтіп кетіпті. Осы жылдар аралығында ол құдай қосқан қосағымен жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Колхозда колхозшы болып жұмыс істеді. Одан кейін балабақшада 15 жыл тәрбиеші болып істеп, зейнет демалысына шықты. Көп балалы ана ретінде «Алтын алқа» алқасының иегері атанды. Қос қария қазір Бақалы ауылында кенже ұлы Артықтың қолында тұрады. Бүгінде еңбек майталмандары ұл-қыздарынан 11 немере, тоғыз шөбере сүйіп отыр.
– Менің бір арманым бар. Ол Елбасы Нұрсұлтан мен Сараны бір рет болса да жүзбе-жүз көру. Шалым Нұрсұлтанмен екі рет жүздесті. Екі кездесуінде де: «Сәния аман ба, жағдайы қалай?» деп мені сұрапты. Арада қанша жыл өтсе де ол мені ұмытпапты. Мен де оларды ұмытқан жоқпын. Олармен бірге болған, жастық шақтағы әрбір отырысымыз, көңілді кештеріміз, отбасымызбен араласқан қызықты күндер әлі жадымда. Тек, мына аздап жүре алмай қалғаным болмаса. Әйтпесе, ештеңені ұмытқаным жоқ. Үнемі Нұрсұлтан мен Сараның жетістіктеріне қуанып, теледидардан көріп тілектес болып отырамын, – дейді Сәния апай ағынан жарылып.
Армандар орындалады дейді ғой. Апамыздың тілегіне жететініне біз нық сенімдіміз.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Таңдаулы материалдар

Close