Basty bet
Сыңғырла, соңғы қоңырау!
17 көктем, 25 мамыр! Бұл күн әрбір жанның жүрегінде ерекше сақталады. Себебі, 11 жыл бойы сапалы білім мен саналы тәрбие берген алтын ұя мектебіңмен, балалық шақпен қоштасатын қуаныш пен қимастық сезімге толы ерекше сәт. Бұл күн аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда да ерекше аталып өтті.
Биыл оқу жылында ауданымызда 790 оқушы 11 сыныпты аяқтап отыр. Алтын белгіге үміткер түлектер саны – 38, ал үздік аттестатқа 36 оқушы үміткер.
Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда үстіміздегі оқу жылында 1047 оқушы білім алды. 11 сынып оқушылары – 118. Оның ішінде, Алтын белгіге 11 оқушы, үздік аттестатқа 8 оқушы үміткер. Мектеп-гимназияда жалпы 272 оқу озаты бар.
Жүректерді тебіренткен соңғы қоңырау салтанаты мектеп түлектерін құрметпен ортаға шықырумен басталды. 11 «А», «Ә», «Б», «В» сынып жетекшілері мен оқушылары түгел таныстырылды.
Ортаға Д.Қонаевтың бюстіне гүл шоғын қою үшін 11 сыныптың оқу озаттары Мадина Қыдырбай мен Жәмилә Мұхтар шақырылды. Гүл қою рәсімінен кейін 11 сынып озаттары мен түрлі жарыстардың жеңімпаздары ортаға салтанатты жағдайда ҚР Мемлекеттік Туын алып келді.
Жиынның құрметті қонақтары аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаев, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Әбілқасым Ергебековке сөз кезегі берілді.
Ортада мектеп-гимназия директорының міндетін атқарушы Райса Қасымбекова да игі тілегін білдіріп, 2018-2019 оқу жылында жетістікке жеткен бір топ білімді, өнерлі, дарынды шәкірттер мен ұстаздарды арнайы Диплом, кубок, сертификаттармен марапаттады.
Мектеп ұжымына, мектеп оқушыларына аманат тапсыру үшін 11 сынып оқушылары Әйгерім Әбзәділ, Сымбат Қалдыбек, Зәуре Мәлікқызы шақырылды. Түлектер үш тілде ақ тілектерін жеткізді.
Кезек осыдан 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектерге берілді. Олар алғашқы ұстаздарымен бірге ортаға шығып, мектеп бітірушілерге ақ жол, сәт-сапар тіледі. Түлектер құрметіне 11 сынып оқушылары «Мектеп вальсін» биледі. Түлектер Гауһар Қожамсейіт пен Қадірқұл Ақерке «Қош бол, мектебім!» әнін орындады.
Бұйрық оқу үшін кезек директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әлия Тоғайбаеваға берілді.
Көптен күткен соңғы қоңырау соғу сәті де келіп жетті. Соңғы қоңырау соғу құрметіне 11 сынып оқушылары Ұлжан Тельман, Айгерім Қанатбекова, Абат Жанысов, Әмір Әзизхан және 1 сынып оқушылары Абылай Төленді, Бекболат Қадыржан, Айша Серікқызы, Нұрсезім Нұрғали ие болды. Соңғы қоңырау соғылып, 11 сынып оқушылары соңғы сабақтарына шығарып салынды.
Перизат Шымыртайқызы.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»
* * *
Түктібай ауылындағы 60 жылдық тарихы бар, осы күнге дейін танымал шәкірттерді түлеткен білім ошағы, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың есімін иеленген орта мектепте соңғы қоңырау салтанатты мерекесіне орай «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты жиын өтті. Көңіл толқытар осынау салтанатты шараға осы мектепте ұзақ жылдар ұстаздық еткен ардагер ұстаз Ақаш Әбделиев, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Батырхан Досыбаев, «Зылиха» шаруа қожалығының басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев қонақ ретінде шақырылды.
Оқушылар сапқа тұрғызылған соң салтанатты түрде мектеп бітіруші түлектер сынып жетекшісі Ербол Катибеков және алғашқы ұстаздары Әлия Анарбаевамен бірге ортаға шақырылды. Мерекеге орай алғашқы құттықтау сөз мектеп директоры Темірхан Мырзахметовке беріліп, ол өз кезегінде оқушылар мен ұстаздарды оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтап, мектеп бітіруші түлектерге сәттілік тіледі. Одан соң директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Фарида Бегалиева мектеп оқушыларының 2018-2019 оқу жылында біліммен қатар өзге де пәндік олимпиадаларда, халықаралық білім, спорт, т.б. салаларында жеткен жетістіктеріне кеңінен тоқталды. Атап айтсақ, мектептің бірнеше оқушысы «Золотое руно» халықаралық пәндер байқауында топ жарған. Соңғы қоңырау барысында осы және өзге де жетістіктер тілге тиек етіліп, оларға төсбелгілер мен тиісті Дипломдар табысталды.
Одан соң қонақтарға сөз берілді. Онда ақсақалдар алқасының төрағасы Б.Досыбаев, ардагер ұстаз А.Әбделиев, аудандық мәслихаттың депутаты К.Бегалиев сөз сөйлеп, олар түлектерге деген ізгі тілектерімен қоса ұстаздарға бала тәрбиелеу мен оқыту жолында жемісті жұмыс тіледі. Салтанатты шарада тілектермен қатар мектептің өнерлі оқушылары Адина Керімқұл, Ақнұр Садық, Ерсін Кеңесбек «Ұстазым», «Мектебім», «Мен – қазақтың ұлымын!» әндерін орындады. Айта кету керек, биылғы оқу жылында мектепті 12 оқушы бітіріп отыр. Олар да өз кезегінде тәлім мен тәрбие берген ұстаздарына ақ тілектерін арнады.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»