Basty bet

Коронавирустың болжалды екінші толқынына әзірлік жұмыстарын тексерді

Сәрсенбі, қыркүйектің 16-сы күні Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ауруханалар, дәріханалар, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету қызметтерінің коронавирустық инфекцияның болжалды екінші толқынына әзірлік жұмыстарымен танысты.
Ең алдымен аймақ басшысы «СК-Фармация» ЖШС қоймасына ат басын тіреді. Қазіргі уақытта бірыңғай дистрибьютор дертке қарсы дәрі-дәрмектің бір айлық қорын жасақтаған. 15 қыркүйектен бастап ауруханаларда екі айлық қажеттілікті өтейтін препараттар қорын әзірлеу үшін қызу тасымалдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы құны 245 млн теңгеге татитын жоғары сұранысқа ие дәрі-дәрмек түрлері жедел сатып алынып жатыр. Айта кетейік, қыркүйек айында 285 млн теңгенің препараттары әкелінген болатын.
Облыс әкімі маусым-шілде айларындағы жағдайды тағы бір мәрте еске салды. Ол кездері ауруханалар мен провизорлық орталықтарда дәрі тапшылығы туындап, елге қауіп төніп еді. Одан сабақ алып, қайта қайталамау керектігіне мән берді.
– Ертең екінші толқын келе қалса, жіберген қателігімізді қайталамауымыз қажет. Дәрі тапшылығы болмасын! Егер жетпей жатса, бірден айту керек. Тұрақты түрде бақылау болуы қажет. Қанша дәрі қалды, ол қай уақытқа дейін жететіні күнделікті сараланып, шешім қабылдануы керек,- деп тапсырды аймақ басшысы.
«СК-Фармация» ЖШС бүгінде өңірдегі 78 медициналық ұйыммен 673 келісімшартты бекіткен. Оның жалпы құны 6,7 млрд теңгеге бағаланып отыр.
Бірыңғай дистрибьютор денсаулық сақтау нысандарының стационарларына жалпы құны 5,5 млрд теңге болатын дәрілік заттар мен медицналық жабдықтарды жеткізген екен. Облыстың инфекциялық және провизорлық орталықтарына коронавирустық инфекцияны емдеуге арналған 709,6 млн теңгенің 81 түрлі дәрілік заттары жеткізілді.
Бұдан соң облыс әкімі №5 қалалық емхананың Covid-19 ауруының болжалды екінші толқынына деген дайындық барысын барлады. Аталған мекеменің медициналық қызметкерлер құрамы 130 адамнан тұрады. Емханада пульсоксиметрлердің, оттегі концентраторлардың саны жеткілікті деңгейде қалыптасса, дәрілердің екі айлық қоры жасақталған. Мұнда төрт мобильді бригада құрылған десек, қажеттілік туындаған жағдайда олардың саны сегізге дейін артпақ.
Емхананың бас дәрігерінің орынбасары Рахат Аймұрзаевтың айтуынша, тұмауға және ЖРВИ-ға қарсы екпе егу науқаны қалыпты режімде жүргізілуде. Вакцинациядан бас тартқан тәуекел тобындағы азаматтар тіркелмеген, олармен жан-жақты түсіндірме шаралары жүргізілуде.
Айта кету керек, облыс әкімі де осы емханада тұмауға қарсы екпе салдырды. Ол күзгі кезеңде ЖРВИ мен тұмауға шалдығудың қауіптілігі жоғары екендігін тілге тиек етті.
– Вакцинация – инфекциямен күресудің тиімді әдістерінің бірі. Әсіресе, бұл осы маусымда пандемияға байланысты өзекті болып отыр. Өкінішке орай, бүгінге дейін жамбылдықтардың тек жеті пайызы ғана тұмауға қарсы екпе қабылдаған. Бұл көрсеткішті қараша айының ортасына дейін, яғни вакцинациялау аяқталғанша 40 пайызға дейін арттыру керек, – деді Б.Сапарбаев.
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында облыс әкімі аурухана балансындағы медициналық құрал-жабдықтармен танысты. Аймақ басшысы дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдары сақталатын аурухана қоймасында болып, науқастарды қабылдауға арналған сүзгі посттарын қарап шықты.
Емдеу мекемесінің бас дәрігері Азат Сәтжанов бүгінде медициналық мекемеде коронавируспен ауыратын науқастарды емдеуге арналған екі айлық дәрі-дәрмектер қоры қалыптасқанын жеткізді. «СК-Фармация» ЖШС-мен 266 млн.теңгеге дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды жеткізу бойынша 31 келісімшарт жасалған.
Бұл күні облыс әкімі қаланың бірнеше дәріханаларына арнайы бас сұқты. «Садыхан» ЖШС дәріханасында дезинфекциялық заттар мен медициналық бетперделер бар болғанымен, сұранысқа ие бірнеше дәрі табылмады. «Әмір және Д» ЖШС дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде ешқандай кедергілер жоқтығын хабарлады.
Жұмыс сапарының соңында Б.Сапарбаев облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін бақылауда ұстауды, олардың үздіксіз жеткізілуін қадағалауды, сондай-ақ барлық ауруханалар мен емханалардың коронавирустың болжалды екінші толқынына дайындығын тексеруді тапсырды.
Облыс әкімінің айтуынша, денсаулық сақтау саласында ауқымды жоспарлар белгіленген. Өңірде 200 медициналық маманға қажеттілік бар, осыған байланысты дәрігерлерді даярлауға айрықша ден қойылуда. Осы орайда жақын арада Таразда С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің филиалын ашу жоспарлануда.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Таңдаулы материалдар

Close