Basty bet
Оқушылар онлайн оқытылуда
Ел аумағында енгізілген төтенше жағдайға байланысты білім беру саласында да елеулі өзгерістер орын алуда. Білім және ғылым министрлігінің тиісті бұйрығына сәйкес, білім ошақтары оқушыларды қашықтықтан оқытуға көшіргені белгілі. Бұл ретте жауапты мамандар мектептердің жағдайын, ұстаздар мен оқушылардың мүмкіндіктерін толықтай зерделеп шықты. Күні кеше ғана мектептерде оқушылар қашықтықтан білім ала бастады. Осы орайда аудан әкімдігінің білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлсім Сыпатаева аудан мектептерінде қашықтықтан оқытудың барысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
– Жуалы ауданында барлығы 39 мектепте 5776 отбасының 11 мың 285 оқушы білім алуда. Оның ішінде, 1 мен 4-сынып аралығында 4569 оқушы, 5 пен 9-сынып аралығында 5298 оқушы, сонымен бірге, 10-11-сынып аралығында 1418 оқушы білім алып отыр. Жалпы педагог саны-1759. Оның үй жағдайында компьютері бар мұғалім саны-1547 (88%), компьютері жоқ мұғалім саны-212 (12%), әлеуметтік желіге қосылған педагогтар саны – 904.
Ауданда аз қамтамасыз етілген отбасы саны-976, ондағы бала саны тиісінше,-2097, оның 364 компьютер бар, оның интернетке қосылғаны-194, ал 1733 оқушыда компьютер жоқ. Мектеп оқушыларының үй жағдайында компьютері, ноутбугі бар оқушы саны-3346, оның 2643 интернет желісіне қосылған, компьютері жоқ оқушы саны-7939, смартфон-планшеті бар оқушы -4697 оқушы, оның әлеуметтік желіге қосылған оқушы саны-4175.
Жалпы компьютері, ноутбугі, смартфоны жоқ оқушы саны-3242, бары 8043.
Осындай мәселелерді ескере отырып, біздің ауданның мектептері Білім және ғылым министрінің №123 бұйрығының 1 тармақтың 15 тармақшасына сәйкес 2019-2020 оқу жылының IV-тоқсанында ауданымыздың №20 Жамбыл атындағы ОМ, №23 Алатау орта мектебі, Ынтымақ, Қаратас, Ш.Уәлиханов негізгі мектептері, сондай-ақ, Бақалы, Теріс-Ащыбұлақ, Тасбастау, Ақтасты, Жылыбұлақ, С.Мұқанов атындағы бастауыш мектептерінде, мұның ішінде 6 сәуірден бастап 8 білім мекемесі күндізгі дәстүрлі оқытумен қамтылады. Қамтылатын оқушы саны-237, осы бұйрықтың 1 тармақтың 28, 29 тармақшасына сәйкес, қашықтықтан оқытуға мүмкіндігі бар 12 мектеп, ондағы оқушы саны -7489 (интернет-платформалар, онлайн, zoom, мессенджерлер (whatsapp, telegram, Aitu) арқылы қамтылады. Қашықтықтан оқытуға мүмкіндігі жоқтары тек «Балапан» және «Еларна» телеарналары арқылы оқитын болады. Бұл бойынша барлығы 19 мектепте 3559 оқушы оқуды жалғастырады.
Аудан бойынша мектептің оқу жүйесінде тұрған 1773 компьютердің 942-сі аз қамтылған отбасыларына, 73 толық қамтылған отбасына және 25 мұғалімге таратылып берілді. Барлығы 1040 компьютер таратылып берілді. Мектептерде 733 компьютер қалды. Бұл компьютерлер өтініш білдірген отбасыларға берілетін болады,- дейді Гүлсім Ақылбекқызы.
Ауданда қашықтықтан оқыту үдерісіне толықтай көшкен мектептердің бірі аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназиясы. Аталған білім ошағының директоры Элмира Әбілқызының айтуынша, мектеп-гимназия оқушыларды қашықтықтан оқытуға толыққанды дайындықпен кіріскен. 1423 оқушының 482-сі интернетке қосылған, компьютер, моноблок, ноутбуктары бар. 1423 оқушының 907-сінде планшет, смартфондары интернет желісіне қосылған. Ал аз қамтылған 93 отбасында мектепте білім алатын 201 бала бар. Олардың тек 17-сінде интернет болса, 31 отбасына моноблоктар мен компьютерлер уақытша пайдалануға берілген. Онлайн сабақтың алғашқы күні аталған №1 мектеп-гимназияда сәтті басталған.
Бақалы ауылындағы №44 Бақалы бастауыш мектебі күндізгі дәстүрлі білім беруді ары қарай жалғастырып отыр. Бүгінгі таңда бұл оқу ошағында 36 оқушы екі ауысыммен оқиды. Мектеп меңгерушісі Қарлығаш Садықованың сөзіне қарағанда, сабақтар кестеге сай өткізілуде. Балалардың денсаулығы мен сабақ үлгерімі жақсы. Біз екінші ауысымда оқып жатқан 3 және 4 сыныптың оқушыларының сабақ барысын арнайы барып көрдік. Сабақтардың уақыты 30 минуттан өткізілуде. Қоңырау уақыты 10 минуттан. Себебі, осы уақыт аралығында оқу кабинеттері мен мектеп дәлізі хлор ерітіндісімен мұқият жуылады екен. Мектеп оқушылары оқулықпен, оқу құралдарымен толықтай қамтамасыз етілген. Санитарлық тазалық жасау үшін арнайы материалдар аудандық білім бөлімінің тарапынан берілген.
«Көш жүре түзеледі» демекші, қашықтықтан оқыту үдерісінде бірқатар проблемалардың туындап отырғанын жасыра алмаймыз. Бұл мәселеге елдегі төтенше жағдай режимінде мемлекет тарапынан да көңіл бөлініп отыр. Бұл – ең алдымен балалардың қауіпсіздігі үшін жасалып отырған маңызды қадам. Қауіпті вирустың ел аумағында таралмауын терең ескерсек, бұл жағдайды да тереңнен түсінгеніміз абзал болмақ.