Денсаулық – зор байлық. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады. Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек» деп атап өткен болатын. Одан бөлек, Елбасы медициналық қызметтің сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналатынын да алға тартып отыр.
Осы орайда жылдағы дәстүр бойынша облыстық және аудандық орталық аурухана дәрігерлерінің қатысуымен «Денсаулық жолы-2019» акциясы биылғы жылы Ақтөбе ауылдық округінде өткізілді. Округтің орталығы Бәйтерек ауылындағы дәрігерлік амбулаториясынан Жаңаталап, Ақтөбе, Қызыларық, Сұрым, Теріс-Ащыбұлақ, Ақтоған, Күркіреусу, Алатау ауылдарының тұрғындары ем алады. Жалпы тұрғындардың саны 4263-ті құрайды.
«Денсаулық жолы» ұлттық бағдарламасының негізгі мақсаты – мөлшерлі тамақтану, артық тамақтануды шектеу, семіздік қаупін төмендету және жұқпалы емес аурулардың алдын алу үшін тұрғындарды саламатты өмір салты негіздеріне үйрету арқылы сақтау мен нығайту болып табылады. Ұлттық бағдарлама аясында терапевтік, кардиологиялық, эндокринологиялық, онкологиялық қызметтер мен саламатты өмір салтын қалыптастыру қызметінің мамандарын тарта отырып, жылжымалы медициналық кешеннің көмегімен шалғай ауылдарды қамтып отыр.
Бәйтерек ауылында өткен «Денсаулық жолы-2019» акциясы дәрігерлік амбулаторияның ауласында салтанатты түрде ашылды. Онда Ақтөбе ауылдық округі әкімі аппаратының бөлімше басшысы Ғалымжан Жақыпбеков, керуен жұмысын ұйымдастырушы «Зер Күміс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Лаура Төрежанова сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын акция аясында кеңес алуға және емделуге, белсенділік танытуға шақырды.
Акция аясында облыстық кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының кордиолог дәрігері Жанерке Бекбосынова, облыстық онкологиялық диспансерінің дәрігері Ерасыл Арапов, облыстық аурухананың невропатолог дәрігері Нұрдәулет Пашаев, сонымен бірге аудандық орталық аурухананың эндокринолог, окулист дәрігерлері Ләззат Әшірбекова, Шолпан Тастанбекова тұрғындарды қабылдап, кеңестер мен бағыт-бағдарлар берді.
Бәйтерек ауылының тұрғындары Анарқұл Пірназаров пен Алпамыс Мұхтарқұловты біраз уақыттан бері жүрек ауруы мазалайды екен. Олар «облыстық керуен келеді» деген хабарды естіп, осында кардиолог дәрігерге қаралуға келген екен. Сондай-ақ Баршагүл Анарбаева, Жасыгүл Алтаева да көзін тексертуге, қан қысымының деңгейін білуге осында келген беті екен. Оларға тиісінше керуенмен бірге келген дәрігерлер кеңестер беріп, ем-дом тағайындады. Облыстық аурухананың онкологиялық диспансерінің дәрігері Ерасыл Арапов, облыстық аурухананың невропатолог дәрігері Нұрдәулет Пашаевтың қабылдауына келген тұрғындардың да қарасы мол болды.
Акция барысында ем алушы тұрғындардың да пікірін білген едік. Ақтөбе ауылының тұрғыны, зейнеткер, «Алтын алқа» алқасының иегері Айзада Қалимергенова ауылдық амбулаторияның дәрігері Индира Момыноваға, сонымен бірге мекеме қызметкерлеріне, сонымен бірге облыстық керуеннің дәрігерлеріне алғысын білдіріп, осынау акциядан өзіне қажетті қызметтерге қол жеткізгенін айтты.
«Жамбылдықтар саламатты өмір салтын қолдайды!» ұранымен өткізіліп жатқан «Денсаулық жолы-2019» кең көлемді акциясы облыстың барлық аудандарын да аралайды. Айта кету керек, облыстық денсаулық керуенінің өтуіне «Зер Күміс» ЖШС-ның маманы Зағира Қалдарбекова, аудандық емхананың профилактикалық және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімінің әлеуметтік қызметкері Нұрсауле Ертаева, медбике Жансая Қанаева да атсалысып, тұрғындарға әдістемелік бүктеме қағаздар таратты.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»