Basty bet
Маңызды мәселелер назарға алынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады» деп атап көрсетілгені белгілі. Осы орайда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен облыс көлемінде қолға алынып, ауыл тұрғындарының, сонымен қатар, жергілікті жердегі түйінді мәселелерді шешуге атсалысуды көздеген көшпелі қоғамдық бақылау тобы аптаның бейсенбі күні Қызыларық ауылдық округіне барды. Айта кету керек, қоғамдық қабылдау тобының құрамы аудан әкімдігінің бірқатар бөлімдерінің басшылары мен жауапты мамандарынан, құқық қорғау, прокуратура органдарының өкілдерінен жасақталған.
Қоғамдық көшпелі қабылдауға аудан әкімі Н.Ергебеков, аудан прокурорының орынбасары Б.Қалыбаев, аудандық полиция бөлімінің жауапты мамандары, аудандық әкімдіктің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары мен жауапты мамандары тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Қызыларық ауылдық округінің орталығы Қызыларық ауылындағы округ әкімі аппаратының ауласында болған қабылдауға келген тұрғындардың қарасы мол болды. Атап айтар болсақ, Сұрым ауылы Сарымсақсай көшесінің тұрғыны Боранбек Керімбаев ауыл көшелеріне ауызсу тарту қажеттігін айтуға тұрғындардың атынан келген екен. Қарияның сұрағына аудан әкімі Нарбай Ергебеков толыққанды жауап берді.
-Биыл мемлекеттің қазынасынан қыруар қаражат бөлініп, ауданға қарасты 10-нан астам ауылға ауызсу құбырлары тартылуда. Бұл жұмыстардың бірқатары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының негізінде жүзеге асырылуда. Оның ішінде Қызыларық ауылдық округінен Теріс-Ащыбұлақ және Алатау ауылдары бар. Ал Сұрым ауылын таза ауызсумен қамту мәселесі жоспарда бар. Қазіргі таңда ауызсудың қоры зерттеліп, зерделену үстінде. Бұл жұмыстар оң қорытындысын берсе, алдағы жылдары ауызсудың құрылысын жүргізу үшін бюджетке сұраныс берілетін болады,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Қоғамдық көшпелі қабылдау барысында аудан әкіміне округтегі бірқатар шаруа қожалықтардың басшылары егістік жерлерді пайдаланудағы бірқатар кемшіліктерді, сонымен бірге жұмыс барысында туындап отырған басқа да мәселелермен қайырылды. Қабылдауда түскен осы және басқа да сұрақтарға аудан басшысы Нарбай Ергебеков жауап беріп, кейбірін жазып алып, тиісті әкімдік бөлімдерінің тарапынан бақылауға алынатындығын жеткізді. Ал аудан прокурорының орынбасары Болат Қалыбаев тұрғындарға құқықтық ақыл-кеңестер беріп, әр адамның Конституцияда көрсетілген өзінің заңды құқықтарын білуі қажеттігіне назар аударды.
Көшпелі қабылдауда жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов кеңес алуға келген тұрғындарға әлеуметтік және жұмыспен қамту мәселелерін заңдылық тұрғысынан жан-жақты түсіндіріп берді. Бөлім басшысы ауданда жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталып, жоба аясында «екі қолға бір күрек» тауып, сол арқылы отбасын да асырауға болатынын баса айтты. Ауызсумен жабдықтау, жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, жолаушылар тасымалына, сонымен қатар, жер пайдалануға байланысты қойылған сұрақтарға аудандық әкімдіктің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков, жер қатынастары бөлімінің бас маманы Нұрғайша Қоскелбаева тыңғылықты жауап берді.
Беттегі суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ