Basty bet

«Қар түскенде көпір жөндеу керек пе еді?»

дейді таулы өңірдің тұрғындары

Ұзындығы 62 шақырымды құрайтын облыстық мәндегі «Бауыржан Момышұлы-Қызтоған» автомобиль жолы таулы өңірдегі ауылдардың арасын жалғап жатқан бірден-бір қатынас жолы болып есептеледі. Жылдар бойы жөнделмей, шұрық-тесік болып, ағайынның титығына тиген осы жолдың бірқатар бөлігі биыл жазда орта жөндеуден өтіп, көліктердің кедергісіз, жайлы қатынауына жағдай жасалды. Бір әттеген-айы, жолға жауапты мекемелердің жолдың 34-ші шақырымындағы сайда орналасқан көпірді әбден қар түскенде жөндеуге кіріскені осындағы жұрттың орынды ренішін туғызып, алаң көңілді ағайын шырылдап бізге хабарласқан-ды.
Межелі жерге шұғыл жеткен біз жолдың көпір өтетін тұсы ені есік пен төрдей терең ор етіп қазылғанына, жолдың уақытша жанында жатқан терең сайға көшірілгеніне көз жеткіздік. Қазылған жердің табанында жалғыз дана «ХGMA» маркілі тиегіш әрі-бері қатынап, шөмішімен ойылған орға топырақ үйіп жүр.
Осында жүрген мердігер «Жол де люкс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшысы Нұргелді Қойлыбаевты сөзге тартқанымызда, ол көпір жөндеу жұмыстарының басталғанына бір аптаның жүзі болғанын айтты. Көпірдің жөнделуіне бір себеп, оның бетін жауып тұрған сегіз темірбетон плитаның шытынап, іргесі сөгілуінен судың ақпай қалу қаупі болғанға ұқсайды. Жолды тегістеп шығу үшін орға одан аршылған қыруар топырақ қайта үйіліп, таптағышпен тапталуы, қос қапталы бетонмен шегенделуі тиіс. Орды қазған экскаватор бұзылып қалыпты. Топырақ таптайтын таптағыш бергі жағада жол үстінде қаңтарылып, бос тұр. Ал жалғыз тиегіштің шабан қимылымен бұл шаруа қашан атқарылып болады?
Бізге телефон шалған тұрғындардың шырқырауы негізсіз емес екен. Сайдың табаны арқылы өтіп жатқан жалғыз аяқ сүрлеу Ленинград құрсауы тұсындағы Ладога көлінің үстіндегі мұзға салынған «өмір жолын» көзге елестетеді. Өйткені, сайдың арғы басындағы жалғыз аяқ сүрлеуге түскен көлік бергі қабақтағы көз қиырындағы көлік өтіп болғанға дейін оны «жағада» күтіп тұрады.
Бергі қабақтан сайдың арғы басына әлгінде түскен, шанағына толтырып тайланған шөп тиеп алған «ГАЗ-53» жүк машинасының қимылын бағып тұрмыз. Еңістен шығаберіс беткейде қатты ышқынған машина доңғалақтары балшықпен тайып, шанағы екі қапталға теңселіп, бір орнында тұрып қалды. Тұрған орнынан кері кетіп, бар күшін жинап, беткейден шығып кетуге тағы бір әрекеттенді. Бұл жолы да ол амалынан ештеңе шықпады. Жүргізуші кабинадан түсіп, сүрлеудің табанына құм тастап, көлігін сайдың бел ортасына дейін кері жіберіп, үшінші мәрте бар пәрменімен алға ұмтылды.
Сайдың табанынан осылай әупіріммен шыққан жүк машинасының жүргізушісін тоқтатып, жөн сұрадық. Мейрамбек Рысбаев Қарасаздан Ертай ауылынан шөп әкелуге шығыпты. Ол көпір тез арада жөнделіп бітпесе, сайдың табанына салынған сүрлеу жауған қармен балшық болып, езіліп, көліктің түсіп-шығуы мұң болатынын айтты. Ертай ауылының тұрғындары Нұридин Борашев пен Абай Ізтұрған жолдың көліктерге қолайсыздық туғызғанына ренішін білдіріп, сайдың бергі басында қарсы кезіккен көлік жүргізушісінің «арғы бетке өте аламын ба?» деп сұрағанын айтады.
– Қыстың қылышын сүйретіп жеткені мынау, ал жолға жауапты мекеменің оны ескермей, көпір жөндеуді қолға алғаны қай сасқаны? Таулы өңірдегі ауа-райын кісі болжап болмайды, айтқандай, Құдайдың күні әзірге қарасып тұр. Ал қарлы бұрқасын соғып, жұмысты мүлдем тоқтатып тастаса, не болмақ? Дегенмен, ала жаздай тұрған көпірді дәл осындай қысылтаяңда жөндеудің не керегі бар еді? Қысты өткізіп, күн жылына бастаса, болмас па еді? – дейді жүргізушілер.

Абылайхан СӘРСЕН.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close