ÁdebıetBasty bet

ЖАСАЙ БЕР, «ЖАҢА ӨМІР»!

Балалық шақ кім-кімнің де қимастықпен, сағына еске алатын ғажап кезі. Зердесі айнадай, басынан өткізген айрықша оқиғаларының бәрі сол күйі сақталып қалады. Өз басым өмірімде алғашқы мақаламның астына аты-жөнімнің тасқа басылып шыққанын әлі күнге дейін ұмыта алмаймын. Ол аудандық «Жаңа өмір» газетінде бала тәрбиесіне байланысты жазылған үлкен материалға үн қосуымыз болатын. Сонда өзіміз 9-шы класта оқимыз. Алпысбай екеумізге автордың әлгі мақаласы қатты әсер етіп, өз ой-пікірімізді ақ қағазға түсіріп, редакцияға хатпен жөнелте салғанбыз. Артынша-ақ біз секілді лебіз білдірген оқырман хаттарының арасында жарқ ете қалды. Мен тақырыпсыз жіберген едім. Сондағы ағалардың қайсысы болса да рақмет, «Көп талқысы – тез деген» деп, тіпті жазбамды жарқыратып жіберіпті. Оқығаннан кейін көңілім алып ұшты. Мені бүкіл ауыл, күллі әлем білетіндей қуаныш күйіне бөленіп, велосипедіммен көшенің ана басынан мына шетіне дейін, одан кейін қарай және жүйткіте зымыратып едім-ау!..

Қайран балалық сезім… Онда қандай таза едік. Қуансақ, осы, ынты-шынтымызбен шын қуанатынбыз. Сондай қуанышымызды әлгі материал жарық көрген күннің ертесінде мектебіміздің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Николай Михайлович Меркеевич тіпті еселеп жіберген. Түске дейін оқитын жоғарғы класс оқушылары мен оларға білім беретін ұстаздарды үлкен үзілісте спорт залға жинап, Алпысбай екеумізді бәрінің алдына шығарып, ал кеп мақтасын! «Сендерге балалар тәрбиесіне байланысты газет пікірталасына атсалысып, мектебіміздің атын шығарғандарың үшін ұстаздар ұжымы атынан алғыс айтамын!», – деді.
Сөйтіп, менің журналистік мамандыққа талпыныстан туған алғашқы тырнақалды мақалам ұлағатты ұстаздарымның алғысынан басталып еді.
Енді Алпысбай досыма келсем, оның жөні бөлек. Ақиқатын айтқанда, мен оған еліктедім. Өйткені, ол сол уақыттың өзінде республикалық деңгейдегі, жүздеген мың таралыммен шығатын «Қазақстан пионері» газеті мен «Балдырған» журналы арқылы көзі қарақты елге тәп-тәуір-ақ танылып қалған болатын. Аудандық, облыстық газеттерде әңгіме, өлеңдері, мектеп, ауыл өміріне қатысты, еңбек озаттары туралы үлкенді-кішілі материалдары апта сайын жарық көретін. Осындай танымалдығы арқасында Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің жолдамасымен Қырымдағы Бүкілодақтық «Артек» пионер лагерінде бір ай демалып келген.
Сол уақытта ауданымыздағы әр мектепте Алпаң екеуміз сияқты қаламға құштар, жастары қатарлас, қарайлас оқушылар аз емес еді. Қазір өзгерді, сондағы атауларымен еске алсам: Октябрьдің 40 жылдығы атындағы орта мектептен Мырзахан Ахметов пен Мұсабек Жарқынбеков, Кременевка орта мектебінен Толымбек Әлімбеков пен Талғат Сүйінбаев, Билікөлден Рәтбек Беркімбаев, Абай атындағы орта мектептен Алпысбай екеуміз, Ясная поляна мектебінен Қамысбай Сауқымов бар, кейін солармен араластық, танысып-білістік. Айтуларынша, бәрімізде күнделікті келетін почтаны асыға күтеді екенбіз. Кітапханадағы газет тігінділерін ақтарып, құныға оқыппыз. Арасында сүйікті «Жаңа өміріміз» де болған. Оның редакторы Әбдіғапар Айтоқов ағамыз. Қызметкерлері Амангелді Ормантаев, Шыңғыс Қонысбаев, Адай Дүйсенбаев, Әбдібек Қоңырбеков, Карл Кистер, Ораз Елшібаев, Мырзай Нұрабаев, Николай Вершинин, Константин Цайзер, Артур Нэ, Жамбыл Шоқыбасов. Бұлар газеттің жетпісінші жылдардағы қызметкерлері. Бертінде осы топқа Талдыбұлақ сегізжылдық мектебінде мұғалім болып қызмет істеген Қасым Әзімханов ағамыз қосылды. Қызметін әдеттегідей редакцияға жұмысқа алғаш тұрғандардың дәстүрімен корректорлықтан бастады. Бірақ біз үшін ол да үлкен орын еді-ау! Шынымды айтсам, сол жұмысқа жете алмағаныма өкінген сәттерім де болған…
Ол бір керемет кезең еді. Газеттің рөлі зор. Журналистер елдің ең құрметтісі саналады. Басқарушы билік оларды партияның алтын қоры, солдаты дейтін. Әрбір сын мақаланы назарда ұстайды. Қиналып, қиянат көрген кісілер редакцияларға хат жазады, әдейілеп барады. Қалам қайраткерлері қай кезде де ашынған, әлімжеттік жағдайдың зардабын тартқан елдің жағында. Жазғандары басылым бетіне шықса болды, ол бойынша тексеретіндерден де, тергейтіндерден де маза кетеді. Ол атқарылатын істің бір жағы десек, екінші, қоғам, мемлекет, ел үшін де ең пайдалы жағы – адал да абыройлы еңбекті насихаттайды. Журналистер қашан да қыз-қыз қайнаған, қысы-жазы бір тынбай тоқтаусыз жүретін науқандық жұмыстардың басы-қасынан табылады. Сол бір салтанат құрған социализм дәуірінде «Жаңа өмір», «Новая жизнь» газеттері үкімет пен партия алға қойған өз міндеттерін ақ-адал, биік деңгейде жоғары жауапкершілікпен атқарды. Аудан өмірінің нағыз айнасы бола білді. Шаруашылықтың қай саласын да, мәдениет пен оқу-білімді, әдебиет пен өнерді, қоғамдық, бұқаралық спортты дамытуға айрықша үлес қосты. Нәтижесінде, ауылдарымыз көркейді, қырмандарымыз тау-тау астыққа толды, халқы көп оқитын, рухани деңгейі өскен өрелі ауданға айналды. Әр ауылда елдің денсаулығын әрдайым назарда ұстап, қадағалайтын медицина мекемелері қызмет көрсетті, білікті дәрігерлер көбейді. «Қызғалдақ» ансамблінің даңқы дүрілдеді. Аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Қуат Иманбековтің қолдауына сүйенген өнерпаз жастар ұжымы драмалық шығармаларды сахналап, ауыл-ауылды аралады, өнерлерін көрсету үшін Мәскеуге дейін барып қайтты. «Халық театры» деген құрметті атаққа ие болды. Міне, осы театрдың бас режиссері Жексен Досмырзаевтың жазуға бейім, ықыласы зор еді. Кейін «Жаңа өмірде» де біраз жыл жемісті қызмет істеп, сан түрлі тақырыптарда материалдар жазып, басылым тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Негізін «Таусағыз» деген атпен бастаған аудандық газетімізде талантты кісілер көп болатын. Атағы әлемге әйгілі батырымыз Баукеңнің ұлы Бақытжан Момышұлы да әуелгі шығармашылық еңбек жолын осы редакциядан бастағаны белгілі. Біздің бала кезімізде (60-шы жылдары) Данияр Ниетбаевтың да ұжымның белді мүшесі болғанын жақсы білеміз. Есімі кеңінен таныла бастаған жақсы ақын болатын. Қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі Қуандық Шаңғытбаевтың назарына ілініп, бір топ өлеңі сол кісінің алғы сөзімен «Мәдениет және тұрмыс» журналында басылған. Болашағынан үлкен үміт күтемін деген ойлар бар еді онда. Бірақ, жастық сезім, алаулы махаббаттың өртіне шалынып өз өміріне қиянат жасап, айықпас ауруға ұшырап, соның салдарынан ерте кетіп қалды. Солай екенін студенттік кезімде редакцияда бүкіл саналы ғұмырын өткізіп, Даниярмен қоян-қолтық араласып, бірге қызмет еткен Икрамбай Тұрғынбеков ағадан сұрап біліп, айлар бойы А.С.Пушкин атындағы республикалық кітапхананың мерзімдік басылымдар залында сарылып отырып, ол кісі қызмет істеген Жуалы, Жамбыл аудандық газеттері мен облыстық «Еңбек туының» тігінділерін ақтарып, өлеңдерін іздеп тауып, жалықпай жинадым. Осыдан он шақты жыл бұрын алғы сөзін жазып, кітап етіп шығарып, Даниярдың туып-өскен Талас ауданы, Майтөбе ауылындағы клубта тұсаукесерін жасап, жерлестерімен қайта қауыштырып едім. Мен мұны сондай айтулы азаматтың да өзіміздің сүйікті газетімізде жұмыс істегенін басқалардың қаперіне сала кетейін деген оймен еске түсірдім, құрметті оқырман.
Жуалы деген киелі өңірде туып-өсіп, қасиетті қаламды айнымас серік еткен жерлес аға-апаларымның да, бізден кейінгілердің де аудандық газетті айналып өткені жоқ. Жиырмаға жетер-жетпес шағында роман жазған Әміртай Бөриев те ауылға жолы түскен сайын редакцияға соғып кететінін талай рет өз аузынан естігенмін. «Бауыржан Үсенов сонда қызмет істейді екен» деді бірде. Әттең, Бауыржан ініміздің өмірі қысқа болды, әйтпесе сегіз қырлы, бір сырлы жігіт сұлу да сырбаз серінің нақ өзі еді! Аз ғұмырында айшықты із қалдырды, жырдан сарай салып жүрген талайларды тәнті етіп кетті. Сол секілді, мен бүгін журналистикада берерін беріп үлгермеген Талғар Сейталиев, Баймахан Әлімбеков деген інілерімнен де мезгілсіз көз жазып қалғанымды қамыға еске аламын. «Жаңа өмір» олар үшін үлкен шығармашылық мектебіне айналған қымбат та қимас басылым болғаны сөзсіз.
Міне, осы газеттің отымен кіріп, күлімен шыққан, жап-жас кезінде табалдырығын аттап, шашын ақ қырау шалғанша кетпей, мәнді де сәнді тірлік кешкен Амангелді Ормантаев ағамыздың жазу мәнеріне кішкене кезімізден қызығып өстік. Бет-бет болып нөмірден нөмірге жалғасатын очерктері қандай еді, шіркін! Астықты алқаптан, жем-шөп дайындау екпін алған шаруашылықтардан жазған репортаждары, еңбек озаттары өмірінен сыр шертетін портреттік мақалалары, суреттеме, әңгімелері ше?! Төгілген тілі де баурайтын, формалық ізденістері де керемет еді.
Менің ауылым аудан орталығынан алпыс шақырымдай жерде. Тура үйіміздің жоғарғы жағында колхоз қырманы тау-тау болып үйілген астыққа сыймай жататын. Элеваторға қарай бидай артқан автомашиналар керуені ай бойы үзілмейді. Шаруашылығымыздың атын аспандатқан Жұрымбай Медетовтың еңбегі енді жанып, мақтауы аса бастаған тұс. Оған дейін әбден қарызға батып, тұралаған колхоз екен. Шешем қырманның қарауылы еді. Бір күні арайлы күн көкжиектен енді ғана күлімдей көтеріліп келе жатқанда шашы қап-қара, әдемі киінген орта бойлы жігіт сонда келді. Газет тілшісімін деді. Алайда аты-жөнін айтпады. Бертінде білдім ғой, таң азаннан келіп жүрген сол жігіт Амангелді ағамыз екен. Өте ізденімпаз, еңбекқор, шығармашылық қарымы мықты журналист болатын. Егер қызмет істесе, кез келген республикалық газеттің-ақ мылтық журналисі болатын еді. «Әттең» дейміз ғой тағы да. Жағдайы солай болды ма, әйтеуір аудан шеңберінен алысқа ұзай алмады. Алайда жазушылық қырын танытатын әңгіме, повестер жазды. Бауыржан атамыз жөнінде жұрт қызығып оқитын деректі дүниелер қалдырды. Ол жазғандары кітап болып қолға тиді де.
– Әбекең бәріміздің өнеге алған ұстазымыз еді-ау! – дейді «Жаңа өмірде» корректор, тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, одан өсіп жауапты хатшы болып 5-6 жыл жұмыс істеп, «Лениншіл жаста», «Социалистік Қазақстанда» жауапты қызметтер жасап, «Заң газетінде» бас редактор секілді үлкен міндеттерді мінсіз атқарған Қасым Әзімханов ағамыз.
Иә, аудандық газетімізді осылай сөз ете қалсақ, Жуалының кәусәр ауасын жұтып, мөлдір суын қанып ішіп, мектеп бітіргеннен кейін арман қуып алысқа кеткен Рахымбай Сатаев, Манап Бөлекбаев, Жаңабек Тоқпанов, Бектұрсын Тұрлыбеков бастап (бұл төрт ағамыз да бақилық болып кетті), Жақсылық Жүнісов, Мақұлбек Рысдәулетов, Доқтырхан Тұрлыбеков ағаларым қостап, көп жыл осы газетті басқарған Мырзахан Ахметов пен Толымбек Әлімбекұлы, Талғат Сүйінбаев, Дәулет Төлепбергенов, Қажымұқан Мырзабеков және арамыздағы жалғыз қыз Гүлжәмилә Райымбекова іліп әкетіп, бір жасап қалушы едік. Сол сырлы сезім, кіршіксіз ойымызға қылаудай көлеңке, сызат түскен жоқ. Олай болуы әсте мүмкін де емес! Сондықтан да газетіміздің 85-жылдық мерейтойы қарсаңында сөз өнерінің сардары болып жүргендердің бәрі-бәрінің атынан «Жасай бер, жайнай бер «Жаңа өмір»!» дегім келеді.

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
публицист-жазушы, «Ұлт қайраткері» медалінің иегері,
Жуалы ауданының Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close