Basty bet

Арманға айналған он соттық …

бүгінде өңірде 2 714 тұрғын жер кезегін күтіп отыр

Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі – жергілікті атқарушы билік пен халықтың арасында барынша ашықтықтың болуы. Әсіресе, жер теліміне кезекке қою, электрондық кезек қалыптастыру және жылжыту мәселелері әркімге қолжетімді әрі ашық болуы шарт.

Статистикалық мәліметтерге қарағанда, бүгінде республикада 1 млн. 200 мыңнан астам адам жер кезегінде тұр. Жалпы, баспанамен қамтамасыз ету және тұрғын үй салуға берілетін жер телімдеріне инженерлік инфрақұрылым жүргізу төңірегіндегі барлық жұмыстар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуда. Ал, бұл бағдарлама біздің ауданда қалай жүзеге асуда?
Бүгінде өңірлерде жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін азаматтарды кезекке қою, оны жылжыту жергілікті атқарушы органдардың құзырында.
Аудан әкімдігі сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің мәліметіне қарағанда, бүгінде өңірде 2 714 тұрғын жер кезегін күтіп отыр. Олардың алды тұрғын үй салуға жер телімін алу үшін осыдан он екі жыл бұрын тіркеліп қойғандар. Арманға айналған он соттық жерді алуға өтініш білдіргендердің ең көбі әрі жалпы тізімнің жартысына жуығы аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылына тиесілі. Бұл түсінікті де. Өйткені, шалғай ауылдардан жұмыс бабымен орталыққа келіп, келешегін осы ауылмен байланыстырғысы келетін жастар тым көп-ақ. Бәрін қинайтыны – баспана мәселесі.
Сонымен бүгінде Бауыржан Момышұлы ауылында 1 528, Ақсай ауылдық округінде 228 адам, Мыңбұлақ ауылдық округінде 241 адам, Көкбастау ауылдық округінде 300 адам, Нұрлыкент ауылдық округінде 315 адам, Шақпақ ауылдық округінде 102 адам тіркелген. Тұрғын үй құрылысын жүргізуге жер телімін сұрағандар күннен-күнге өсуде.
Дегенмен, бұл ауданда осы бағытта жұмыстар мүлдем жүргізіліп жатқан жоқ дегенді білдірмесе керек. Жоғарыда айтқанымыздай, өз кезегінде «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында бірқатар шаруалар атқарылуда. Мәселен, аудан орталығының аумағын оңтүстік-шығысқа қарай кеңейтуді көздейтін «Көктөбе» жаңа тұрғын алабының инженерлік инфрақұрылымы құрылысы қызу жүргізілді. Яғни, электрмен жабдықтау, су жүргізу, тас жолдарын салу шаруалары толықтай атқарылып, жер телімдері таяу уақытта тұрғындардың игілігіне тапсырылуы қажет.
Жалпы, тұрғын үй мен жер мәселесі бойынша аудан орталығында атқарылып жатқан шаруа осындай болса, ауылдық жерлерде де жер телімдерін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету шаралары қолға алынуда. Бағдарламаның аудан аумағында іске асырылуы барысында Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Көктөбе» жаңа тұрғын алабын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен (электр жарығы, ауыз су, газ, автомобиль жолдары) қамтамасыз ету жұмыстары 2018 жылы басталып, өткен жылы пайдалануға берілді. Бұл өз кезегінде, Бауыржан Момышұлы ауылындағы кезекте тұрған 1528 адамның 170-сін тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімімен қамтамасыз етуге, әкімшілік және әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, Көкбастау ауылдық округінің Теріс ауылындағы жаңа тұрғын алабында темір бетонды тіректер – 114 дана, 10 кВ әуе желісінің ұзындығы 318 метрді, 0,4 кВ әуе желісінің ұзындығы 2,296 шақырымды, 0,4 кВ КЖ ұзындығы 278 метрді, осы округтің Қосбөлтек ауылындағы жаңа тұрғын алабында темір бетонды тіректер – 93 дана, 10 кВ әуе желісінің ұзындығы 908 метрді, 0,4 кВ әуе желісінің ұзындығы 2,561 шақырымды және Нұрлыкент ауылдық округінің Нұрлыкент ауылындағы тұрғын алабындағы темір бетонды тіректер – 128 дана, 10 кВ әуе желісінің ұзындығы 0,344 шақырымды, 0,4 кВ әуе желісінің ұзындығы 2,502 шақырымды құрайтын инженерлік инфрақұрылымның (электр жүйесімен) құрылысы қамтамасыз етілді.
Нәтижесінде Көкбастау ауылдық округі Теріс ауылындағы жаңа тұрғын алабының 58, Қосбөлтек ауылындағы жаңа тұрғын алабының 59 және Нұрлыкент ауылындағы жаңа тұрғын алаптың 63 жер телімі электр жүйесімен қамтамасыз етілді.
Одан бөлек, өткен жылы Жуалы ауданының жеке тұрғын үй құрылысын 2022 жылға дейін дамыту картасына сәйкес жалпы алаңы 86,7 га (Б.Момышұлы ауылынан 36,7 га, Көкбастау ауылдық округінен 30 га, Ақсай ауылдық округінен 10 га, Нұрлыкент ауылдық округі 10 га) құрайтын жаңа жер телімдері тұрғын алаптарын газбен және ауыз сумен қамтамасыз етуге жоба-сметалық құжаттамалары әзірленген.
2020 жылы жоғарыда аталған алқаптардың жобаларын ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өткізіп, құрылыс жұмыстарын 2021 жылы іске асыру жоспарланған. Аталған жоспар орындалған жағдайда 463 жер телімін инженерлік-коммуналдық инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етіледі.
– Мемлекеттік бағдарлама аясында өңірде көп қабатты тұрғын үйлер құрылысын дамыту жобалары да қарастырылған. Мәселен, өткен жылы Бауыржан Момышұлы ауылының орталық арухана аумағындағы бұрынғы бақтың орнына 18 пәтерлік үш қабатты тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленген. Жобалау-сметалық құжаттамасын сарапшы «Экспертиза Плюс» ЖШС мекемесі қарап, кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізді. Сараптама қорытындысының оң нәтижесі алынып, құрылыс жұмыстарын 2021 жылы жүргізу үшін облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім берілді, – дейді аудан әкімдігі сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сауырбаев.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close