Basty bet
Ата ұлағатын ұрпақтары ұмытпайды
1942 жылы бұрынғы Кеңес ауылынан Ұлы Отан соғысына аттанып, бір қолынан айырылып, басқа да жарақаттар алып 1943 жылы елге оралған атамыздың бірі Шыршынбай Байсеркеев болатын. Атамыз соғыста пулеметші болған екен. Біз бір ауылда тұрдық. Шыршынбай атамыздың төрт ұл, екі қызы болатын. Осы ұрпағынан бүгінде 27 немере, 48 шөбере тараған.
Өздеріңізге белгілі, соғыстан кейінгі жылдары колхоз жұмыстарының барлығы ешбір техникасыз, адамның күшімен атқарылатын болған. Колхозда істеген жұмысқа ешқандай ақы төленбейтін онда. Тек жыл соңында еңбеккүн көлеміне байланысты арзымайтын астық берілген. Ал, енді, өздеріңіз ойлап қараңыздар. Он екі мүшесі түгел, дені сау адамдардың өзіне сол тұста отбасын асырау қиын болған. Атамыздың әйелі Пәтима апамыздың денсаулығы да мықты емес еді, колхоздың жұмысына жарамайтын.
Міне, осындай тұрмыс жағдайында Шыршынбай атамызға бейбіт күнде еңбекпен ерлік көрсетуге тура келді. Жас балаларын асырап, оқыту жаралы майдангердің мойнына түсті. Бірақ ол кісі ешбір қиындыққа мойымай, ұл-қыздарын ешкімнен кем қылмай өсіріп, оқытып, барлығына жоғары білім әперді. Атамыз бен апамыз армандарына жетті десем де болады.
Шыршынбай Байсеркеұлы 1985 жылы 75 жасында өмірден озды. Мен ол кісінің бір қолымен қалай шөп шапқанын да көргенмін. Қолы жоқ иықтан қайыс белдікті беліне қиғаш байлап, орақ сабының жоғары жағын белдіктің астына жіберіп, жалғыз қолымен-ақ шөп шабушы еді. Оны жалғыз өзі, жалғыз қолмен есек арбаға артып, арқанын тартып, тасып жүргені әлі де көз алдымда. Бір қапшық бидайды қара есегіне қалай артатынын білмеймін. Бидай орағы кезінде комбайннан қалған қалдық арпа-бидайды есегіне артып, үстіне тонын жайып, мініп келе жатқанын көріп, таң қалатынбыз.
Атамыз бен апамыз ауылда ешкім асырап көрмеген қоянды да өсірді. Үйінің артынан жертөле қазып, қояндарды сонда жіберіпті. Ол кезде жер кең, қоршау жоқ, көше бойы әр үйдің шарбағында жайылып жүретін. Өздігінен-өзі тез өсетін жануар екен. Сөйтіп, ол кісілер балаларын қоянның дәмді етімен қамтамасыз ететін.
Бұл кісілердің өткен өмір жолы бәрімізге үлгі деп білемін. Атамыздың төккен маңдай терін бүгіндері ұл-қыздары ақтап жүрген жайы бар. Бәрі қазір үлгілі отбасы. Жастайынан еңбекқор, біреудің ала жібін аттамайтын адал болып өсті. Үлкен қызы Әдиша әпкемізді бәріміз құрметтейміз, сыйлаймыз. Ұлдың үлкені Әлімқұл – менің құрдасым әрі әріптесім. Өте байсалды, сабырлы жігіт. Өмір бойы есеп-қисаптың қызметін абыроймен атқарып, зейнетке шықты.
Міне, бүгін Шыршынбай атаның балалары әкелеріне ел ортасында еңселі ескерткіш көтерді. Оған ауыл тұрғындары да дән риза. Атамыздың әруағы разы болып, рухы әрдайым үрім-бұтағын қолдап жүрсін дегім келеді.
Кәрібай Құрмашев,
қаржы саласының ардагері.
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы