Basty bet
Ғасырға бергісіз ұлы істер жылнамасы
1994 жыл
Тәуелсіз Қазақстанның спорт саласы бірден қызу қарқынмен дами бастады. Жекелеген спортшылар мен командалар федерацияларға, ассоциацияларға және одақтарға бірігіп, ұлттық біріншіліктерде және спорттың әртүрлі түрінен өткен жарыстарға қатысты.
Қазақстандық спортшылар бастапқыда ТМД-ның біріккен құрамасы сапында өнер көрсетіп жүрді.
1994 жылғы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен Қысқы олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар тұңғыш рет өз мемлекетінің туы астында өнер көрсетті. Сол жолы тұңғыш рет Владимир Смирновтың жеңісі құрметіне олимпиада тарихында Қазақстанның мемлекеттік Әнұраны орындалды. Біздің көрнекті шаңғышымыз 50 шақырым қашықтықтағы алтын жүлдемен қоса, 10 және 15 шақырымда екі күміс медаль иеленді.
Қазан айында Жапонияның Хиросима қаласында өткізілген Азия ойындары қазақстандық спортшылар үшін жеңіспен аяқталды. Ресми емес командалық есепте біздің құрама 25 алтын, 26 күміс және 26 қола медаль жеңіп алып, төртінші орыннан көрінді.
Халықаралық жарыстарға қатысып, жеке және командалық табыстарға кенелген Қазақстанның үздік спортшылары өз елінің мәртебесін абыроймен қорғады. Олардың жеңістері бүкіл әлемнің назарын саясатта ғана емес, сондай-ақ әлемнің спорттық картасында да елеулі орынға көтерілген жаңа тәуелсіз елге аударды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қазақстандық сыртқы саясаттың ең байыпты мазмұны – заманауи дипломатия мен өткен тарих арасындағы байланысты түсінуі болды. Алғашқы күндерден бастап барлық елдермен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға әзірлігін және ниеттілігін білдірді. Бұл ұстаным өзгеріссіз қалды.
Қазақстан алыс-жақын елдермен өзара сенімге негіздеген байланыстарды дамытуға кірісті. Қазақ елі үшін қашанда Ресеймен қарым-қатынас басым бағытқа ие. Екі ел арасындағы көпқырлы әріптестік пен тығыз байланыс ортақ тарихтың көп жылғы дәстүріне негізделген, арада әлемдегі ең ұзын шекара сызығы, тығыз экономикалық және адами байланыстар, мәдени-гуманитариялық жақындығы бар.
Наурыз айында ҚР Президентінің Ресейге жасаған ресми сапары Қазақстан-Ресей қарым-қатынастары дамуының маңызды белесі болды. Оның қорытындысы бойынша 22 құжатқа, соның ішінде Экономикалық әріптестік және интеграцияны одан әрі тереңдету келісіміне, Ресейде тұрақты тұратын қазақстандықтардың, Қазақстандағы ресейліктердің азаматтық және құқықтық мәртебесі туралы меморандумға, Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану туралы келісімге қол қойылды.
Наурыз айында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбританияға жасаған сапары барысында екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастық туралы бірнеше құжатқа қол қойылды.
Түрік Республикасы Қазақстан тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған мемлекет әрі Қазақстан үшін маңызды аймақтық әріптес.
Қазан айында ҚР Президентінің осы бауырлас елге жасаған алғашқы ресми сапары екіжақты қарым-қатынастарды анағұрлым жоғары деңгейге шығарды. Елдің жаңа Президенті Сүлейман Демирелмен және премьер-министр Тансу Чиллермен достық және әріптестік туралы келісімге қол қойылды.
ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың
«Тәуелсіздік дәуірі»
кітабынан